Алғашқы Ұлттық құрылтайдың Ұлытаудан басталуының маңызы айтарлықтай зор. Мыңжылдыққа бастайтын қасиетті өңірдің тарихы тереңде. Ұлытау – халқымыздың ел болып қалыптасуының, береке-бірлігінің алтын діңгегі. Алтын Орда дәуірінің, одан кейінгі қазақ мемлекеттігінің қалыптасу кезеңінің іздері де осы қасиетті өлкеде жатыр. Әз Тәукеден бастап қазақ хандарын ақ киізге салып ұлықтаған ұлағатты ордамыз да осы жер. Ұлт ұясының ел бірлігін нығайтудағы алатын орны ерекше. Халқымыздың бірлікке, елдікке пәтуаласқан қасиетті мекені бұл. Сондықтан, әлемдегі геосаяси жағдай мың құбылып тұрған қазіргідей алмағайып кезеңде халқымызды бірлікке ұйыстыратын ұлағатты жиынның Ұлы Дала төсіндегі қасиетті өңірде өтуіне барша жұрт назар аударып, жақсылыққа балауда.
Алтын Орданың 750 жылдығына байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы ең алғашқы рет Ұлытауға келгенінде Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошының мазары қазақ жерінде екенін көпшілік біле бермейтінін алға тартып, осы ұлы тұлғаларды халықаралық туризмді дамыту үшін тиімді пайдалануды тапсырған болатын. Осы тапсырма негізінде Жошы хан кесенесі қайта жаңғыртылып, жанынан 2500 шаршы метр аумақты алатын тарихи-мәдени кешен салынғаны белгілі. Өткен жылы оның ашылу салтанатына қатысқан Президент болашақта Жошы хан есімін ұлықтау арқылы Ұлытау өңірін этнографиялық туризм аймағы етумен қатар, ерекше тарихи-мәдени кешенді Алтын Орда дәуірін зерттейтін ғылыми орталыққа айналдыру, ғалымдардың қатысуымен бұл жерде ғылыми конференциялар өткізу міндетін алға қойған болатын. Құрамында 117 мүшесі бар Ұлттық құрылтайдың алғашқы келелі жиыны осы «Жошы хан» кешенінде өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде ұлы жиынның Ұлытаудан басталуының мәнін және бір ашып айтты. «Ұлттық құрылтайдың Ұлытауда басталғаны дұрыс болды. Киелі өлкеміз Жаңа Қазақстанды құру жолындағы бірліктің символына айналды… Жаңа облыстың алғашқы қадамы алқалы жиыннан басталуда. Ұлт ұясы – Ұлытаудың ғасырлар бойғы ұлы миссиясы қайта жалғасын тапты», – деді ол. Құрылтайдың кең ауқымды жиын екенін алға тартып, жұрттың мұң-мұқтажын, талап-тілегін жеткізумен қатар, бұл – ел бірлігін нығайтатын, қоғамды ұйыстыратын тың идеялар орталығы болатынына сенім білдірді.
Жалпы Президент құрылтайда сөйлеген сөзінде ел көңіліндегі мәселелерді жан-жақты қамтыды десе болады. Мәселен, еліміздегі жаңғыру үдерісі жалпы ұлттық сипатқа ие бола бастағанымен, жұрт арасындағы кейбір адамдардың «ескі кадрлармен жаңа Қазақстан қалай құрылады, мұның барлығы жай елді алдау» деген сыңайдағы керітартпа пікірлерінен танбай жүргендерін де жиі естиміз. Мемлекет басшысының: «Конституциялық өзгерістер, осылайша, кезең-кезеңімен қолданыла бермек. Жаңарған Конституция толыққанды қолданысқа енуі үшін әлі көп жұмыс істеуіміз керек. Біз 20-дан астам жаңа заң жобасын әзірлеп, қабылдауымыз қажет. Басты заңдар жыл соңына дейін қабылдануға тиіс. Сонда ғана жан-жақты жаңғыруды жоғары қарқынмен жалғастыра аламыз» деген сөзіне құлақ ассақ, мұндай пікірлерден мүмкін тартынар ма едік. «Біз демократиялық реформа жасаймыз деп, мемлекетті әлсіретуге еш жол бермеуіміз керек» деген сөзінің байыбына бойлайтын болсақ та жаңару жолының асығыстықпен емес, байыппен біртіндеп жүзеге асырылатынын безбендеуге болады.
«Біз «Түрлі көзқарас, біртұтас ұлт» қағидатын берік ұстанумыз қажет. Бір-біріміздің ой-пікірімізді тыңдап, құрметтей білсек, алға қадам басамыз» деген Президент сөзі де терең ойларға жетелейді. Байқап қарасаңыз, бүгінде адамдардың өзара түсінісуі қиындаған. Кереғар пікірдегі адамдар көп. Олар елдегі игі істерге қуанбайды, тырнақ астынан кір іздеп, жақсылықтың өзін жаманшылыққа телитіні жанға батады.Жаңа көзқарастағы жастар да баршылық. Негізгі үміт – соларда.
Заң мен тәртіптің ішкі тұрақтылықтың кепілі екені де орынды ортаға салынды. Өйткені, онсыз қоғамның дамуы мүмкін емес. Осы орайда, Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел ішіндегі мына бір жағдайды дөп басып айтқанына назар аударайықшы. Жалпы, отбасын асырау үшін табанды еңбек етіп жүрген, заңға бағынатын адамдар құрметке ие болуы керектігін айта келіп, «Өкінішке қарай, бізде көше бұзақылары, жауапкершіліктен жұрдай блогерлер және масылдық пиғылмен айқай шығаратын адамдар бүгінгі күннің батырына айналды. Депутаттар мен атқарушы билік өкілдері соларға ғана баса мән беретін болды», – деді. Осыны біз өз өңіріміздегі жағдайдан да күнделікті көріп отырған жоқпыз ба? Әлеуметтік желі арқылы осындай қисынды-қисынсыз пікір таратып, толғақты мәселелердің байыбына баруға сауаты жетпейтіндерді әйтеуір тыныш жүрсінші деген ниетпен қалалық әкімдік өкілдерінің олардыарқадан қағып, «қоғамдық белсенділер» деп қолпаштап отыратыны да өтірік емес қой. Бұл – қайта бұл адамдарға жел беріп, қоғам арасында одан әрі келеңсіздік тудыратынын ескере бермейміз. «Ұлттық құрылтайға бізді неге қатыстырмайсыңдар» деп біраз «белсенділердің» өрекпуі де осындай ағаттықтың көрнекі жемісі. «Еститін Үкіметтің» мәні негізібасқада болуы керек. Идеологиялық жұмыстың өз мәнінде жүйелі жүргізілмеуі осы тәрізді келеңсіздіктің барынша бой алуына себепкер болатыны сөзсіз. Кешегі қаңтар оқиғасында бұзақылық жасағандар мен бүлікшілерді ақтап сөйлеп, ұлттық батыр жасағысы келетіндер де осындай ахуалдан соң өз пікірлерін өрбіте түсуге пейіл болары анық.
Құрылтайда саяси қолдауға ие болған кейбір адамдардың шектен тыс байып кетуіне, жемқорлықтың жаппай белең алуына адамдардың наразылығы туралы да орынды айтылды. Мемлекет басшысы арнаулы мекемеаралық комиссия құрылып, шетелге заңсыз шығарылған қаржыны елге қайтарумен айналыса бастағанын жеткізді. «Бұл – өте күрделі жұмыс, ұзаққа созылуы мүмкін. Себебі, көптеген заңдық процедурадан өту керек. Бірақ, біз қалай болса да, бұл мәселемен мұқият айналысуымыз қажет. Әйтпесе, әділетті қоғам туралы сөз қозғаудың өзі қиын болады», – деді.Құрылтайда сөз алған қоғам қайраткері Әлихан Бәйменов те осы мәселелерді қамтып өтті. Ол Мемлекет басшысының монополиядан арылуға бағытталған батыл шешімдерін қолдайтынын білдіре келіп, енді жер қойнауын пайдалану контрактілерінің жария болуын міндеттейтін заңның қажеттігіне назар аударды. Екіншіден, Үкімет осы күнге дейін беріліп келген салықтық, кедендік, тарифтік жеңілдіктер мен преференцияларға ревизия жасап, комиссия қайта шешім қабылдағанша олардың берілуін тоқтата тұруды ұсынды. Әлеуметтік шиеленістердің алдын алу үшін бай мен кедей арасындағы алшақтықты азайту, жүгенсіз жемқорлықты жою, мемлекеттік басқаруды жетілдіру жөнінде де құнды ұсыныстарды ортаға салды. Академик Асқар Жұмаділдаев Жаңа Қазақстан құру үшін бірінші сөз бен істің бір жерден шығуы, екінші – әділеттілік, үшінші – әркімнің ортақ іске құлшынысы болуы қажет екенін айта келіп, осы үшеуі орындалса нәтиже болады деген ойын жеткізді. Келелі кеңесте сөйлеушілер басқа да толғақты мәселелерді қозғады.
Түйіндеп айтар болсақ, Ұлттық құрылтайдың үш жүздің басын қосқан Ұлытауда өтуінің ұлағаты мол, мағынасы терең. Жүзге бөлінгенмен, халқымыздың рухы бөлінбегеніне қарт Ұлытау куә еді. Кейінгі кезде осы ұлттық рухымыздың әлсіреп бара жатқаны да шындық. Бірігу орнына бөлектенуге бейім болып барамыз. Рушылдық дертін қоздырып, барша қазаққа ортақ қасиетті Ұлытауды бір руға теліп, меншіктену сияқты келеңсіз қылықтың бой көрсетіп қалатынын да көріп жүрміз. Президент: «Бұл жерде барлық рулардың таңбасы тасқа жазылған. Сол арқылы бабаларымыз ұлт бірлігін көрсеткен» деуі де тегін емес. Осыған орай Әулиетаудың етегінде Мемлекеттік рәміздер алаңын ашуды тапсырды. Ол жерде көк байрағымыз асқақтап, ұрпақтар сабақтастығының жалғасып жатқанын, тамыры терең мемлекеттігіміздің жаңа дәуірі басталғанын көрсетейік дейді. Ұққан жанға аз нәрсе айтылған жоқ. Сондықтан, осы елдік үлкен жиынның түпкі мақсаты мен мән-маңызына тереңдеп бойлап, қозғалған әңгімелердің түп-тамырын түсіністікпен безбендей білсек дұрыс болар еді. Ел ішін ара-дара қылатын сыңарезу дау-дамайлардан арылып, халқымызды өрлеу жолына біріктіретін ортақ істің төңірегіне ұйыстырсақ ұтарымыз көп болатынын ұмытпайық. Ұлытау баурайындағы ұлағатты жиын бізге осыны ұқтырды.
Амандық РАХҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.