Мақала жазу мақсатымен кәсіби мереке қарсаңында жылу энергетикасы кәсіпорнына телефон шалдық. «Ертең жылумен-сумен жабдықтау цехындағы басқару бекетінің операторы Дариға Әбдіхалықова мерейжасқа толады. Соны құттықтау салтанатына қатысыңыз. Сосын ұйымшылдығы жарасқан сол ұжым туралы жазыңыз» деді «КәсіпҚорған» кәсіподағы бастауыш буынының басшысы Надежда Керімбекова.
Жылу мен сумен жабдықтау цехының бастығы Бақытжан Баржақсынов
Түн түндігі түрілмей, таңмен таласып кеншілер қаласының шығыс шетінде орналасқан аталмыш ұжымның кеңсесіне ат басын тіредік… Жылумен-сумен жабдықтау цехы «Қазақмыс» корпорациясының кеншілер қаласындағы барлық шахтасы мен екі қазандықтың су құбыры, жылу және электр желілеріне қызмет көрсетеді. Бұл – ұзын-ырғасы 192 шақырым су құбыры мен 72 шақырым жылу желісі. Осының жүйелі жұмыс істеуін бақылау мен қажет кезінде жедел қызмет көрсету – жылумен-сумен жабдықтау цехының негізгі міндеті. Цехтағы мамандандырылған үш ұжым: жылу желісі, су құбыры және канализация, көлік және механизмдер телімдері тәулік бойы тыным таппайды. Шұғыл шаруа шығып қалса, қажет кезінде табылатын шағын электр қызметі тағы бар. Әр жерге орнатылған жеті сорғы станциясының ырғақты жұмысын қамтамасыз ету де осы цехтың мойнында. Қысқасы, қысы-жазы, көктем мен күзде қауырт жұмыс толастамайды. Су құбыры және канализация телімі күнде бір дөңнен екіншісіне сағатына 2 000 текше метр су айдайды. Жиналған су қоры хлорланып және залалсыздандырылып әртүрлі мақсатқа пайдалану үшін шахталар мен екі қазандыққа беріледі.
Цех шахтаның кермек суын шығарумен де айналысады. Сосын оны сүзгі сорғысынан өткізіп, бұрғылау өндірісінде қолдану үшін шахтаға қайта береді. Жүйенің қақ ортасындағы екінші дөңде төрт сорғы машинисі мен төрт хлорлаушы тәулік бойы ауысыммен жұмыс істейді. Ол су тазартылғасын шахталардың әкімшілік-тұрмыстық кешендеріне жіберіледі. Операторлық қызметтегі жылу мен суды есептейтін барлық жабдықты кезекші оператор тұрақты бақылауда ұстайды. Цех қалалық қазандықты да сумен қамтамасыз етеді. Барлық сорғы станциясында машинистердің жұмысы ауысыммен ұйымдастырылған. Былтыр бұрынғы Весовая кентінің қауіпті аумағындағы 6 шақырым су құбыры ауыстырылды. Жалпы жылу мен су трассасының тозығы жеткен тұсы жылда жаңартылып тұрады. Оған жетерлік қаражат жылу энергетикасы кәсіпорнының жылдық бюджетінде жеткілікті мөлшерде қарастырылған. Жылумен-сумен жабдықтау цехы ұжымының күнделікті қауырт жұмысы кеншілердің қалыпты кен өндіруін қамтамасыз етуге бағытталған. Барлық мүмкіндік сол мақсатқа жұмылдырылған.
Цехта 102 адам бар. Олардың басым бөлігі: көрсетілетін қызметтің сипатына сай газбен-электрмен дәнекерлеуші, майталман монтаждаушы, орын алған апатты жағдайды қалпына келтіру жұмысымен айналысатын және жабдықтарды жөндейтін слесарь, сорғы қондырғысының машинисі. Экскаваторшы, тракторшы және көлік жүргізушісі де баршылық. Жылу мен судың көрсеткіштерін бақылайтын төрт оператор-диспетчер тәулік бойы ауысыммен кезекшілік атқарады.
Су құбыры және канализация телімі бастығының міндетін атқарушы Бақтияр Асылбеков, слесарь Ербол Төлеген, дәнекерлеуші Жұмағали Жаңабатыров, бригадир Жәнібек Бимұрзаев
– Біздің ұжымда негізінен саланың сан қырлы ерекшелігін мінсіз меңгерген өз кәсібінің шынайы майталмандары еңбек етеді. Өзіңіз де байқаған боларсыз, ұжымның басым бөлігі – жастар. Шынымды айтсам, ұжымның әр мүшесі туралы әсерлі әңгіме тарқатып, суретке түсіртер едім. Бірақ, оның реті келмейтінін өзіңіз айтқасын, тізгінді тартуға тура келіп тұр. Қазір шағын өндірістік лездемеден кейін телімдерді аралап өтейік, сонда қолға түскенімен тілдессеңіз де, біраз сырды аңғарасыз. Ең бастысы, ұжым мүшелері арасында бір-біріне деген құрмет көрсету ахуалы қалыптасқан. Үлкені де, кішісі де өз орнын біледі. Биыл үшінші жылға айналды, жылу энергетикасы кәсіпорнында жылу беру маусымы басталар алдында «Жылу үшін рахмет!» атпен іс-шара өткізу дәстүрге айналды. Бұл – кәсіпорын басшысы, қалалық мәслихат депутаты Әшім Исановтың ұйтқы болуымен қолға алынған игі іс. Онда әртүрлі жарыс, байқау өткізіледі, өндіріс озаттарына сый-сияпат көрсетіледі. Өзіміз бұл күні дастарқан жайып, ашықжарқын әңгіме-дүкен құруды да естен шығармаймыз, – дейді жылумен-сумен жабдықтау цехының бастығы Бақытжан Баржақсынов.
Көлік және механизмдер телімінің тракторисі Төлеу Қожахметов, экскаваторшы Жұмасейіт Әлмағанбетов, жүргізуші Қалдыбай Джақчибаев.
Бәкең 1993 жылдан бері жылумен-сумен жабдықтау саласында еңбек етеді. Отыз жылға жуық еңбегінің өтеуіндей омырауынан ІІ және ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісі орын алған. Қазіргі ұжымның тізгінін қолға ұстағаннан бері де алты жыл артта қалыпты. – Ұжымның әр мүшесінің қас-қабағына қараймын. Бізге жүктелген жауапкершіліктің жүгін көтеріп, берілген тапсырманы тап-тұйнақтай қылып орындап жүрген солар емес пе? – дейді ол. Жедел өндірістік лездемеде цех бастығының нақты тапсырмасын алған бригадалар кеншілер қаласынан ондаған шақырым қашықтықта орналасқан нысандарды бетке алды…
Басқару бекетінің операторы Дариға Әбдіхалықова мен “КәсіпҚорған” кәсіподағы бастауыш буынының басшысы Надежда Керімбекова
Әлібек ӘБДІРАШ.
Суреттерді түсірген автор.