Елімізде «Халық заңгері» республикалық акциясы өтті. Акциядан облыс тұрғынадары да тыс қалған жоқ. Адвокаттар, нотариустар мен тергеушілер келушілердің толғандырған сұрақтарына жауап берді. Мәселені заң тұрғысынан қалай шешу қажеттігін айтып жол сілтеді.
Акцияның мақсаты – халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және тегін заң көмегін көрсету. Кез келген азамат еліміздің заң қоғамдастығындағы ең үздік өкілдерден тегін қажетті консультация ала алды бұл күні.
Құқықтық көмектің сапасын арттыру үшін аймақтың үздік заңгерлері мен адвокаттары жұмылдырылып отыр. ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Жаслан Хамитовтың мәліметінше, акция аясында заңдылықты сақтау, азаматтардың құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелеріне баса назар аударылады. Бұл бастама мемлекеттік органдарға деген сенімді арттыруға және заң мен тәртіп қағидатын нығайтуға ықпал ететінін айтты.
«Халық заңгері» акциясы басталған сәттен-ақ өзінің қажеттілігін дәлелдеді. 2016 мен 2024 жылдар аралығында акцияға шешім қабылдай алатын деңгейдегі білікті сарапшылар мен түрлі мемлекеттік органдардың 10 мыңнан астам өкілі қатысқан. Осы уақыт ішінде 300 мыңнан аса азамат тегін құқықтық көмек алып, кеңеске жүгінген.
Акция Қазақстан Республикасы Үкіметінің тапсырмасымен өткізіліп, елдің барлық өңірін қамтыды. Айта кетейік, бұл шара «Заң және тәртіп» қағидаты аясында жүзеге асырылып келеді.