«AMANAT» партиясы «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы Ұлытау облысы филиалының ұйымдастыруымен волейболдан Ұлытау облысы төтенше жағдай қызметкерлері арасында турнир өтті.
Турнирдің басты мақсаты – сала қызметкерлерінің арасында салауатты өмір салтын насихаттап, Ұлытау, Жаңаарқа аудандарында, Солтүстік Қазақстан облысында су тасқынына қарсы іс-шаралар жүргізіп, халыққа көмек көрсеткен құтқарушыларға құрмет білдіру. Ойынға филиалдың атқарушы хатшысы Асқар Нұржанов, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы Ардагерлер кеңесінің басқарма төрағасы Төлеген Бүкіров, төтенше жағдай басқармасы басшылығы мен ардагерлері қатысып, сәттілік тіледі.
Ойын барысында мықтылар анықталып, сыйлықтар табысталды. Атап айтқанда, III орын Жаңаарқа ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі, № 6 Өрт сөндіру бөлімінің «Арман» командасына бұйырса, II орын Ұлытау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің аппараты және Жезқазған қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының «Найман» командасының еншісіне тиді.
Қаражал қаласының Төтенше жағдайлар бөлімі және № 3 Өрт сөндіру бөлімінің «Береке» командасы I орынды жеңіп алды. Ерекше ойын үлгісін көрсеткен ойыншылар «Үздік шабуылдаушы», «Үздік ойыншы» және «Үздік бұғаттаушы» номинацияларымен марапатталды. Сонымен қатар, Асқар Сембіғалиұлы саланың дамуына үлес қосқан ардагерлерге құрмет көрсетіп, сый-сияпат тапсырды.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.