(Соңы. Басы газеттің №34 (1833) санында).
… Зуккау мен Горбенконың «Корейцті» жер жастандырып, денесін Кеңгір су қоймасының жағасына апарып өртеп жібергенін әшкерелейтін бұлтартпас айғақтар жинақталған.
… «Жетіқоңыр» совхозы шопандарының 42 қойын қарақшылық шабуыл жасап, жүк машинасына тиеп алып кеткен қару асынғандар жай ғана ұрылар емес, нағыз баскесер-нашақорлар Волченко, ағайынды Артюшенко мен Ураев еді.
… Жезқазған қаласындағы № 22 орта мектептің 10 класс оқушысы Наташаны өлтіргендер де Зуккау тобының жендеттері болатын. Бұдан басқа да нашақор сотқарлардың қолынан өмірі қиылған кінәсіз жандар қаншама.
… Міне, күні кеше және бір «жаңалық» келіп жетті. Зуккау ұрдажықтарынан оңбай таяқ жеген «Ермак» пен «Буря» аяқасты жоғалыпты. Бұл да сол Зуккаудың «ісі» болар? Бектұрсынды осы бір ой мазалады.
***
«Ермактың» да, «Буряның» да отбасы жоқ. Сонда олар туралы деректі енді кімнен білуге болады? Жалғызбасты еркектің жақын әйелі болуы тиіс қой. Иә, бар екен. Есімі Анфиса. Ол Ермек Данияровты көрмегелі үш күн өткенін айтты. Қайда жүргенінен хабары жоқ.
Сонау елуінші-алпысыншы жылдары салынған үш қабатты үйлердің тұрғындары бірін-бірі жақсы білетіні анық. Бір шаңырақ астында тұрған жандардың назарынан ештеңе де қалыс қалмақ емес. Бәрі көз алдарында. Көршілер Анфиса тұрып жатқан пәтер иесі Лена екенін айтты. Екі құрбының да жастары отыздар шамасында. Лена Анфисадан бір-екі жас кіші. Екі құрбы да жеңіл мінезді.
Көршілердің айтуынша, бір апта болды Лена да, Анфиса да көзге түспей қойды. Ол пәтерден кіріп-шыққан адам болмады. Көршілер бұдан бірнеше күн бұрын, дәлірек айтқанда 12 ақпан күні ішіп алған ер адамдардың даурықпа дауысы мен музыканың қатты үнін естігендерін айтты. Түнге қарай айқай-шу кенет тыйылған.
Ол үйдің ауласы мен маңайын әбден тексеріп бақты. Бірақ ешқандай күдікті зат, яки не қанды із, не суық қару, не жыртылған киім-кешек көзге түспеді. Ермекті қала көшесінен көрген бір жан табылсайшы, ол туралы ешбір хабар-ошар болмады. Оны ең соңғы көргендер Ленаның көршілері ғана болып шықты. Олар Ермек пен Анфиса және қастарында Буря бар – үшеуі сол 12 ақпан күні қонаққа келгендерін айтқан болатын.
***
Бектұрсын үш бірдей сәйкестікті көңіліне түйді. Біріншісі, Ермак пен Буря ұшты-күйлі жоғалды және оларды соңғы рет көргендер – Ленаның көршілері. Екіншісі, Ермак пен Буря ғайып болғаннан бері Анфиса құрбысы Ленаның пәтеріне бас сұқпады, ол түгілі пәтер иесі Лена өз пәтерінде тұруды қойды. Үшіншісі, сол 12 ақпан күнгі түнгі көңілді отырыстың ақыры тосын айқай-шумен тынған.
Бұл сәйкестіктердің бәрі қылмыс құрамынан хабар бергендей. Күдікті іс-әрекеттің бәрі Ленаның пәтеріне келіп тіреліп тұр. Ендеше пәтер ішін тексеру керек деген ұйғарымға келген.
Бірнеше көршіні қатыстыра отырып, пәтер есігін бұзып ішіне кіргенде сезікті ештеңе көзге түспеді. Бұзылған-қираған зат жоқ. Бәрі орын-орнында, пәтер іші тап-таза.
Жедел тергеу тобы пәтерде кешке дейін жүрді. Қылмыстық әрекет нышаны табылмады. Тек сарапшы-криминалистер «олжалы» болды: диваннан, еденнен, қабырғадан екі түрлі топтағы адам қанының дақтарын тапты. Мамандар мұншама қанды жоғалту адам өмірінің қиылуына әкеп соқпақ деген тұжырым жасады.
«Сол күнгі отырыстың соңы қанқұйлы айқасқа ұласқан ғой. Сонда пәтер иесі Лена қайда жүр? Оны бір білсе, Анфиса білуге тиіс. Жалпы бұл оқиғаға қос құрбының тікелей қатысы бары сөзсіз».
Есігін үй иесі Анфисаның өзі ашты. Бектұрсындар оған пәтерге тінтуге берілген санкцияны көрсетті де, іске кірісті. Темір керует астынан қара жол сөмкесін алып шыққанда Анфиса одан көз алмай телміре қарады. Ал Лена қарадай қыпылықтап, құрбысына жалтақтай берді. Бектұрсын сөмкені ашып, ішіне қолын сұқты да екі бірдей орамды алып шықты. Салмағы 3 килограмм шамасындағы марихуана еді. Сондай-ақ киім ішіне тығып алып жүруге лайықталып кесілген 28 калибрлі қосауыз шолақ мылтықты және шығарды.
Бектұрсын қара сөмкені нұсқап:
– Мынау кімдікі? Сіздікі ме? – деп сұрады Ленадан.
Ол қарадай сасып, тұтығып қалды:
– Бұл ма… Мен нетіп… – деді тұтыға.
– Кәнекей, кімдікі бұл? – деп сұрады нығырлай.
– Бұл менікі… – деді Лена қыпылықтай.
– Рас па? – деп сұрады Бектұрсын Ленаға қадала қарап.
Жедел тергеу тобының мүшелері Ленаның Анфисаға бағынышты екенін, ол екі оттың ортасында қалғандай күй кешіп тұрғанын бірден аңғарды.
Бектұрсын:
– Есірткі мен қару-жарақ үшін көп жылға сотталатыныңызды сіз білесіз бе?! – деді.
Лена қатты сасып:
– Бұл – Анфисаныкі… Бұл сөмке менікі емес, – деді.
– Лена, не айтып тұрсың?! Менікі дегенді қайдан шығардың?! – деді Анфиса алғаш рет өзінің сезім-күйін білдіре. – Менің пәтеріме паналауға келгенде бұл сөмкені өзіңмен бірге ала келгеніңді өз көзіммен көргенмін. Ал ішінде не барын мен қайдан білейін? Сенің киімдерің шығар деп ойлағанмын.
Бектұрсын Анфисаның оңай шағыла салатын жаңғақ емес екенін бірден аңғарды. Ол жедел тергеу тобындағылардың сұрақтарына аспай-саспай ойланып барып жауап берсе, ал Лена әлден-ақ үркіп, не айтарын білмей абыржып әлек. «Ленаны осы істің мән-жайын анықтау үшін «сындыруға» әбден болғандай екен», – деп ойлады Бектұрсын.
Енді әңгіме бірыңғай Ленаға ауысты. Бектұрсын оған басшылардың рұқсатымен оның пәтері есігін бұзып кіріп, ішіне тексеру жүргізгендерін, сот-криминалдық сараптама жасап, екі адамның жуылған қан дақтары табылғанын ежіктей айтты. Сондай-ақ көршілердің із-түссіз жоғалған Ермак пен Буряның оның пәтеріне кіргенін көргендерін де жасырмады.
– Бұл кімнің қаны? Данияров пен Бурыкиндікі ме? – деп сұрады.
– Б-б-біл-мей-мін, – деді Лена бір сөздің өзін зорға айтып. Аққұба жүзі одан сайын қынжу болып кетті.
– Көршілеріңнің айтуынша, пәтеріңде ырду-дырдуға ұласқан ұзақ отырыс болыпты. Төртеуіңнен басқа тағы кім болды?
– Николай, – деді Лена сыбырлап.
– Кім ол?
– Анфисаның күйеуі.
– Қазір қайда ол?
– Білмеймін.
– Мүмкін, әйелі білер? – деді Анфисаға бұрылып.
– Ол, міне, бірнеше күн болды үйге келмеді. Оның осылай анда-санда жоғалып кететін «өнері» бар, – деді ол жайбарақат.
– Оны қайдан іздеуге болатынын айтпайсыз ба?
– Білмесем немді айтамын. Сіздер ғой тыңшы, іздеп табыңыздар!
– Өз пәтеріңізде неге тұрмайсыз? – деп сұрады Бектұрсын Ленадан.
– Мен бе, енді… Анфиса көп уақыт менімен бірге тұрды, енді мен Анфисамен…
– Анфиса, Ермек пен Володяны танисыз ба?
– Иә, таныспын. Сол күні Ленаның пәтеріне Ермек пен Володя келді. Сосын сәлден соң менің күйеуім Коля маған келді. Бәріміз отырып, іштік. Сосын Коля екеуміз үйге кетіп қалдық. Одан кейін Ермекті де, Володяны да көргенім жоқ.
Бектұрсын қайтадан Ленаға бұрылды.
– Анфиса мен Николай кеткен соң пәтеріңізге кім келді?
– Басқа ешкім келген жоқ, – деді Лена жыламсырай.
– Қазір екеуіңіз де милиция бөлімшесіне бізбен бірге барасыздар, – деді Бектұрсын бұйрық үнмен. – Тергеуші жауап алады сіздерден. Жиналыңыздар!
Анфисаның күйеуі Николайды оперативтік қызметкерлер сол күнгі түнгі сағат он екіде анасының үйінен тапты. Түн ішінде мазалағанға реніш білдіргендей болды. Қойған сұрақтарға мардымды ештеңе айтпады. Өңінен де, сөзінен де әлдебір қайғы-мұңнан арыла қоймаған адамның кейпі аңғарылып тұрды. Ештеңе ашып айтқысы келмейтін шырай танытты.
Қалалық милиция бөлімшесіне әкеліп, Николайдан ресми жауап алынды.
– Лена мен Анфиса өтірікті судай ағызады. Мен Ленаның пәтерінде ешқашан болған емеспін, – деді Николай мізбақпастан.
– Жарайды, Лена өтірік айтсын және Анфиса да жалған сөйлесін. Сонда қарсы пәтердегі көрші кемпір де бізді алдағаны ма? Есік-тесігінен Данияров пен Бурыкин жоғалатын түнде сіздің Ленаның пәтерінен шыққаныңызды көріпті.
– Маған қатты ұқсайтын өзге біреу шығар ол кемпірдің көргені.
– Николай, сіз әлі де ештеңе айтпай құтыламын деп отырсыз, иә?! Шындықтың беті ашылатыны анық. Біз болған жайтты сізсіз-ақ білеміз! Оған кәміл сене беріңіз. Бірақ көрген-білгеніңізді айтпағаныңыз үшін сіз қатаң жазаға ілігесіз.
– Иә, жақсы, айтсам айтайын, – деді Николай ақыры. – Мен Ленаның пәтерінде 12 ақпан күні болдым. Бірақ онда көп отырған жоқпын. Мен Анфиса мен Ленаны әлгі екі жігітпен бірге қалдырдым да, кетіп қалдым.
– Ал Анфиса сізбен бірге кеткенін айтты.
– Иә, иә, сыртқа шығуын шықтым да, әйелімді алып кету үшін қайта кірдім. «Жетер, – дедім әйеліме. – Сен үшін кешкі ойын-сауық осымен бітті». Ал әлгі екеу мен Лена аман-сау қалған болатын.
– Әйеліңізбен үйіңізге келген екенсіз, сосын бірнеше күн бойы жоғалып кеттіңіз, тіпті жұмысқа да бармай қойыпсыз. Неге? Бұл қылығыңызды қалай түсіндіресіз?
– Анфисамен арамызда ұрыс-керіс болды. Сосын мен анамның үйіне барып қонуға бекіндім. Онда біздің ұлымыз да тұрады. Ал жұмысқа бармау себебім ауырып қалдым.
– Жұмысыңызға неге телефон шалып, ескертпедіңіз?
– Себебі… қатты сырқаттанып… шамам болмады, – Николай енді қандай өтірік айтарын білмей асып-састы.
Николай шындықты айтудан жалтарғанымен, Лена Бектұрсынға хаттамасыз болған жайттың бүге-шігесіне дейін айтып беруге келіскен еді.
Оқиға былай өрбіпті. Анфиса көңілдесі Данияров Ермекпен және Ермектің досы Бурыкин Владимирмен бірге Ленаның пәтеріне келеді. Көңілді отырыс қызған бір сәтте әйелі Анфисаны іздеп Ленаныкіне Николай келеді. Ішіс одан әрі жалғасады. Әлден уақытта Ермек пен Николай сөзге келіп қалады. Ермек пен Бурыкин жабылып Николайды ұрып жығады, ол есінен танады. Әлден уақытта есін жинаған Николай анасының үйіне барып, балтамен қаруланады да, Ленаның пәтеріне қайта келеді. Бұл уақытта арақ пен есірткінің буына мас болған Ермек пен Бурыкин қатты ұйқы құшағында еді. Николай оларды қолындағы балтасымен ұрып өлтіреді.
Ертеңіне Николай, Анфиса және Лена үшеуі келіп пәтерді жуып, тазалайды. Екі жансыз денені төсек жабдықтарымен орап, киім шкафына салып, есігі ашылмайтындай етіп жіппен байлайды. Түн ішінде шкафты өзіне келіп жүрген жігіттердің көмегімен «керексіз, ескі жиһаз» ретінде сыртқа шығарады. Николай алдын-ала келісіп келген қоқыс жинайтын арнаулы көлікке тиеп, қала сыртына апарып тастайды. Ал ішінде есірткі мен шолақ мылтығы бар сөмке Ермектікі еді, оны пәтерді жинап жүргенде Анфиса тауып алған болатын.
Лена екі бірдей өлік жатқан пәтерде тұруға қорықты. Анфиса құрбысын үйіне шақырды. Содан бері бірге тұрып жатыр. Лена болған жайтты осылайша жайып салды.
Енді Николайдың екі бірдей адамды өлтіргенін мойындауы ғана қалды. Бектұрсын онымен әңгімені жанды жерінен бастады:
– Николай, өз үйіңізден кетіп қалу себебі не?
– Айттым ғой, екеуміздің арамызда ұрыс-керіс болғанын.
– Анфисаға сонша неге ренжідіңіз?
– Егер Анфиса адал жар, қамқор ана болғанда мен бүйтіп жүрмес едім. Одан көңілім қалды. Енді ажырасуға бекідім. Басы бос әйел тұрғысында қанша еркекпен ойнап-күлсе де ерікті.
– Неге ондай ұйғарымға келдіңіз?
– Ол Ермекпен байланысып, менің көзіме шөп салып келіпті…
Бектұрсын Ленаның өзіне бар болған жайтты жайып салғанын айта келіп:
– Сіздің анаңыздың үйінен балта алып келіп, ұйықтап жатқан екеуді өлтіруіңізге Анфиса мен Ермек арасындағы байланысты білуіңіз түрткі болды ма?
– Иә, ішіп-жеп көңілді отырғанбыз. Бәрін Ермек бастады. Біз кезек-кезек түрлі анекдоттар айтып отыр едік. Алдымен Володя: «Мұның бәрін мен бұрын естігенмін, бәрі ескі», – десін. Ал, Ермек: «Саған жаңа анекдот керек екен ғой. Ендеше тыңда, – деді де, – Күйеуі әйелінің ашыналарымен бір үстелдің басында күліп-ойнап, бірге арақ ішіп отыр екен…», – деп бастады. Володя бір маған, бір оған қарап, не дерін білмей қалды. Сосын бар даусымен қарқылдай күлсін. Мен бәрін түсіндім. «Міне, анекдот деп осыны айт. Нағыз су жаңа анекдот», – деді Володя. Мені ашу қысты. Ермекке жұдырық ала жүгірдім. Арамызға Володя келіп килікті. Екеуі жабылып мені соққының астына алды. Есімнен танып қалыппын. Қанша жатқанымды білмеймін.
Өз-өзіме келісімен орнымнан тұрдым да, анамның үйіне барып, балтаны алып, Ленаның пәтеріне қайта келдім. Ермек пен Володя ұйықтап жатыр екен. Алдымен балтамен Володяның басынан, сосын диванда жатқан Ермектің басынан ұрдым. Екеуін де бірнеше дүркін ұрдым, өзімді-өзім тоқтата алмадым…
Бектұрсын қылмысын мойындағаны жазылған таспамен қоса Николайды тергеушіге тапсырды. Сөйтіп екі қаныпезердің ажалы кісіден болды. Көсемінен айрылған қылмыскерлер тобы бет-бетімен тарқады.
***
Көп ұзамай Зуккау мен ағайынды Сабыржановтардың қылмыскерлер ұясын күйрететін күн туды. 1991 жылдың көктемінде оларды тұзақтау жүзеге асты. Тұтқындау жете ойластырылғандықтан әр жерде екі-үшеуден тұтқынға алынды. Жендеттер өздеріне қатер төнгенін білмей де қалды. Соның нәтижесінде адам шығыны болған жоқ. Сонымен Зуккау мен ағайынды Сабыржановтардың өліспей беріспейтін ұйымдасқан қылмыскерлер тобы жойылды. Қанаттас қос қалада тыныштық орнады…
Гүлназ ОМАРОВА,
Шахмұрат ИБАДАТҰЛЫ.