Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы берген ақпаратқа сүйеніп айтар болсақ, биыл өңірде 120 мың шаршы метрді құрайтын 28 көпқабатты тұрғын үй құрылысы жоспарланған. Бұл нысандар пайдалануға берілген күні облыста 1812 жәңа пәтердің кілті өз иелеріне тапсырылатын болады.
Тұрғын үй құрылысын қаржыландыру көздері де әр алуан. Мәселен, 14 көпқабатты тұрғын үй республикалық бюджет қаражаты есебінен салынса, Жезқазған өңірінде 4 үй, Сәтбаев қаласында 2 тұрғын үй жеке құрылыс салушылардың қаржысына бой көтеруде.
Орайы келгенде айта кетейік, облыс бойынша 5000-нан астам адам тұрғын үйге кезекте тұр екен. Оларды баспанамен қамтамасыз ету үшін қалалық және республикалық бюджеттен қаржы сұралып жатыр. Республикалық бюджеттен 7 несиелік үй салуға өтінім өткізіп те қойылған. Одан бөлек жеке кәсіпкерлер де тұрғын үй салып, өңірдегі баспана мәселесінің оңтайлы шешілуіне өздерінің сүбелі үлестерін қосуда.
Қолымызға түскен ақпаратқа қарағанда, облыс тұрғындарын тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында Жезқазған қаласында Алашахан және Гагарин көшелерінде 298 пәтерлі 6 тұрғын үй салынбақ. Ал Сәтбаев қаласында Шаталюк, Құнанбаев және Тәуелсіздік көшелерінде 3 тұрғын үй құрылысы басталған.
Сонымен қатар, аудандарда да тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Атап
айтқанда, Жаңаарқа ауданында келесі жылға дейін 5 тұрғын үй құрылысы аяқталып, 228 пәтердің кілті табысталмақ.
Президенттің тапсырмасына сәйкес орталық мемлекеттік және құқық қорғау органдарының бөлімшелеріне орналастырылған мемлекеттік қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін облыста ҚР Үкіметінің резерві есебінен 11 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын бастау да жоспарланған. Бұл мақсаттағы екі үйдің құрылысы басталып та кетіпті. 7 үйдің құжаты сараптамадан өткен. Қазір 4 үйдің құжаттары сараптамада
жатыр.
Айтпақшы, Жезқазған қаласының Батыс ауданында (Алашахан даңғылы, 34 ж) 60 пәтерлі жалдамалы үйдің құрылысы жалғасуда. Сол сияқты, Алашахан даңғылы, 34З мекенжайы бойынша 90 пәтерлі үйдің құрылысы басталды. Тұрғын үйлердің құрылысы 2024 жылы аяқталады деп күтілуде.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.