«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Нұрахмет Нуриев Тау-кен шахта жабдықтары зауытында болды. «Kazakhmys Maintenance Services» ЖШС Бас директоры Саят Бәкіров механикалық, агрегаттық және перфораторларды жөндеу цехтарының жұмысымен таныстырды.
Нұрахмет Нуриев зауыт жұмысшыларымен өнім ассортиментін кеңейту және өндірістік қуатты арттыру келешегін талқылады.
Зауыт 1964 жылы құрылған. Қазіргі таңда мұнда 327 адам еңбек етеді. Зауыт өздігінен жүретін техниканы қалпына келтірумен және тораптар мен агрегаттарға қызмет көрсетумен айналысады. Мұнда ай сайын 5 бірлік жабдық жөнделіп, қалпына келтіріледі және 3000 бірлікке дейін дайын өнім шығарылады.
Өндіріс нысанының жұмысы желілік-функционалды құрылымға, орталықтандырылмаған басқару жүйесіне негізделген. Әр цех белгілі бір функцияларды атқарады. Агрегаттық, құрастыру, дәнекерлеу, механикалық және аспаптық цехтар – негізгі цех болып саналады.
Зауыт токарлық өнімдер (түйрегіш, сұққы және шайба) өндірісіне маманданған. Сондай-ақ, гидроцилиндрлерді, гидромеханикалық беріліс қорабын, перфораторлар мен тораптардағы агрегаттарды жөндейді. Бұдан бөлек рамалық құрылымдарды, оның ішінде шөміштерді, кулисаларды, рамалар мен жебелерді қалпына келтіруді жүзеге асырады.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.