Кен өндіру, байыту, металлургия және өзге де өндірістік құрылымдардан зейнеткерлікке шыққан ардагерлердің басын біріктіріп отырған «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС Ардагерлер кеңесі қанатын кеңгей жайған ұйым.
Бүгінде оның Жезқазған, Сәтбаев, Қарағанды, Балқаш қалаларында филиалдары жұмыс жасауда. Бес жыл сайын есеп беру конференциясы өткізіліп, атқарылған жұмыстар сараланады. Бүгінгі таңда Ардагерлер кеңесі мен «КәсіпҚорған» кәсіподағында серіктестік берік қалыптасқан. Кеше Жезқазған қаласындағы «Amanat» партиясының ғимаратында Ардагерлер кеңесінің қорытынды есеп беру жиыны өтті. Оған «КәсіпҚорған» кәсіподағынан Абзал Жаңабергенов пен Еркебұлан Балмұқан қатысты.
Жиын барысында «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС Ардагерлер кеңесінің Басқарма төрағасы Төлеген Бүкіров 5 жылда атқарылған жұмыстарды баяндады. Одан кейін ревизиялық комиссияның есебі тыңдалды. Ардагерлер кеңесінің басқарма құрамына мүшелер сайланды. Жезқазған, Сәтбаев, Қарағанды, Балқаш қалаларынан келген 100-ден аса делегат бірауыздан кеңестің шаруасын жүйелі жүзеге асырып келе жатқан Төлеген Нұрмағанбетұлы Бүкіровті Басқарма төрағалығына қайта сайлады.
Төлеген Нұрмағанбетұлы Қазақстанның құрметті металлургі, Қарағанды облысының Құрметті азаматы. Мыс өндірісінің дамуы мен қалыптасуына ерекше үлес қосқан еңбек сіңірген инженер-металлург. Техника ғылымдарының кандидаты. 2015 жылдан бастап «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанынан құрылған «Ардагерлер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.
Есеп беру жиынында «КәсіпҚорған» кәсіподағы төрағасының орынбасары Абзал Жаңабергенов кәсіподақ төрағасы Уәлихан Нұржановтың Құрмет грамотасымен ақшалай сыйлығымен 10 ардагер, Сонымен қатар, Басқарма төрағасы Төлеген Бүкіров, Ардагерлер кеңесіңнің Жезқазған филиалының жетекшісі Алтын шайменова мен Сәтбаев филиалының төрағасы Абулаис Молахов Жезқазған филиалының төрағасы Ақылбек Төлепбергеновтің Алғыс хатымен марапатталды.
«КәсіпҚорған» кәсіподағы өндіріс ардагерлерінің ұйымын қолдай отырып, алдағы уақытта да серіктестікті арттыра беремек.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.