«КәсіпҚорған» кәсіподағы мен «Jastar Bolashaq» Жастар одағы бірлесіп биыл үшінші мәрте «Қазақмыс» еңбеккерлерінің арасында жазғы спартакиада ұйымдастырды. Оның аясында бірнеше спорттық жарыстар өтті.
Жақында суда жүзуден «мен мықтымын» дегендер Сәтбаев қаласындағы спорттық-сауықтыру кешенінде жарыс жолында бақ сынады. Ұйымдастырушы тарап жарысқа келген қатысушыларға барлық жағдайды жасап, барынша қолдау көрсетсе, арнайы құрылған төрешілер алқасы суда жүзуден шеберлерді анықтады. Ерлер мен әйелдер арасында өткен жарысты тамашалаушылар да бар өнерін салуға тырысқан қатысушыларға демеу болды.
Жылдамдық пен ептілік сынға түскен жарыстың қорытындысында ерлер арасында үшінші орынды «Батыс» кенішінен Саят Әбдіқалықов иеленсе, екіні орынның жүлдесі жылу, энергетика кәсіпорнынан Николай Барбудың еншісіне тиді. Ал, Жомарт кешінің намысын қорғаған Абылайхан Айтжанұлы жеңімпаз атанды.
Әйелдер арасында жылу, энергетика кәсіпорнынан Анастасия Ан үшінші орынға тұрақтаса, «Қорғау қызметі» ЖШС Жезқазған филалынан Айгерім Назымбетов екінші орынға ие болды. Жезқазған байыту фабрикасынан Әсел Ғаббасова топ жарып, бірінші орынға ие болды.
Бағдат АЙТӨРЕҰЛЫ.