Дүйсенбі, 16 Маусым , 2025
  • Редакция
  • Газет тарихы
  • Жарнама
  • Баспасөзге жазылу
  • Байланыс
Cuprum News
  • Жаңалықтар
  • Мақалалар
    • Экономика
    • Әлеумет
    • Қоғам
    • Өнер
    • Білім
    • Зерде
    • Спорт
  • «Қазақмыс»
    • Өндіріс өрісі
    • Өндіріс өрендері
    • Топжарған
    • «Қазақмыс» құрылымдарында
    • «Қазақмыс»: әлеуметтік серіктестік
    • «Қазақмыс»: қолдау
  • Кәсіподақ тынысы
  • Кіру
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
Cupum News
Басты бет Жаңалықтар

Төлеген БҮКІРОВ, техника ғылымдарының кандидаты: «Осмий – өркениет өнімі»

16.05.2025
- Жаңалықтар
0
Төлеген БҮКІРОВ,  Ұлттық құрылтайдың мүшесі:  «Ұлы  даланың ұлық жиыны –  қоғамдағы өзекті мәселені көтеретін алаң»
68
БӨЛІСТІ
188
ҚАРАЛДЫ
Facebook арқылы бөлісуTwitter арқылы бөлісу

«Жаңа заманның мұнайына» айналған сирек және жерде сирек кездесетін металл кеніштерін игеру басты бағыттың бірі болуы керек».

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ
«Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты
Қазақстан халқына Жолдауынан.

Осмий табиғатта 7 изотоп түрінде кездеседі. Осының ішінде «Осмий-187» әлемде тек үш елде – АҚШ пен Австралияда және Қазақстанда өндіріледі. Ол туралы мәлімет өте аз. Нақты бағасы да белгісіз. Ашық саудада сатылмайды. Қара базарда өте қымбат. Қазақстанның ресми түрде шетелге сату жобасы бірнеше мәрте сәтсіз аяқталған. Ал, қазіргі жағдайы құпия.

Жезқазғанда «Осмий-187» алғаш таза металл түрінде алынғанына биыл – 30 жыл. «Қазақмыс» корпорациясы Ардагерлер ұйымының төрағасы, Қазақстанның Құрметті металлургі Төлеген БҮКІРОВ – осы шаруаның басы-қасында болған маманның бірі.

– Төке, әңгімені Жезқазған кенінде кездесетін рений мен осмийдің тарихын тарқатудан бастасақ…

– Қалауың білсін, кейінгілердің біле жүргені де артық болмас.

Сондай-ақ оқыңыз

«Қазақмыстықтар» «Алтын Гефест – 2025» байқауында жоғары марапатқа ие болды

«Қазақмыстықтар» «Алтын Гефест – 2025» байқауында жоғары марапатқа ие болды

13.06.2025
AMM 2025: «Қазақмыстың» негізгі бағыттары мен бастамалары

AMM 2025: «Қазақмыстың» негізгі бағыттары мен бастамалары

13.06.2025

Рений (Rhenivm) Re – Менделеев таблицасының VII тобындағы химиялық элемент. Табиғатта бар екенін 1871 жылы Д. И. Менделеев болжаған, 1925 жылы колумбит минералын зерттеу кезінде ағайынды неміс ғалымдары Ида мен Вальтер Ноддоктар және О. Берг ашқан.

Атауы Германиядағы Рейн өзенінің латынша (Rhenus) аталуынан шыққан. Табиғатта молибденитпен бірге кездеседі. Қазақстан ғалымдары ренийдің жалғыз минералын (Re3Mo3Pb4S16) ашып, оны «Жезқазғанит» деп атады. Ренийдің вольфраммен қорытпасы электр шамы мен вакуумдық аспаптардың қыздырғыш сымдарын, баяу балқитын қорытпасы ұшақ пен зымыран тетіктерін жасауға және катализатор ретінде қолданылады.

ҚР Ғылым Академиясының тұңғыш президенті, ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаев Орталық Қазақстанның болжам-металогендік картасын жасағанда Жезқазған өңірінде мол мыс қорынан тыс, кен жынысының құрамында сирек кездесетін түсті металдар бар екенін ғылыми жолмен зерделеп шыққан еді. Яғни, 21 түрлі химиялық элементті, атап айтқанда қорғасын, мырыш, алтын, күміс, молибден, сурьма, селен, теллур, рений, осмий сияқты бағалы металды өндірістік жолмен айырып алу арқылы кен өндіруден түсетін қыруар байлықты еселеуге болады. Ғалым-геологтардың дерегі бойынша, әлемдегі ренийдің – 30, «Осмий-187» изотопының 99%-і Жезқазған кен орындарында шоғырланған.

Елдің сан салалы өндіріс орындарына қажетті осы сирек металдың химиялық таралу заңдылығын зерттеу, кен құрамындағы рений және осмий сияқты құпиясы мол металдың үлесін анықтап, оларды өндіруді жолға қою бағытында көптеген ғылыми мекеме мен институтта ізденіс пен зерттеу шаралары үздіксіз жүргізіліп отырды. Жезқазған кен қорында рений, осмий сияқты бағалы металдың бар екенін алғаш анықтаған Қ. Сәтбаевтың серіктестері, көзі қарақты ғалымдар С. К. Калинин, Т. А. Кошкина, Э. Е. Файн кендегі негізгі минералдар көлемі ұлғайған сайын ренийдің мөлшері де өсіп отыратындығын ғылыми негізде дәлелдеді. Кейіннен осы мәселені зерттеу ісіне ғалымдар Е. К. Аркаев, К. Жәминов, Л. Ф. Наркелюк, Е. М. Поплавка, М. Сәтбаева да ден қойды.

Ал, енді осмий жайында сөз қозғасақ, мыс кені құрамында кездесетін бұл сирек металдың ерекшеліктерін алғаш зерттегендер – Қазақстан Ғылым Академиясының академигі, геология және минерология ғылымдарының докторы С. К. Калинин мен химия ғылымдарының докторы Э. Е. Файн. Осмий Жезқазған мыс кені жынысының құрамында рений изотоптарының бір түрі ретінде кездеседі. Ренийдің екі изотоптан («Рений-185» және «Рений-187») тұратынын, табиғи рений құрамында олар тиісінше 37,07 % және 62,93 % болатынын, «Рений-187» изотопы 75-атомнан кейін ыдырап, 76-атомында «Осмий-187» изотопы құралатынын дәлелдеген ғалымдар, оны өндіріске енгізу технологиясын игеру қажеттілігіне назар аударды.

– Рений мен осмий Жезқазғанда қай жылдан өндіріле бастады?

– 1973 – 1975 жылдары мыс қорыту заводында тәжрибелік қондырғылар орнатылып, шайылған күкірт қышқылынан аммоний перренатын (рений тұзы) өндіру қолға алынды. 1976 жылы сирек металдар цехы іске қосылды.

Өткен ғасырдың соңғы он жылдығында елде тоқырау басталғаны белгілі. Жалақы беру қиындап кетті. Қызметкерлер 2-3 ай жалақы алмайтын. Қазақстан бойынша солай еді. Айлықтың орнына азық-түлік беретін. Сондай қиын-қыстау кезде, 1991 жылы мамырда завод директоры мені сирек металдар цехына басшы етіп жіберді. Алғашында барғым келмеді. Себебі, бұл цехтың жұмысы жүрмей тұрған.

Цехқа алғаш басшы болып барғанда ғылыми орталықтармен 13 келісімшарт бар екенін білдім. Оның 12-сі Москва және Ленинград институттарымен жасалыпты. Біреуі ғана Алматы металлургия және байыту ғылыми институтымен жасалған. Тек сол Алматыдан ғана нәтиже шығардық. Жылдың аяғында алғаш рет рений қышқылын алдық. Жоба бойынша сирек металдар цехы қалдықтан рений тұзын алады. Оның құрамындағы рений – 69 %.

Қаныш Сәтбаев атындағы геологиялық ғылыми-зерттеу институтынан, Алматыдан мамандар келді. Ғалымдар арасында 83 жастағы Сергей Калинин де болды. Қанекеңнің шәкірті екен. Алғашқы академиктің жары Таисия Алексеевна Кошкинамен бірге жұмыс істеген. Калинин маған осмий туралы кітабын ұсынып тұрып: «Жезқазған кенінің құрамындағы сирек металдар мұндай мөлшерде басқа жерде кездеспейді. Бұл – табиғаттың сендерге тартқан сыйы. Енді осмийдің таза металын алу технологиясын жасаңдар. Құрамында осмийі бар шикізатты жинай беріңдер» деген еді. Мен мұны қарт ғалымның бізге тапсырған аманаты деп қабылдадым.

1991 – 2001 жылдары сирек металдар цехы ғылыми- тәжрибелік алаңға айналды десек болады. Кәсіпорында өндіріс қалдықтарынан сирек металл өнімдерінің жаңа түрлерін өндіру жолында ғылыми-зерттеу іс-шаралары жүйелі жалғасып, тоқтаусыз жүруіне ҚР ҒА-нан академик Е. Пономарева, техника ғылымдарының докторы З. Әбішева, химия ғылымдарының докторы А. Н. Загородняя, техника ғылымдарының кандидаты Л. Агапова, геология институтынан техника ғылымдарының докторы Э. Файн, техника ғылымдарының кандидаты М. Мадин, Қарағанды химия-металлургия институтынан техника ғылымдарының докторлары Т. Оралов пен С. Исабаев, техника ғылымдарының кандидаты Б. Хасен көп еңбек сіңірді, жетекшілік жасады.

Сирек металдарды өндіру көлемін арттыру, сапасын жақсарту туралы үлкен бағдарлама жасалып, бекітілді. Тоқтаусыз жүргізілген жұмыс өзінің нәтижесін берді. 1991 жылы қазанда электродиализ қондырғысы орнатылып, өндіріс қалдығынан – рений қышқылы, қорғасын шаңынан – қорғасын суригі, 1995 жылы 15 мамырда – таза «Осмий-187» металы, 1996 жылы желтоқсанда – ренийдің таза металы, 1999 жылы өндіріс қалдығынан (свинцовый кек) – үш негізді қорғасын сульфаты және осы қалдықтың құрамындағы рений мен осмий алғаш рет алынды. 2001 жылы наурыз-маусымда мыс концентратынан перренат аммониін өндіру көлемін белгіленген 45 %-тен 67 %-ке жеткіздік, бұл – сол кездегі керемет өндірістік көрсеткіш болатын.

– Төке, басшылықта болған кезіңізді біршама білеміз. Бірақ, бірден басқару тізгінін ұстамаған шығарсыз?! Жалпы бұл салаға қашан, қалай келдіңіз?

– Әкемнің інісі Сүтемген ағаны аймақ жұртшылығына таныстырып жатқаным артық болар?! Өңірге өзіндік қолтаңбасын қалдырған өлкетанушы еді. Облыста тарихи-археологиялық мұражайдың іргетасын қалап, басқарған. Жезқазғанға қаламгер-тарихшылардың жолы түссе, үйге ертіп келетін. Баламыз, қонақтардың қолына су құйып, қызмет жасайтынмын. Әлкей Марғұланды көрдім, одан бөлек талай тарихшы мен ақын-жазушының әңгімесін тыңдап өстім. Соның әсері ме, жас кезімнен тарихи кітапты көп оқыдым. Тарихқа құштар болдым. Бірақ, әкемнің жұмыс орнына барып, өндірісті көріп өскеннен болар, есейе келе металлург мамандығын таңдадым.

6-7-класта оқып жүргенде Жезқазған мыс заводының іргетасы құйыла бастады. Әскерден келген соң балқыту цехына пештер мен газ құбырларын тазалаушы болып жұмысқа орналастым. Екі жылдай жұмыс істеп, 1975 жылы кен-металлургия комбинатының жолдамасымен Алматыдағы Қазақ политехникалық институтының металлургия факультетіне оқуға түстім. Оны 1980 жылы ойдағыдай аяқтап, келгесін металлургия цехына балқытушы болып орналастым.

Одан әрі қызмет сатысымен ауысым шебері, аға шебер, учаске бастығы, цех бастығы, завод директорының орынбасарлығына дейін көтерілдім. 1991 – 1995 жылдары сирек металдар цехында бастық болдым. 1995 жылы қыркүйекте ҚР Үкіметінің қаулысымен «Жезқазғансирекмет» республикалық мемлекеттік кәсіпорны құрылды. Келесі жылы қаңтарда осы мекемеге атқарушы директор болып шақырылдым. 7 айда екі Бас директор ауысып, 1996 жылдың шілдесінен Бас директордың міндетін атқарушы болып істедім. 1997 жылы шілдеде Бас директор болып тағайындалдым.

– Осмий таза металын қалай алдыңыздар? Таза осмийді сатуға талпынып көрдіңіздер ме?

– Осмий – аса қымбат металл. Ол кезде оны өндіру туралы жоғарыдан келген жоспар немесе нұсқау болмады. Әлгі академик ақсақалдың айтқаны көкейімде қалып қойды. 1991 жылы Алматыдағы металлургия және байыту институтымен келісім-шарт жасалды. Институт ғалымдарымен пікірлесе келе, оны зерттеуге кірістік. Әдепкіде, мыс кенімен келетін рений мен осмийдің байыту фабрикасында, заводтың металлургия және күкірт қышқылы цехтарында алынатын өнімдегі көлемі мен құрамын зерттедік.

Екінші кезеңде қара тұнбадан таза осмий металын алу технологиясын зерттеп, дайындық жұмысын жүргіздік. Сырттай аспирантураға түстім. Зертханалық, өндірістік-тәжірибе қондырғылардың жобасын жасаттық. Оларды орнатып, цехтың инженерлері мен жұмыскерлерін оқытып, жаңа өнім алуға дайындадық. 1992 жылдың басында келісімшарт жасап, осмий алуды бастадық. 1993-94 жылдары тәжірибе алып, үйрену үшін институтпен тығыз байланыс орнаттық, цех жұмысшыларын сол жаққа жіберіп отырдық.

1995 жылы 15 мамырда Жезқазғанда әлемде алғашқы таза осмий металын, 1997 жылы өндіріс қалдығынан таза рений металын алдық. 58 ғылыми еңбегім отандық және шетелдік басылымдарда жарияланды, 16 ғылыми жаңалығым патенттелді. 1998 жылы «Құрамында рений бар аммиакты сульфатты ерітіндіден осмий алудың технологиясын жасау» деген тақырыпта Алматыда кандидаттық диссертация қорғадым.

Қазақстан Үкіметінің ұсынысымен 1998-2000 жылдары үш рет осмий металын сатуға келісім-шарт жасалып, Германияға апардым. Таунштайн қаласындағы Фрезениюс институтының зертханасында химиялық және изотоптық талдау жасалды. Қорытындысы келісім-шартта көрсетілгеннен де жоғары болды. Бірақ, белгісіз себептермен осмий сатылмады.

– Өндіріс қалдықтарынан дайын товарлар алуға бола ма?

– Әрине, әбден болады. Бұл туралы жоғарыда айтып кеттім (рений қышқылы, таза рений металы, қорғасын суригі, үш негізді қорғасын сульфаты). Жалпы жер қойнауынан өндірілетін кендердің құрамындағы негізгі металдарды ғана алмай, олардың құрамындағы басқа металдармен қоса сирек және өте сирек кездесетін металдарды пайдаға жаратуды қолға алған абзал. Сирек кездесетін металдарды өндіру керектігін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жиі айтып келеді.

Таяуда Самарқандта өткен «Орталық Азия – Европа Одағы» саммитінде сөйлеген сөзінде ол Астанада сирек кездесетін металдарды зерттейтін аймақтық орталық құруды ұсынды. Аталған ғылыми мекеме кәсіпорындар мен инвесторларды игеруге болатын кеніштер, технологиялардың дамуы туралы өзекті ақпаратпен қамтамасыз етеді.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, сирек кездесетін минералдарды игеру саласындағы ынтымақтастықтың стратегиялық маңызы зор. Бүгінде Қазақстанда Европа Одағы экономикасына қажетті 34 шикізаттың 19 түрі өндіріледі. Оның қатарында уран, титан, мыс, литий, кобальт, вольфрам және басқа да көптеген элемент бар.

– Соңғы сауал. Әлемде алғашқы болып «Осмий-187» металын алудың технологиясын зерттеп, жасадыңыздар және таза металл түрінде алдыңыздар. Осы еңбек үшін мемлекет тарапынан қандай марапатқа ие болдыңыздар?

– Шынымды айтсам, бұл туралы ойланбаппын. Өз басым марапат үшін еңбек жасаған жоқпын. Алған өнімдеріміз ел игілігіне жараса болғаны. Таза осмий металын алу технологиясын жасаған жұмысымыз кезінде Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған, бірақ өтпей қалды…

– Айтқан мазмұнды әңгімеңізге көп рахмет!

Әңгімелескен
Әлібек ӘБДІРАШ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.

Бөлісу27Твитерге17
  • Трендте
  • Пікір
  • Соңғы
«Даналық мектебі» – тәрбие тірегі

«Даналық мектебі» – тәрбие тірегі

16.02.2024
«Комсомол»  колхозы

«Комсомол» колхозы

28.03.2025
«Жаз жайнатып, күн күлдіріп, біз лагерьге барамыз»

«Жаз жайнатып, күн күлдіріп, біз лагерьге барамыз»

05.07.2024
«Қазақмыстықтар» «Алтын Гефест – 2025» байқауында жоғары марапатқа ие болды

«Қазақмыстықтар» «Алтын Гефест – 2025» байқауында жоғары марапатқа ие болды

13.06.2025
AMM 2025: «Қазақмыстың» негізгі бағыттары мен бастамалары

AMM 2025: «Қазақмыстың» негізгі бағыттары мен бастамалары

13.06.2025
Еңбек қауіпсіздігі – басты назарда

Еңбек қауіпсіздігі – басты назарда

13.06.2025
  • Редакция
  • Газет тарихы
  • Жарнама
  • Баспасөзге жазылу
  • Байланыс

© 2025 © «Мысты өңір» газетінің редакциясы» ЖШС.

Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
  • Жаңалықтар
  • Мақалалар
    • Экономика
    • Әлеумет
    • Қоғам
    • Өнер
    • Білім
    • Зерде
    • Спорт
  • «Қазақмыс»
    • Өндіріс өрісі
    • Өндіріс өрендері
    • Топжарған
    • «Қазақмыс» құрылымдарында
    • «Қазақмыс»: әлеуметтік серіктестік
    • «Қазақмыс»: қолдау
  • Кәсіподақ тынысы

© 2025 © «Мысты өңір» газетінің редакциясы» ЖШС.

Қош келдіңіз!

Төмендегі тіркелгіңізге кіру

Құпиясөзді ұмыттыңыз ба?

Құпия сөзді қалпына келтіру

Please enter your username or email address to reset your password.

Кіру