«Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС-не қарасты Балқаш мыс балқыту зауытындағы «КәсіпҚорған» кәсіподағы өндіріс пен өнерді, спортты серік еткен, қайырымдылық шараларына белсене қатысқан еңбеккерлерді анықтады.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен орайластырылған шара «Жаңашылдығы мен өндіріске қосқан үлесі үшін», «Спорттағы жетістігі үшін», «Біз біргеміз» аталымдары бойынша үздіктерді анықтауға мүмкіндік берді. Арнайы құрылған комиссия әр аталым бойынша қатысушылардың жетістікері мен жаңашыл жобаларына баса мән берді. Нәтижесінде 5 еңбеккер үздік шықты. Шихта дайындау цехының ауысым шебері Т. Жайсанов пен мыс балқыту цехының слесарь-жөндеушісі А. Куров «Жаңашылдығы мен өндіріске қосқан үлесі үшін» аталымында топ жарса, құнды металдар цехынан балқытушы А. Федяеев, мысты электролиздеу цехынан О. Қуанышбеков «Спорттағы жетістігі үшін» аталымында үздік деп танылды.
Еріктілер қозғалысына белсене атсалысып, қайырымдылық шараларына үнемі қолдау көрсетіп жүретін «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС басқармасының жетекші маманы Т. Мәден «Біз біргеміз» аталымына ие болды.
Жеңімпаздар байқауды ұйымдастырушылар тарапынан 30 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақымен марапатталды.