Жезқазған – Ұлытау өңірінде зымыран уының зардабына қатысты мәселе ушығып тұр. Тұрғындар онкологиялық қатерлі дерттің жоғары деңгейін Байқоңыр ғарыш айлағы мен одан ұшатын зымырандардың қоршаған ортаға тигізетін әсерімен байланыстырады. Қарағанды облысы онкологиялық аурулардың анықталған көрсеткіші бойынша республикадағы алдыңғы бестіктен орын алуда.
Денсаулық сақтау министрлігінің деректері бойынша Жезқазған қаласында 2016 жылдан бастап қатерлі сырқаттың тұрақты өсуі байқалады. Осыған байланысты қалада жеке онкологиялық диспансер ашу мәселесі күн тәртібіне қойылып отыр. Ауызсудың сапасы нашар, медициналық қызметтің деңгейі төмен. Жүрек-қан тамырлары, бүйрек ауруларына ұшыраушылар қатары да жоғары. Осы жағдайға алаңдаған қоғам белсенділері мен тұрғындар бүкіл өңірді экологиялық дағдарыс ахуалындағы аймақ деп тану туралы өткір мәселе көтеруде. Аймақ жұртшылығының жанайқайына көңіл бөліп, қалыптасқан жағдайды шынайы зерттеу қажеттігі туралы жақында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Үкіметке депутаттық сауал жолдаған болатын.
Кезінде «Жезқазған – ғарыш айлағы» деп масаттанып, жаhанға жар салушы едік. Бүгінде үніміз құмығып шығады. «Байқоңыр бағымыз» деген көтеріңкі әуеннен көпшіліктің «Байқоңыр сорымыз болды» деген күрсініске толы әңгімеге көшкеніне де көп болды. Толассыз көкке самғап жататын зымырандар мен зымыран тасығыштардың зияны туралы бұрын аса көп айтылмай келсе, кейінгі уақытта бұл жетістіктің қоршаған ортаны зиянды заттармен ластайтыны дәлелденген ақиқат болып отыр. Көптеген ғылыми зерттеулер ауа ылғалдығының төмендеуін, жылдың әр мезгілінде температураның күрт өзгеруін ғарыш ұшу аппаратының жұмысымен байланыстырады. Бір жылдың 300 күнінде жел соғып, оның 20-38 күнінде шаңды борандар соғуы осының әсері көрінеді. Мәселен, кеңестік ғалымдар мен мамандар 1981-1985 жылдары жүргізілген алғашқы эксперименттік бақылаулар барысында қуатты ғарыштық ұшу аппаратын немесе «Сатурн-5» зымыран жеткізгішін ғарышқа ұшыру кезінде Еуропа жағалауы мен Солтүстік Атлантаға дейінгі аралықтағы ауа ағынының (циклон) өзгеруін анықтаған болатын. Ал, Байқоңыр ғарыш айлағына жақын орналасқан аймақтарда ауа-райы күрт бұзылып, төрт-бес тәулікке дейін құм боранның соғуы қалыпты жағдайға айналған. Ғарыш айлағы жұмысының әсерінен Арал теңізі деңгейінің төмендеуі және көл табанының құрғақшылыққа айналуынан тұзды қабаттардың ауаға таралуы экологиялық үлкен проблемаға ұласқанын білеміз. Желмен ауаға көтерілген тұзды қабаттар Ұлытау, Жезқазған жеріне дейін жетіп, Үкіметтің қаулысымен кезінде бұрынғы Жезді ауданының аумағы апат алдындағы аймаққа жатқызылғаны белгілі.
Жалпы зымыраннан келер зиянды әсердің жиі көтерілуі жұртшылық үшін аса таңсық емес. Бұл туралы көп жылдардан бері айтылып келеді. Мәселен, қоғам қайраткері Әлихан Байменовтің жетекшілігімен кезінде Жезқазғанда құрылған «Ұлытау қозғалысы» қоғамдық бірлестігі сонау 1990 жылдың өзінде-ақ Байқоңырдан ұшатын зымырандардан бөлінетін бөлшектер жерге құлаған өңірдегі табиғатқа, адамдардың денсаулығына тигізетін зардаптары туралы мәселені көтеріп, зерттеулер жүргізе бастаған еді. Бұл алаңдаушылықтың басты себебі Байқоңырдан ұшырылатын «Протон», «Союз» сияқты зымырандардан бөлінетін сатылары бірінші кезекте ғарыш айлағымен іргелес Ұлытау, Жезқазған өңірлерінің аумақтарына келіп түседі. Сонымен қоса тоқсаныншы жылдардан бергі зымыран апаттарының жиілеуі де алаң көңілдерді одан әрі ушықтыра түскен-тін. Атап айтар болсақ, 1996 жылы 14 мамырда «Союз» зымыран тасығышы, 1997 жылы 20 мамырда «Зенит», 1999 жылы 5 шілдеде «Протон», сол жылы тағы да екінші «Протон» зымыран тасығышы облысымыздың Атасу кенті аумағында апатқа ұшырады. Ал, 2007 жылдың 6 қыркүйегінде апатқа ұшыраған «Протон-М» зымыран тасығышының тура Жезқазғанның жанына келіп құлап, әбігер тудырғанын жергілікті жұрт әлі ұмыта қойған жоқ. Айналаға қаншама радиациялық зиян тарады. Отын қалдықтары түскен жер тазартылды десек те, мамандардың айтуынша, төгілген гептилдің зардабы ондаған жылдар бойы топырақ пен суда сақталып қалады екен. Мысалға айтар болсақ, Ресейдің «Мотор» конструкторлық бюросының, «Казмеханобр» өнеркәсіп экологиясы ғылыми-өндірістік бірлестігінің және әл-Фараби атындағы ҚазМУ-дің бірлесіп жүргізген зерттеулерінің нәтижесі Ұлытау ауданы аумағында 45 жыл бұрын зымыран сатысы құлаған жерде гептилдің шоғырлануы 3 есеге дейін көп болғанын көрсеткен.
Баспадан 2018 жылы жарық көрген «Ұлытау» энциклопедиясында: «Жерімізге Байқоңырдан ұшқан зымырандар отынынан ыдыраған өнімдерден де зиян келіп жатыр. 1957-2010 жылдары космодромнан 1298 зымыран тасығыш ұшырылған. Оның 125-і жартылай нәтижелі, 81-і апатты болған. «Протон» зымыран тасығышының бірінші сатысы Ұлытау ауданының аумағындағы №148, №15 және №25 аудандарға құлайды. Зымыран сатысы құлайтын №148 ауданның көлемі 1167000 га, ал қалған екі ауданның көлемі – 160 мың га. Соңғы екі алаңға 1961-2004 жылдары «Протонның» 224 сатылары, басқа алаңдарға «Союз», «Циклон», «Энергия» зымырандарының 400-ден аса сатылары, оның сыртында №148 ауданға «Протонның» 48 бірінші сатысы, 370 екінші сатысы түскен. Ұлытау жеріне барлығы «Протоннан» бөлініп түсетін 1060 саты құлаған», – деген деректер келтірілген. Мұның сыртында Жезқазған қаласының аумағына жататын тағы 90 мың гектар алқап осы ғарыш зымырандарынан бөлінетін бөліктердің құлау аймағына тиесілі. Тағы бір түйткілді мәселе, осы аумақтардың «Жер кодексі» талаптарына сәйкес мәртебесі дұрыс айқындалмаған. Жаңағы қалдықтар құлайтын Жезқазғанның 90 мың гектар жері ауылшаруашылығына арналған алқаптар қатарына жатады. Негізінде ол ғарыш қызметіне тиесілі жер деп айқындалуға тиіс.
Радиоактивті заттардан тұратын зымыраннан бөлінетін қалдықтардың адам организміне зиянды екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Қаншама рет белгісіз жағдайда киіктердің қырылуы осы улы химиялық қоспалардың әсерінен болды деген болжам да негізсіз дей алмаймыз. «Байқоңыр» кешенін пайдалану бойынша Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссиясының 2014 жылғы 24 қарашадағы отырысы шеңберінде қоршаған ортаға экологиялық зиянның мөлшерін азайту мақсатында 2017 жылдан бастап гептил отынын пайдаланатын «Протон-М» зымырандарының ұшуын қысқартып, олардың орбитаға шығуын 2026 жылы толық аяқтау көзделген болатын. Осы келісімнің мұқият сақталуына да күмән бар. Мәселен, өткен 2021 жылдың соңғы алты айында ғарыш айлағынан «Союз-2», «Прогресс-М» сияқты 11 ауыр зымыран тасығыштар көкке көтерілсе, оның ішінде екі «Протон-М» зымыраны болды. Жалпы осы зымырандардың бірнеше сатылы қалдықтары түсетін аумағы 18 млн. гектарға дейін созылса, оның ең зиянды саналатын бірінші сатысы біздің Жезқазған-Ұлытау өңіріне түседі. Көп сатылы зымыран жеткізгішінің алғашқы бөлігі жұмысын аяқтап, жерге құлағанда елеулі мөлшердегі гептил қалдығы сол жерге төгілетін көрінеді. ҚР Ұлттық аэроғарыш агенттігінің мәлімдеуінше, экологиялық қауіпсіздікті барынша сақтаған қазіргі кездің өзінде құлау аймағындағы жерді зақымдайтын гептил мөлшері 150-200 литр шамасын құрайтыны анықталған. Топырақ қабаттарын токсинді қалдықтармен ластаумен қоса ғарыш зымырандары табиғи реттілікті бұзады, қышқылды жаңбыр жаууына себепші болады. Атмосфераның озон қабатын бұзып, кең ауқымда температураның жоғарылауына әсерін тигізеді.
Міне, осы жағдайлардың көбі көпшілікке белгілі болғанымен, Үкімет деңгейінде ғарыш зымырандарының зияны тиіп отырған аймақтың экологиялық жағдайына жан-жақты сараптама жасау, адамдардың денсаулығын тексеру сияқты түбегейлі шаралар қолға дұрыс алынбай келеді. Мәселен, 2020-2021 жылдары Жезқазған қаласы мен Ұлытау ауданы тұрғындарының арасында жатыр мойны, сүт безі және колоректальды қатерлі ісіктерді ерте анықтауға арналған скринингтер жаппай емес, 43 мың адамның арасында жүргізілгенболатын. Нәтижесінде қатерлі ісіктің 49 жағдайы анықталған. Бұл тексерілген адамдардың 0,11% құрайды. Қоғам белсенділері мен жұртшылық бүгінде зымыраннан келер зардап мол деген уәжбен осыған қозғау салуда. Зымыран тасығыш бөліктері құлайтын аумаққа жақын өңірдегі тұрғындарды экологиялық апат аймағынан зардап шегушілер қатарына жатқызып, тиісті мәртебе берілуін көтеруде. Үкімет болса, «Протон» бөліктерінің құлау ауданында елді мекендер жоқ. Ол жерлер Жезқазғаннан 73 шақырым қашықтықта» деп жұбатуда. Ғарыштық зерттеу орталығы да бөлініп түсетін зымыран қалдықтарының зияны жоқ дегенімен, жұртшылық бұл уәжге сенбейді. Сондықтан да көтеріліп отырған мәселенің негізгі түйіні Ұлытау, Жезқазған өңірінің зымыран бөлшектері құлайтын аумақтағы суына, топырағына, өсімдіктеріне жан-жақты зерттеу жұмыстарын жүргізу қажеттігіне тіреледі.
Аймақты аралап, сайлаушылармен кездесу кезінде жұртшылық көңілін алаңдатқан бұл мәселе туралы парламент Мәжілісі депутаттарына да айтылған еді. Облысымыздан сайланған халық қалаулылары Арман Қожахметов, Гүлнара Бижанова, Елдос Абақанов тұрғындар тілегіне орай Жезқазған-Ұлытау өңіріндегі онкологиялық ауру деңгейінің өсу себептерін зерттеу жөнінде ведомствоаралық комиссия құру туралы Үкіметке депутаттық сауал жолдады. Онда Байқоңыр ғарыш айлағы қызметінің әсері тұрғысынан қоршаған ортаның ластануына талдау жүргізу үшін комиссия құрамына денсаулық сақтау, экология, цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерінің мамандарын, сондай-ақ, өңір тұрғындарының өкілдерін енгізу жөнінде ұсыныс жасалды. Обалы не керек, Премьер-министр Әлихан Смайылов басқаратын Үкімет бұл мәселені көп созбақтамай ведомствоаралық комиссия құруды жедел қолға алып, үстіміздегі жылдың 25 наурызындакомиссияның алғашқы отырысы өткізілді. Бірақ, Үкімет басшысының әлден-ақ, онкологиялық сырқатқа зымыранның әсері жоқ дегендей пікір білдіруі ойлантып отыр.
Үкіметтік комиссияны Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің вице-министрі Зүлфия Сүлейменова басқаратын болды. Бүгінде белгілі болып отырғандай, комиссия көп кешікпей аймаққа келіп зерттеу жұмыстарын жүргізуге тиіс. Жұртшылықты көптен бері алаңдатып жүрген зымыраннан келетін зардап мөлшері қандай? Өңірдің экологиялық дағдарысқа жататын ахуалы айқындалар ма екен? Тексеріс сараптамалары шы-найылықпен жүргізіліп, көңілге кептелген көп күдік сейіле ме? Мұның барлығын алдағы уақыт төреші көрсетеді.
Амандық РАХҰЛЫ.