Ұлытау облысына іссапармен келген ҚР Парламенті Сенаты депутаттары жергілікті халықпен кездесіп, бірқатар өндірістік нысандарда болды. Халық қалаулыларының аймаққа сапары барысында «КәсіпҚорған» кәсіподағының төрағасы Уәлихан Нұржанов ҚР Парламенті Сенаты депутаты Советбек Медебаевпен кездесіп, еліміздегі кәсіподақтардың өзекті мәселелерін алға тартты.
Бүгінгі таңда Қазақстанның кәсіподақтары заңнамалық деңгейде өз функцияларын толыққанды жүзеге асыру үшін барлық қажетті құралдарға қол жеткізе алмай отыр. Мемлекеттік органдардың кәсіподақтарды нормативтік-құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуге тарту міндеті бар. Атап айтқанда, «Кәсіптік одақтар туралы» Заңның 16-бабы 1-тармағының 11-тармақшасына сәйкес кәсіподақтар азаматтардың еңбек және әлеуметтік құқықтары мен мүдделерін қозғайтын нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеуге қатысуға құқылы. Алайда, осы құқықты іске асыру үшін заңнамада мемлекеттік органдардың азаматтардың еңбек және әлеуметтік құқықтары мен мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің жобаларын бастапқы сатыда әзірлеуге және талқылауға тарту үшін корреспонденттік міндеті жоқ.
– «Құқықтық актілер туралы» ҚР Заңының 18-бабының 1-тармағына сәйкес жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуге Қазақстан Республикасының Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы мен жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктері өкілдерінің қатысуы міндетті. Осы баптың 2-тармағы нормативтік құқықтық актіні әзірлеуші органды сараптамалық қорытынды алу үшін жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын заң жобасының тұжырымдамасын жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктеріне және Қазақстан Республикасының Ұлттық Кәсіпкерлер палатасына жіберуге міндеттейді. Бұл заңда кәсіподақтар бірлестіктерінің азаматтардың еңбек және әлеуметтік құқықтары мен мүдделерін қозғайтын нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеуге міндетті түрде қатысуын және сараптамалық қорытынды нысанында тиісті келісуді көздейтін норма жоқ. Бұл жағдай кәсіподақтар мен олардың бірлестіктері атынан қызметкерлер өкілдерінің құқықтары мен заңды мүдделерін кемсітеді. Осыған байланысты кәсіподақтар бірлестіктерінің тиісті нормативтік құқықтық актілерді (мұндай актінің деңгейін ескере отырып: республикалық, аумақтық немесе салалық) жобаларды әзірлеуге және сараптауға міндетті түрде қатысуы осындай қатысудың ең жақсы және тиімді нысаны болып табылады деп есептейміз, – деді төраға.
Сонымен қатар, Уәлихан Нұржанов азаматтардың еңбек және әлеуметтік құқықтары мен мүдделерін қозғайтын нормативтік-құқықтық актілердің қоғамдық мониторингі бөлігінде республикалық, аумақтық кәсіподақтар бірлестіктеріне және салалық кәсіподақтарға қатысты «Кәсіптік одақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында осындай норманы көздеу ұсынылатынын жеткізді.
– Кәсіподақтардың негізгі функцияларының бірін құрайтын қоғамдық бақылау институтын дамыту бойынша нақты шаралар қабылдау қажет. ҚР Еңбек Кодексінің 155-бабына сәйкес, ҚР еңбек заңнамасының сақталуына қоғамдық бақылауды жүзеге асыру құқығына қызметкерлердің республикалық және салалық бірлестіктері ғана берілген. Яғни, егер мұндай тәртіп пен шарттар болмаса, онда бұл норма іске асырылмаған, декларативті болады. ҚР Еңбек Кодексі қоғамдық бақылау тетігін қарастырмайды. «Кәсіптік одақтар туралы» ҚР Заңының 20-бабында белгіленген кәсіподақ мүшелерінің құқықтарының сақталуына қоғамдық бақылауды жүзеге асыру тәртібі жеткіліксіз деп санаймыз, өйткені ондағы қоғамдық бақылау тек кәсіподақтардың өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша тұрақты негізде және өндірістегі жазатайым оқиғаларды тергеу жөніндегі комиссияның құрамында аттестаттауға қатысуына ғана шектеледі. Егер тиісті келісімдер мен ұжымдық шарттарда қоғамдық бақылауды жүзеге асырудың шарттары мен тәртібі болмаса, онда қоғамдық бақылау іс жүзінде жүзеге асырылмайды. Осыған байланысты ҚР ЕК-де әлеуметтік әріптестік туралы келісімдерде және ұжымдық шарттарда қызметкерлер өкілдерінің қоғамдық бақылауды жүзеге асыру шарттары мен тәртібін белгілеу жөнінде императивті талап белгілеу қажет. Еңбек заңнамасының сақталуына қоғамдық бақылауды күшейту мақсатында кәсіподақтар ҚР ЕК 155-бабын жаңа редакцияда жазуды ұсынады, – деді Уәлихан Нұржанов.
«КәсіпҚорған» кәсіподағының төрағасы бұл ретте Қазақстан кәсіподақтарының алты бағыттан тұратын өзгертулерді алға тартты:
- Қызметкерлердің өкілдері ҚР еңбек заңнамасының сақталуына қоғамдық бақылауды жүзеге асырады.
- Еңбек заңнамасының сақталуын қоғамдық бақылаудың мақсаты мен міндеттері заңдылықтың сақталуына жәрдемдесуді қамтамасыз ету, сондай-ақ еңбек заңнамасының бұзылуының алдын алу және жою болып табылады.
- Еңбек заңнамасы нормаларының сақталуын бақылауды жүзеге асыру үшін қызметкерлердің өкілдері қоғамдық бақылау қызметтерін құра алады.
- Қызметкерлер өкілдерінің келісімдер мен ұжымдық шарттардың орындалуы, келісу және татуластыру комиссияларының жұмыс барысы туралы ақпарат сұратуға құқығы бар.
- Қызметкерлердің өкілдері жұмыс берушілермен келісім бойынша бірлескен жоспарлы тексерулерге қатысу үшін өз мүшелерінің мүдделерін қорғау мақсатында тікелей өтініштер арқылы заңнамаға сәйкес еңбек жөніндегі мемлекеттік инспекторлармен өзара іс-қимыл жасайды.
- Қоғамдық бақылауды жүзеге асырудың қосымша тетіктері, шарттары мен тәртібі келісімдерде және ұжымдық шарттарда көзделуі мүмкін.
Сонымен қатар, оның әртүрлілігі – ұжымдық шарттар мен келісімдердің орындалуын бақылау қоғамдық бақылаумен тығыз байланысты. Бақылауды жүзеге асыру кезінде тараптар өз иелігінде бар барлық қажетті ақпаратты беруге міндетті.
Жоғарыда айтылғандардың негізінде әлеуметтік-экономикалық саясатты қалыптастыру және жүзеге асыру кезінде кәсіподақтардың құқықтық мәртебесін нығайтуға бағытталған Қазақстан Республикасының заңнамасына бірқатар түзетулер қабылдауды да төраға Сенат депутатына жеткізді.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.