Ұлтқа адал қызмет жасап, абыройға кенелу – кейінгі дәуірде оның биік тұлғаға айналуының басты шарты. Ұлытау топырағы ондай тұлғалардан кенде емес. Қоғам игілігі жолында атқарған міндеті арқылы елдің ықыласына бөленген қасиетті мекеннің дара перзентінің бірі – Мәкен Төрегелдин. Кешегі Кеңестік дәуірде қоғамдық қызмет атқарған бірнеше қала мен ауданның Құрметті азаматы атанған Мәкен Төрегелдиннің туғанына биыл 100 жыл толады.
Бір өзі тұтас дәуірдің шежірешісіндей көрінетін тұлғаның ғасырлық мерейтойын атап өтудің алғашқы шарасы өз бастауын алды. Ұлытау облысы мәдениет, архив ісі, тілдерді дамыту басқармасының мерейтойлық күнтізбесіне сай қоғам қайраткері, Ұлы Отан соғысының ардагері, өлке тарихында айрықша із қалдырған Мәкен Төрегелдиннің құрметіне арналған «Өлке тарихының шырақшысы» көрмесі мен дөңгелек үстел жиыны өтті.
Мерейтойдың алғашқы шарасына Астана қаласынан мемлекет және қоғам қайраткері Мұхамбет Көпеев, Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Құсманғали, аймаққа танымал азаматтар мен бірқатар басқармалардың басшылары, Мәкен Төрегелдиннің көзін көріп, сыйлас болғандар қатысты. Жиынды Ұлытау облысы мәдениет, архив ісі, тілдерді дамыту басқармасының басшысы Әнуар Омар ашып, жүргізді.
Алқалы бас қосуда Мәкен Төрегелдиннің өмір жолынан сыр шертіліп, балалы қшағы, соғыс жылдарындағы майдандағы ерліктері, Жезді ауданының бірінші хатшысы болып тұрған кезеңдегі атқарған қоғамдық істері баяндалды. Мәкен Төрегелдин өлке тарихын, соның ішінде өндірістің ғасырлық шежіресін бір арнаға топтастырып, елімізде теңдессіз тұңғыш музейді еңбектене жүріп ашқан тұлға екенін кейінгілер біле бермейді. Жезді кентіндегі тау-кен және балқыту ісі музейінің іргетасын қалап, оны құнды да сирек кездесетін жәдігерлермен толықтыруда МәкенТөрегелдиннің еңбегі ұшан-теңіз. Бүгінде өзініңе сімімен аталатын музейдің қорында өлкен тарихынан сыр шертетін құнды дүниелер топтасқан.
Түркістан, Ұлытау, Жезді аудандарының Құрметті азаматы Мәкен Төрегелдин қасиетті Түркістан шаһарындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіндегі Тайқазанның көшірмесін жасатып, оны сол жерге орнатуда да зор еңбек сіңірді.
Мәдениетжәне музей саласындағы қызметі үшін «Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері» атанды. Ғылымға да үлес қосып, Ө. Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің «Құрметті профессоры» атанды.
Он алтыжыл, 1970-1986 жылдары Жезді ауданында І хатшылық қызметін атқарғанда ауданның ауылшаруашылық, өндіріс, экономика, мәдениет салалары бойынша республика көлемінде алдыңғы қатарлы аудандардың қатарына енді. Оның ауданға басшылығы тұсында Жезді үш мәрте Одақтық, республикалық деңгейдегі ең үздік белгі – Ауыспалы ҚызылТумен марапатталды. Ал он бірінші бесжылдықта аса үздік табыстарға жеткені үшін ауданҚазақ ССР-нің «Алтын Құрмет кітабына» жазылды.
Елге сіңірген еңбегі үшін Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» орденімен марапатталса, соғыс жылдарындағы ерлігі үшін І және ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордендерін омырауын атақты. Тәуелсіздік жылдарындағы мемлекеттік марапаттары да біртөбе. Оның қаламынан туындаған дүниелер кітап болып басылып шықты.
Өмірінің соңына дейін өзі қалыптастырған музейдің аумағы мен қорын кеңейтуге күш салды. Осылайша Қарсақбайдың өндірісінде шыңдалып шығып, сұрапыл соғыстың сойқанын көріп, шыңдалған. Қоғамдық қызметте абырой мен атаққа кенелген Мәкен Төрегелдин артына жас ұрпақ мақтана айта жүретін мол мұра қалдырды. Осы қызметінің барлығын дөңгелек үстел басына жиналған көпшілік кеңінен әңгімеледі.
Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Ғ. Құсманғали, мемлекет және қоғам қайраткері, Ұлытау облысының Құрметті азаматы Мұхамбет Көпеев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Мәкен Төрегелдиннің ізбасарларының бірі С. Қожамсейітов, Ө. Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің ректоры Әбділмәлік Тәкішев, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері, «Сарыарқа» асыл тұқымды қой түлігі патентінің иесі Ж. Жауқасынов, М. Төрегелдиннің шәкірттері Ф. Әжібеков, Ө. Ахметов, журналист, облыстық «Ұлытау» телеарнасының креативті директоры Б. Үмбетова, өлкетанушы, Қ. Сәтбаев атындағы тарихи-өндірістік музейдің директоры К. Балкенов, Мәкен Төрегелдиннің ұлы С. Төрегелдин сөз алды.
Мәкен Төрегелдиннің 100 жылдығына арналған көрме М. Төрегелдин атындағы тау-кен және балқыту ісі тарих музейінің, Қ. Сәтбаев атындағы тарихи-өндірістік музейі мен облыстық тарихи-археологиялық музейдің ұйымдастыруымен ақпан айының онына дейін Ұлытау облыстық тарихи-археологиялық музейдің көрме залында өтеді.Мәкен Төрегелдиннің өмірі мен қоғамдық және мәдениет саласына сіңірген еңбегімен танысамын дейтін көпшілік болса музейдің көрме залы ашық.
Айта кетейік, Мәкен Төрегелдиннің 100 жылдығына арналған ауқымды республикалық көлемдегі шара шілде айына жоспарланған. Оған облыстық мәдениет, архив ісі, тілдерді дамыту басқармасы ұйытқы болмақ.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.