Күн мен түнді теңестіріп Наурыз да келді. Шүкір, қалың қыстан да аман шықтық. Қардың көбесі сөгіле бастады, күннің шуақты сәулесімен ылғал жерге терең сіңіп, ырыс пен берекенің бастауы болар деген елдің үміті зор. Осыны рым еткен сәтбаевтықтар биылғы Наурыз мерекесін де ерекше атап өтті. Он күнге созылған атаулы күндер бір-бірімен жалғасып, еліміз ырысты, күніміз берекелі болсын деген тілеке тоғысып жатты.
Жаңа тұжырымдама – жаңаша бастамалар
Наурыз – қазақ халқымен қашаннан бірге жасасып келе жатқан жыл бастауы, күн мен түннің теңесуі, молшылық, ынтымақ мерекесі. 1920 жылы 20 наурызда Түркістан республикасы Кеңестері атқару комитетінің төрағасы Тұрар Рұсқұловтың Наурыз мерекесін тойлау жайлы бұйрығы жарық көрген болатын. Ал 1926 жылы Кеңес өкіметі бүкіл жұрттың рухын біріктіретін бұл мерекеге тыйым салды. Араға 62 жыл салып, 1988 жылы саяси жүйенің осал тұсын ұлт игілігіне пайдалана білген қазақ зиялылары Наурызды қайта тойлауға рұқсат алды. Ал 1991 жылы 15 наурызда ҚР Президентінің 22 наурыз күнін Наурыз мейрамы деп жариялау туралы жарлығы шықты.
Биылғы жылы Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Наурыз – жаңару мен жаңғырудың символы. Сондықтан төл мерекеміздің мазмұнын байытып, оны барынша ерекшелеп, жаңаша атап өтуіміз керек. Бұл қадам қоғамды ұйыстырып, ұлттық бірегейлігімізді айшықтап, ел бірлігін нығайта түсуге ықпал етеді деп сенемін», – деп атап көрсетті.
Мемлекет басшысы ерекше мән берген Ұлу жылындағы Ұлыстың ұлы күні елімізде жаңаша бастау алды. Осыған байланысты арнайы тұжырымдама қабылданып, әр күнге атау берілді. Көрісу күнімен басталған мизам шуақты мерекені жұртшылық – «Қайырымдылық», «Ұлттық салт-дәстүр күні», «Шаңырақ», «Ұлттық киім күні», «Жаңару күні», «Ұлттық спорт күні», «Ынтымақ күні» секілді атауларға сай мерекеледі. Ал, «Жыл басы» деп аталған 22 наурыз күні ТабиғатАна жер жүзіне жылы шуағын төгіп келді. Осы күнгі әз-Наурыз Сәтбаев қаласында ерекше бейнеде аталып өтті.
Шеру. Мерекелік дастарқан. Аулалардағы той.
Биылғы әз-Наурыз мерекесі арнайы шерумен шымылдығын түрді. Абай мен Қаныш Сәтбаев даңғылының қиылысынан бастау алған мерекелік шеруді қыран құс ұстаған құсбегілер мен күрең ат мініп, құмай тазы жетектеген итбегі жігіттер бастады. Олардың соңын ала қаланың Құрметті азаматтары мен әр салада еңбек ететін зиялы қауым өкілдері, жастар мен оқушылар жалғады. Шеру қаланың орталық алаңындағы жазғы эстрадаға келіп тоқтады. Дәл осы жерде мерекелік қойылымдар көрсетіліп, қаланың өнерлі жастары әуелете ән салды.
Әрине, жергілікті билік өкілдері жұртшылықты мерекемен құттықтауды да ұмытқан жоқ. Әуелі Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Ұлантай Үсенов сөз алып, сәтбаевтықтар мен қала қонақтарын Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады.
– Наурыз – береке мен ынтымақтың мерекесі. Жыл басы. Жаңару күні. Баршаңызды облыс әкімінің атынан осы мерейлі мерекемен құттықтаймын. Жаңа, Ұлу жылында Ұлытау облысы жайнап, жетіле түссін. Соған баршаңызды үлес қосуға шақырамын, – деді ол өз сөзінде.
Бұдан кейін сөз алған Сәтбаев қаласы әкімінің міндетін атқарушы Алмат Саукимов жерлестерін жаңару мерекесімен құттықтап, биылғы мерекенің ерекшеліктеріне де тоқталды.
– Әз-Наурыздың мәртебесін көтеру, мән-мазмұнын байыту бастамасы жақында Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы тарапынан кеңінен ашыла түсті.
Президентіміздің бастамасымен биылғы Наурыз мейрамы 10 күн бойы мерекеленуде. Бұл онкүндік төл мерекемізді тойлаудың жаңа дәстүрлерін қалыптастыруға, озық адами қасиеттерді – қайырымдылықты, шынайылықты, адалдық пен мейірімділікті дәріптеуге бағытталған, – деді А. Саукимов.
Қала әкімінің міндетін атқарушы өз сөзінде Сәтбаев қаласындағы серпінді істердің нәтижесін көрсететін ақжолтай жаңалықтарды жеткізді.
– Әне бір жылдары тұралап қалған кейбір құрылыс нысандары қайыра қолға алынып, қаламыз қарқынды даму алаңына айналуда. Алдағы күзге салым балалар бақшасы мен оқушылар сарайы пайдалануға берілмек. Мұның сыртында бірнеше көп қабатты тұрғын үйлер де салынып, қалада баспана мәселесінің оң шешім табуына септігін тигізетін болады. Қала жолдары мен аулалар жөнделіп, бірнеше ойын алаңдары да салынады, – деп ел-жұрттың мерекелік көңіл-күй қуанышын еселеді.
Ресми ашылудан кейін Наурыз думаны ақшаңқан киіз үйлі ауылда жалғасты. Бұл күні жаңаша сипатқа ие болған «Сулпак» сауда үйінің қарсы бетіндегі көшеге тұтас бір қазақ ауылы көшіп келгендей. Қалалық мемлекеттік мекемелер мен «Қазақмыс» корпорациясына қарасты кеніштер мен кәсіпорындар тіккен киіз үлердің іші көз жауын алады. Киіз үй маңында жұртшылыққа наурыз көже мен бауырсақ, палау таратылып жатыр. Қаз-қатар тізілген арнайы орындарда сауда қызып, ән қалқып, күй шалқып жатыр.
Бұл күні әз-Наурыз мерекесі орталық алаңда ғана емес, көптеген аулаларда да сән-салтанатымен аталып өтті. Тұрғындар бірлесіп киіз үй тігіп, дастарқан жайып наурыз көже дайындалды. Балалар түрлі спорт ойындарына қатысып, сый-сияпатқа кенелді.
«Спорттық ойындар» дегеннен шығады, мерекедегі спорттық шаралар өте қызықты өтті. Күрес, кір тасын көтеру, арқан тартыс жанкүйерлердің делебесін қоздырды.
Қазақ халқы қашаннан даласындай дархан, жомарт, кеңпейіл халық. Мұның бәрі оның кез келген той-думандарында да көрініп тұрады. Біз оны кеншілер қаласында өткен әз-Наурыз тойында да айқын аңғардық.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.