Зайырлы мемлекетімізде білім мен ғылым дінге тәуелсіз. Сондай-ақ мемлекет дінге, дін мемлекет ісіне араласпайды. Қазақстан азаматтарының дінге сену не сенбеуі өз еріктерінде. Ел азаматтарының ар-ождан бостандығы заңмен қорғалады.
Конституциялық басқару тәртібі, құқықтық жүйесі, сот билігі бар мемлекетімізде адам өмірі, бостандықтары мен құқықтары қорғалған. Яғни, ҚР азаматтары өзі қалаған дінге сену, сенбеуге құқылы және Ата Заңымызға орай, азаматтар ұлтына, тегіне, жынысына, тіліне, дініне, діни сеніміне, әлеуметтік, лауазымдық жағдайына, мекеніне байланысты кемсітілмейді. Яғни, ҚР азаматтарының конституциялық құқықтарының бұзылуына жол берілмейді.
Ата Заңымызда көрсетілген зайырлылық қағидаттарына сәйкес, басты байлығымыз – адамнің діни наным-сенімдеріне құрметпен қарап, құқықтарын сақтап отырған мемлекетімізде зайырлылық ұғымын «дінсіздік», «харам» деп қабылдаған діндегі адасушылардың пайда болуы және олардың қоғамға жат идеяларын белсенді жүргізуге тырысулары алаңдатады. Қазақ қоғамына зиянды, зайырлы мемлекетіміздің қауіпсіздігіне қауіп төндіріп отырған жымысқы идеологиялар жетерлік. Олар ғаламторда және тұрғындар арасында да құқықтық мемлекетіміздің саясатына жат идеологияларын тықпалап, ұлттық, мәдени, тарихи құндылықтарымыздың тамырына балта шабуға тырысуда.
Зайырлы, құқықтық мемлекетіміздің ұстанымы – елдің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын, ұлтаралық, дінаралық татулықты нығайту. Сондықтан мемлекет дініне, тіліне, нәсіліне, әлеуметтік жағдайына қарамастан өз азаматтарына конституциялық нормаларды орындауды міндеттейді.
Қазақстан азаматтары мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсетуге, елдің мәдени-тарихи құндылықтары мен мұраларын сақтауға міндетті. Зайырлы мемлекетіміздің қалыптасқан құқықтық негізі діни алауыздыққа, араңдатушылыққа, экстремизм мен терроризмге жол бермейді. Өйткені біздің таңдауымыз – зайырлы мемлекет.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.