Әкесінен кейін Жезқазғанның жер қойнауындағы елеусіз ескерілмей жатқан кен қатпары мен белгісіз қазба орнын қадағалап, түбегейлі зерттеген Қаныштың қызы Мейіз болатын. Оны әріптестері «Жезқазғанның № 1 минирологі» деп тегін атамаса керек?! Әттең қысқа ғұмыр көздегеніне жеткізбеді. Оның зерттеу жұмысынан хабары бар әріптестерінің айтуына қарағанда, ол тірі тұрғанда екінші Үлкен Жезқазғанның тұсауы кесілер ме еді?!
Геология саласында жасын ойнатқан тұлпардың тұяғы артында жезқазғандықтардың қажетіне жарайтын қыруар құнды ғылыми мұра қалдырды.
Академик Қаныш Сәтбаев Жезқазғанға келген соңғы сапарында былай дегені белгілі: «Менің қымбатты жезқазғандық достарым! Ежелгі адал достарым! Жезқазған даласының байлығын дәлелдеу үшін, осында үлкен қала салу үшін сіздер мен біздер қиындықтарды жеңдік… Достар, Жезқазғанды көздің қарашығындай сақтауды сіздерден өте өтінемін. Біздің байлығымыз орасан болғанымен, шексіз емес». Өсиетке бергісіз сөз емес пе?! «Аманат!» деп айтсаң да артық емес.
Жезқазған кен орнын жүйелі пайдалану Қарсақбай металлургиялық заводы қатарға қосылған 1928 жылдың қазанымен қатар басталғанын білеміз. Осы уақыт аралығында бірнеше ұрпақтың буыны ауысты. Аймақ та өзгерді. Жезқазған шахтасының шыңырауынан шикізат шығару үдерісі ғана үзілмей келеді. Бір ғасырға жуықтады. Керемет!
Өткен ғасырдағы тоқсаныншы жылдардың ортасында Жезқазған қазба байлығы «Қазақмыстың» қолына көшті. Корпорация басшылығының кен өндіру жұмысын жаппай механикаландыру, жерасты кенішінде кенді тұтас алу жүйесін енгізу, баланстан тыс қорды өндіру арқылы кеніштің ғұмырын ұзартуға бағытталған тірлігіне қарамастан, қазба орнындағы барланған кен қоры түгесіліп барады.
Әрине, бұл компания басшылығын ғана емес, қайлаға қараған кеншіні де, кенді үмітіне балаған ауыл-аймақтың адамын да алаңдатады. Өйткені, осы өңірде қазір кенішке «кіндігі байланбаған» отбасын таппайсың. Тіпті ауылдағы фермердің баласы да бүгінде шахтаның шаңын қағып жүр. Алайда, мыс алыбының болашағы бұлыңғыр емес. Үміттендіреді. Кен қоры таза таусылған жоқ.
Біз «барланған кен қорының» ғана түгесіліп бара жатқанын айттық. Ендеше, тірнектеп іздестірсек, сынаманы тереңнен тартсақ, әлі талай кен қоры табылады. Осы жерде Қаныштың қызы қалдырып кеткен Жезқазған қазба орнындағы кеннің минерологиясы жөніндегі көп жылғы зерттеу еңбегіңе жүгінген жөн секілді. Үкілі үмітіңді оятатын дүние!
Мейіз Сәтбаеваның Жезқазған кенінің минералогиясына қатысты ұзақ жылғы жүйелі зерделі зерттеуі оның пайда болу негізі эндогендік (тереңдегі) текке жататынын анықтап, тәптіштеп түсіндіріп берді. Мұндай тиянақты тұжырым беймәлім кен қатпарын Жезқазған кенді аймағының тереңдегі горизонтынан іздестіру, ал келешекте зерттеу жұмысын Сарысу ойпатының аумағына, демек, Жезқазғанның оңтүстігі мен оңтүстік-шығысына қарай ойыстыру қажеттігін алға тартты.
Сарысуды сосын көре жатармыз, біз осының біріншісіне сәл-пәл жеке тоқталсақ дейміз. Беймәлім кен қатпарын Жезқазған кенді аймағының тереңдегі горизонтынан іздестіруді мегзегенде Мейіз Қанышқызы бірінші кезектегі нысан ретінде «Покро – Оңтүстік-Батыс» телімінің оңтүстік-шығыс бөлігін ұсынды. Сонау 1985 жылы айтылған ақыл-кеңес күні бүгінге дейін құндылығын жойған жоқ.
Тек туындаған негізгі қиындық – кені алынған кеңістік арқылы бұрғылау мүмкін еместігі. Жоғарғы горизонттың кені алынып, бос кеңістік пайда болғандықтан, төменгі горизонтты бұрғылау үшін станокты жердің астына түсіру керек еді. Бұл идея кезінде күрделі көрінді, оның үстіне өндірісшінің барлығы бірдей қолдай қоймады, арасынан қарсылық танытқаны да табылды. Соның салдарынан ұзақ жыл жұмыс жүргізілмеді.
Тек 2003 жылы шілдеде «Қазақмыс» компаниясының басшылығы жердің астында скважина бұрғылау арқылы іздестіруді бастауға нұсқау берді. Жер астында бұрғылау бағдарламасын жүзеге асыру үнемі күрделі техникалық қиындыққа кездесе берді. Бірақ, «Покро – Оңтүстік-Батыс» телімінің кен қатпары болуы ықтимал деп Мейіз Сәтбаева жорамалдаған жобаның солтүстік-батыс беткейінен бұрын беймәлім болып келген жаңа кенді аймақ табылды.
Бастапқыда кен қатпары шахтада бұрғы салған жерден емес, жер бетінен есептегенде 440-450 метр тереңдіктен кездесті. Оның толық техникалық сипаттамасына бас қатырмай-ақ қояйық, белгілісі – кені құнарлы телімдегі мыстың үлесі 10,95% болса, тоннасына 1092 грамм күміс тиесілі екендігі анықталды. Ал, жалпы алғанда орташа көрсеткіш мыстан – 2,04%, ал күмістен 240 грамм болды.
Мұндай кенді аймақтың жалғасы солтүстік-батысқа қарай 450 метрден кейін кездесті. Жер бетінен 510-530 метр тереңдікте тағы да мыс пен күміс минералы жатыр екен. Алғашқы кен қатпарының ені 80-85 метр болса, кейінгісі 120 метр болып шықты. Алайда, кендегі металл үлесі біркелкі емес, ала-құла еді. Тағы бір ерекшелігі – мысқа қарағанда күмістің үлес салмағы анағұрлым артықтығын аңғартты, кейбір жерде тоннасына 1271 грамға дейін жетті.
Бұл кен қатпарындағы негізгі металл, әрине, мыс пен күміс. Тек аймақтық бөлініс жағынан алып қарағанда айқын айырмашылық аңғарылады. Айталық, кенді аймақтың орталық және солтүстік-шығыс бөлігінде мыс мол, ал, оңтүстік-батыс қапталында күміс басым. Демек, кейінгісі әдеттегідей Жезқазған кен қазбасына тән күміс араласқан мысты кен қатпары емес, керісінше мыс араласқан аса құнарлы күміс кені болып қалыптасқан.
Атқарылған жұмыстың нәтижесі өмірлік маңызы жағынан да, ғылыми тұрғыдан да, сөзсіз, қызығушылық тудырады. Себебі, алынған дерек Жезқазған кен қыртысының әлі де ашылмаған қыры жеткілікті екенін көрсетеді. Сондықтан, байыпты зерттеу барысында әлі талай «тосын сыйға» тап болу әбден мүмкін. Жасырын жатқан кен қатпарын зерттеу жобасы жаңа ғана басталды, бірақ, қалыптасқан күрделі кен-геологиялық жағдай салдарынан жеріне жеткізілген жоқ.
Соған қарамастан, атқарылған азды-көпті жұмыстың нәтижесіне қарап-ақ Жезқазған қазба орнының тереңінде әлі де ашылмай жатқан кен қорының бар екендігі ешқандай күмән тудырмайды, оған бұрынғыдан да көз жете түсті. Бұл – ұзақ жыл бойы әкесі ашқан кен орнын зерттеуде тынымсыз тер төккен Мейіз Қанышқызының жасаған батыл болжамының берекелі нәтижесі.
Тұлпардың тұяғы 2007 жылы өмірден озды. Ғибратты ғұмырында 70 ғылыми еңбек, 2 монография жазды. Құрамы ренийге бай кен түзуші минералдардың құрылымдық-морфологиялық ерекшелігі туралы докторлық диссертация қорғады.
2019 жылы қарашада ғұмырының соңында 27 жыл тұрған Алматының Құрманғазы көшесіндегі №20 үйге ескерткіш тақта орнатылды.
Әлібек ӘБДІРАШ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.