– Оның бар өнері, тіпті тағдыры ұлт аспаптарымен тығыз байланыста. Біріншіден, аспаптардың небір түрінде ойнай береді. Орындаушылық қабілеті ерекше. Екіншіден, оның өз қолынан шыққан аспаптар қаншама! Нағыз ісмер. Болашағынан үлкен үміт күттіретін жас. Ал тағдыры дейтінім, алған жары Айжан да жетіген ұлт аспабының маманы, – деді Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Хамзин.
Әріптестері аузынан суы құрып мақтаған Азаматтың өзімен емен-жарқын әңгімелесуіміз әсер сыйлады. Ол бір көрген сәтте-ақ көңілімізге жылылық ұялатты. Жүзі жайдары екен. Кішіпейіл. Алдыңда елпілдеп тұр. «Жақсыда жаттық жоқ» деп халқымыз тегін айтпаған-ау, сірә» деген ой келді маған Азаматқа қарап отырып. Ұлт аспаптар туралы әңгіме қозғалғанда шешіле сөйледі. Оның нені тілге тиек етсе де, өнерге деген асқан сүйіспеншілігін, ісіне шын берілгендігін аңғарған едік.
Азамат Бақия өзін Ұлытаудың тумасымен деп біледі. Атасы ұзақ жыл Кеңгір бойын мекендеп, кейінірек Ұлытауға барып қоныстанған көрінеді. Азаматтың кіндік қаны сонда тамған. Сонда мектеп табалдырығын аттайды. Азаматтың Ұлытау десе ішер асын жерге қоятынының бір сыры осы. Ол өнерге деген құштарлықтың бойын билеуі қасиетті жердің киесі ме екен деп те ойлайды. Ата-анасының домбыра-сырнайға әуестігі бола қоймапты. Азаматтың қолөнерге деген бейімділігі өз әулетінен де, нағашы жұртынан да дарыған көрінеді.
Бала кезінен домбыраға әуестенеді. Сәтбаев қаласындағы №7 орта мектептің 9-сыныбын 2013 жылы бітіргенде музыка мектебінің домбыра сыныбын қоса тәмамдайды. «Оның бар өнері, тіпті тағдыры ұлт аспаптарымен тығыз байланыста», – деген Тайжан Қалмағамбетов атындағы филармонияның директоры Нұрлан Хамзин сөзінің жаны бар. Азаматтың бұдан арғы тағдыры ұлт аспаптарымен біте қайнасады. 2013 жылы Жезқазған музыкалық колледжіндегі Қанат Мақажановтың домбыра сыныбын бітіреді. Музыкалық оқу орнында оқып жүргенінде әрі сыбызғыны да тәп-тәуір меңгеріп алады. Одан кейінгі төрт жылы Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының қабырғасында өтеді. Талғат Мұқышевтың сыбызғы сыныбында дәріс алады. Оны бітірген соң төрт жыл Алматыдағы әйгілі «Хассақ» этнографиялық ансамблінде сыбызғышы бола жүріп, бірқатар шетелдерде гастрольдік сапармен болады…
Біз сөз етіп отырғанымыз Азаматтың өмір дерегі ғана. Ал осы жылдардағы оның өнер жолындағы кемелденуін, ізденіс-жетістігін әңгімелеу үшін оның бәрін бағалай білерлік өнертанушы болуың керек. Азаматтың қадау-қадау айтқан әңгімесінің астарында көп сыр жатыр. Әрине соның бәрін зерделей білерлік ұқпа құлақ керек. Енді естігендеріміздің кейбірін ғана сөз етіп көрелік.
Азамат ұлт аспаптарын жасауға консерваторияда оқып жүргенде-ақ ден қойыпты. Сыбызғы мен сырнайдың неше түрін жасап, сатқан көрінеді. Жасыратыны жоқ, мұнысы мүмкін студенттің қашанда тесік болатын қалтасын бүтіндеудің әрекетінен туындаса керек. Бір қарағанда солай да болып көрінуі мүмкін. Алайда жас жігіттің ұлт аспаптарын танып-білуге деген құлшынысы, әуен әуелеткен сиқырлы күшті меңгеруге деген зеректігі соны ізденістерге жетелегені айдан анық.
Сол талмай ізденістердің жемісі бүгінде аңғарылып-ақ тұр. Азамат үйінде 1500-дей ұлт аспабы бар екенін айтқанда еріксіз таңдай қақтық. Осындай байлықты қалайша музей демеске. Иә, шынымен-ақ ұлт аспаптар музейі. Өзінің айтуынша, оның ішінде бұдан екі-үш ғасыр бұрын пайдаланылған домбыра мен сыбызғының көне үлгілері бар көрінеді. Көбін гастрольдік сапармен болған шетелдерден сатып алған екен. Бұл жөнінде айтқан әңгімелерін тамсана тыңдадық.
Бір ғана мысал. «Хассақ» этнографиялық ансамблінің құрамында жүргенде 2018 жылы бір айдай Үндістанда болыпты. Сонда сол жақтан түркі тілдес халықтардың музыкалық 24 аспабын сатып алып келген екен. Соның кейбірі біздің сыбызғымызға ұқсас үрлемелі аспаптар болыпты.
Осы үй – музейі әрі шеберханасы көрінеді. Өзінің айтуынша, бүгінгі таңда ұлт аспабының 30-дан астам түрін жаңғыртыпты. Мәселен, сазсырнайдың 8 түрін Азамат өз қолымен жасаған. Кезінде өнертанушы-этнографБолат Сарыбаев 3 түрін енгізген екен. Азамат әңгіме үстінде қазақта мессырнай, тұлыпсырнай, желбауызсырнай, желқобыз сырнай деген түрлері кездескен дегенде оның зерттеушілік ізденісіне дән риза болдық. Мүйізсырнай аспабын өз қолымен жасаған. Оны айтасыз, сырнайдың – 700 түрі, бір сыбызғының 24 түрі бар көрінеді. Ал домбыра, қобыз, керней төңірегінде сөз қозғағанда оның көп білетіндігіне тәнті болдық. Бір сөзбен айтқанда, Азаматтың үйіндегісі жай ғана шеберхана емес, нағыз зертхана орталығы дерлік. Айтқанының бәрін таңдана тыңдадық.
– Ұлытауды жырлаған ақындар, – деді бір әңгіме барысында Азамат – ұлар деген құсты тілге тиек етер еді. Ол қасиетті Ұлытауды бір кезде мекен еткен киелі құс. Сол құстың үнін шығаратын ұлар бейнесіндегі сазсырнайды жасадым. Ол үрлемелі аспапты Ұлытаудың саз балшығынан құйдым. Жазда оншақтысын таудағы ағаштарға іліп кеттім. Оларды тауып алғандар ойнаса, мүмкін ұларлар естіп, мекендеріне оралар деген ой ғой менікі, – деді ағынан ақтарыла А. Бақия.
– Індет басталар тұста Азамат отбасымен елге оралды, – деді сөзге араласқан Нұрлан Хамзин. – Алматыда жүргенінде жас та болса жерлесім санап, өнеріне сүйсінуші едім, филармонияға жұмысқа қуана қабылдадым. Азамат келе «Алтын Орда» ұлт аспаптар ансамблін құрды. Бұл өнер отауының даңқы қазірдің өзінде республикаға танылып үлгерді. Бұл – бір. Азаматтың өнер жолындағы табысы ретінде, екіншіден, оның қолынан шыққан ұлт аспаптарына жер-жерден сұраныстар көптеп түсіп жатыр. Азаматтың танымалдылығының бұл бір айғағы, – деді ұжым басшысы мақтана.
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі Ғалым Мұхамедин:
– Осындай талантты жастың Ұлытаудан шыққаны зор мақтаныш. Көне ұлт аспаптарын жинап, оларды асқан ізденіспен жаңғыртуы аса сүйсінерлік іс. Бұл – ұлттық өнеріміздің көкжиегін кеңейту жолындағы үлкен еңбек. Менің жақында жазған «Ұлытауым – ұларым» атты әнімді «Алтын Орда» ұлт аспаптар ансамблі сүйемелдегенде өзімнің туындымның көз алдымда құлпырып, айрықша әуенге бөленгеніне тебіреніп кеттім. Міне, бұл халық өнерінің құдіреті. Оны осылайша жаңғыртып отырған Азаматқа қалайша риза болмасқа, – деген еді. – Ау, Ұлытаудан ауып кеткен ұлардың қайта оралғаны осы емес пе. Ұлытаудың ұлары Азаматтың өзі емес пе, – деген еді әсерлене Ғалекең.
Иә, өнерімен өрге жүзген, игілікті ісімен көпке танылған Азаматтың елге оралғаны қуанышты-ақ. Осындай талант иесін Жезқазғанда ұстап тұра аламыз ба? Азаматтың мектеп оқушылары арасында ұлт аспаптарын насихаттауына, оларды үйретіп-баулуына мүмкіндіктер қарастырылып отыр ма? Әңгіме соңында көкейімізге оралған осы бір сұрақтарды филармония басшысына қойған едік.
– Бұл мәселелер мені де қатты мазалайды. Ұжымымызға бөлінген бюджеттің азын-аулақ қаржысы көп ойымызды жүзеге асыруға мүмкіндік бермейді. Ашығын айтсам, консерваторияны бітіріп келген екі жас маманым жалақасын қомсынып, мал бақпасақ болмас деп ауылдарына кетіп қалды. Онымен қоймай, ұжымымыздың қолайлы өз ғимараты болуына қол жеткізе алмай-ақ келеміз. Азаматтың «ұлт аспаптары мектебін» ашқым-ақ келеді, бірақ қол қысқа. Дайындық бөлмелеріміз тапшы, қаржы жоқтың қасы. Бүгінде Азамат Сәтбаев қаласынан қатынап жүргені де мені қынжылтады, – деді Нұрлан Хамзин.
Өнеріне, ізденісіне тәнті еткен Азамат Бақияның өз ойын білмек болғанымызда, ол:
– Балалардың құлақтарына жас кезінен-ақ ұлт аспаптарының әуезді, сиқырлы үндерін сіңіруге, олардың бейімі мен қабілетін ұштауға үлес қосуды армандаймын. Шындықты айтсам, мектептердегі ән-күй сабағы қарабайыр өтеді. Пән оқулығының өзі жұтаң. Балдырғандар ұлттық өнерімізбен сусындамаған соң өсе келе өзгелерге еліктеуге бейім. Сол олқылықтың сәл де болса орнын толтырайын десем, қаржыға келіп тіреледі. Ұлт аспаптарын оқып-үйрететін мыңдаған шәкірті бар мектеп ашу үшін ғимаратты жалға алуың, оқытушыларыңа жалақы төлеуің керек. Ондай мүмкіндіктер әзер болмай тұр, – деген еді бізге күмілжи.
Айтса-айтқандай, бұл қиындықтарды шешу үшін билік басындағыларды жағалауға тура келмек. Бір байқайтынымыз, осындай түйткілдердің жолын табуға қала басшылары бүгінде қауқарсыз болып қалған. Мәдениет, білім беру тәрізді бюджеттік мекемелерді басқаруды облыс басшылары өз қолына алып алған. Оларға жергілікті жерлердегі тілек-ұсыныстарды жеткізе білудің ретін табу да оңайлыққа түспек емес.
Не дегенмен де, қолда барды ұқсата білу, әсіресе өнер адамдарына қамқорлық көрсету қажет-ақ. Ең бастысы, ұлттық өнерімізді жаңғыртуда соны ізденістерге қол жеткізген Азаматқа шынайы қамқорлық көрсету – бұлақ көзін ашумен бірдей. Қолда барды бағалайық. Басшылар, мүмкін, ойланар.
Шахмұрат ИБАДАТҰЛЫ.