Егемен елдің бет-бейнесі іспеттіөткені мен болашағын байланыстыратын басты құжаттырдың бірі – рәміздер. Оны құрметтеу әр азаматтың борышы.Қоғамымыздың әрбір мүшесі еліміздің рәміздерін мақтаныш тұтып, қадірлеп-қастерлеуге тиіс. Дамыған елдердің азаматтары осылай қалыптасады.
Елді танытар ұлттық құндылық – Ту, Елтаңба, Әнұран бүгінде төрткүл дүниеге кеңінен танылды. Айбынымызды асырған Мемлекеттік Рәміздерді құрметпен ұлықтау – әр азаматтың парызы. Ту, Елтаңба және Әнұран – солардың бірегей нышандары. Өйткені, бұл рәміздер әр мемлекеттің тәуелсіздігін білдірумен қатар, елдікке шақыратын, тұтастыққа ұйыстыратын, бірлікке үндейтін, жүректегі патриоттық сезімді оятатын, Отанды, жерді сүюге жетелейтін, ерлік дәстүрлер мен сабақтастық рухында тәрбиелеуге жұмылдыратын айшықты белгілер саналады.
1992 жылы 4 маусымда ұлттық болмысымыз бен қазақ елінің дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытушы, әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгінгі және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісін айқындайтын рәміздеріміз дүниеге келді. Рәміздер – отан тарихының әлемдік қауымдастықтағы орнын айқындайтын негізгі фактор. Мемлекетіміз саяси салмағы жағынан ілгерірек тұратын басқа елдермен иық теңестіруге мүмкіндік беретін мәртебеге ие болды.
Тудан қазақ елінің көк аспанның астындағы бейбіт сүйгіш халық екендігін, дала бүркітіндей еркін, қиядан-қияға самғайтындығын, ал алтын күн байлықты, дархандықты ұқтырғандай. ҚР мемлекеттік туының авторы – суретшi Шәкен Ниязбеков. Елтаңбаның көркемдігін айтып жеткізу мүмкін емес. Ондағы әрбір бейне халқымыздың болмысын аша түсетіндей. Шаңырақ, уықтар, аңыздағы қанатты пырақтар, жоғарғы бөлігінде – көлемді бес бұрышты жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Қазақстан» деген жазу бар, бесеуі де бір-бірімен өз үйлесімін тапқан. ҚР мемлекеттiк Елтаңбасының авторлары – Жандарбек Мәлiбеков пен Шотаман Уәлиханов. Гимнге келсек бұл да қазақтың төл туындысы, салтанатты әні. Оның шырқалуы, шарықтауы, мағыналылығы қоғамдағы атқаратын рөлі өте зор. Қазақстан Республикасының мемлекеттік Әнұранының сөзін жазған Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев, әнін жазған Шәмші Қалдаяқов. Бұл рәміздердің үшеуі де сарқылмас қазына, асыл мұра. Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері ештеңемен салыстыруға келмейтін нағыз өнер туындысы деп бағалаймын.
Мемлекеттік рәміздер – ел дамуының ажырамас бөлігі. Сондықтан қазақстандықтардың осы рәміздерге деген құрметі, оларды бойтұмардай қастерлеуі ерекше сезіліп тұруы тиіс. Рәміздер арқылы елімізді бүкіл әлем таниды. Өйткені, онда қазақ халқының бастан өткізген тарихы, мәдениеті мен дәстүрі көрініс береді. Жастардың отансүйгіштік сезімін оятады, патриотизмге үндейді, батылдыққа тәрбиелейді. Алғашқы жылдардағыдай емес, қазіргі кезде еліміздің Әнұраны мәтінін білмейтін жан кемде-кем. Ол насихаттың жемісі десек, қателеспейміз.
Төлеген БҮКІРОВ, Қазақстанның Құрметті металлургі. «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы Ардагерлер кеңесінің төрағасы.