Биыл Ұлытау облысында 27 медициналық нысан ашылады деп күтілуде. Оның 12-сі фельдшерлік-акушерлік пункт пен 12-сі медициналық пункт. Сондай-ақ, Ұлытау ауданында аурухана мен емхана және Сәтбаев қаласында травматологиялық пункт, Жезқазғанда инсульт орталығы ашылады.
Алайда, кейбір мердігер компаниялардың жауапсыздығы салдарынан кейбір денсаулық сақтау нысандарының құрылысы тоқтап тұр. Мәселен, 2023 жылы облыс бойынша 10 фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы басталды. Оның ішінде 5 ФАП «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы шеңберінде салынса, біреуі жеке инвестор есебінен, 4 ФАП «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша басталды.
Осы жоғарыда көрсетілген 4 ФАП Ұлытау ауданында (Байқоңыр, Терісаққан, Мибұлақ, Қоскөл) басталып, мердігер «Altyn LTD» ЖШС тарапынан құрылысқа сапасыз материалдарды қолданылғаны анықталды. Осыған байланысты құрылыс-монтаж жұмыстары уақтылы орындалмай, келісімшарт бұзылды. Қазіргі таңда, мердігерді жосықсыз деп тану туралы сот жүргізілуде.
Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы қалған жұмыс көлемін аяқтау үшін конкурс жариялап, нысанды мамырдың соңына дейін аяқтауды тапсырды. Облыс басшысы, сондай-ақ, салынып жатқан денсаулық сақтау нысандарының басты мақсаты – халыққа қызмет көрсету екенін жеткізді.
– Ол үшін бірінші кезекте дәрігер тапшылығы мәселесін шешуді тапсырамын. Бұл мақсатта тиісті қаржы да бөлінген. Құрылысы аяқталып, толық жабдықталған ғимаратты алдымен сапалы, жоғары санатты кадрлармен қамтамасыз ету қажет, – деді облыс әкімі өз сөзінде.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.