Жезқазған қаласында өзге ұлт өкілдеріне сабақ беретін қазақ тілі мұғалімдері арасында «Үздік оқытушы» сайысы ұйымдастырылды.
Байқаудың өтуіне Жезқазған қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Тілтану» оқу-әдістемелік орталығы ұйытқы болды. Мемлекеттік тілді авторлық бағдарлама арқылы оқытатын шығармашыл әлеуеті бар оқытушыларды анықтау, қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту мақсатында өткен байқауға өзге ұлт өкілдеріне сабақ беретін қала мектептері мен колледждерінен қазақ тілі мен әдебиет пәнінің 5 мұғалімі қатысты. Қатысушылар үш кезең бойынша сынға түсті. Бірінші кезеңде мұғалімдер өздерінің портфолиосымен таныстырады. Екінші кезең үздік әдістеме деп аталады. Қатысушылар бұл кезеңде әртүрлі заманауи платформалар мен әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, сабақтан үзінді көрсетті Үшінші кезеңде сұрақтарға жауап берді.
Сондай-ақ, үміткерлер қазылар алқасы тарапынан қойылған қосымша сұрақтарға жауап берді. Оқытушылар өзара бақ сынасып қана қоймай, кәсіби біліктіліктерін жетілдіріп, тәжірибе алмасты. Байқауға қатысушы Бибігүл Смайылова бұл байқаудың ерекшелігін былайша сипаттап берді: – Мұғалім өзінің шеберлігімен бөліседі. Орыс мектебінде сабақ берудің қандай әдіс-тәсілдері мен платформаларын қолданады, соны ортаға салып, тәжірибе алмасады. Байқаудың осы тұсы көңілден шықты, – деді ол.
Мұғалімдердің үздік әдістемелері мен сабақтары арнайы жинақ болып жарық көреді. Ал байқаудың жеңімпазы «Үздік оқытушы» атағына ие болып, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы республикалық байқауға жолдама алды.