Жарты әлемге билігін жүргізіп, ұлы қаһан дәрежесіне көтерілген Шыңғыс ханның кеңесшісі, даңқты Найман руынан шыққан Кетбұқа бабамыздың туғанына биыл 840 жыл толып отыр.
Жошының өлімін әкесі Шыңғыс ханға қаймықпай жеткізген ақын-жырау, қаһанның кеңесшісі, қолбастаған батыры Кетбұқаның есімін ұрпақтар жадында қайта жаңғыртып, тарихта мәңгі қалдыру жолында қыруар шаруалар атқарылуда. Ұлытау топырағында бұл шаруаны қолға алған азаматтардың қатарында Қазақстанның Құрметті металлургі, «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Төлеген Нұрмағанбетұлы Бүкіровтің есімін ерекше атауға болады.
Ұлы бабамыздың мұраларын зерттеп, жинақтап, оны бүгінгі жас буынға насихаттауда 2013 жылдың 23 қазанында Жезқазған қаласындағы С. Қожамқұлов театрында Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданының азаматтарының қатысуымен «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігі құрылды. Осы 11 жыл ішінде Кетбұқаның есімін жаңғыртуда қоғамдық бірлестіктің қандай жұмыстар атқарғанын Төлеген Нұрмағанбетұлымен болған сұхбаттан біле аласыздар.
– Төлеген Нұрмағанбетұлы, өзіңіз төрағалық етіп отырған бірлестіктің құрылуы мен оның құрамындағы азаматтарды таныстырудан сұхбатымызды бастасақ.
– «Қазақтың Кетбұқасы» ҚБ алғашқы құрамында елімізге танымал азаматтар болды. Атап айтқанда, Әлияр Жараспаев, Досжан Жанботаев, Бейсен Жолдыбаев, Бақберген Даркенбаев, Ғазиз Ештанаев, Сұлтан Сүтбаев, Көбейсін Еңсебаев, Тоғызбай Тәжбенов, Жамбыл Нұрманов, Тағанбай қажы Шамбұлов.
– Бұл қоғамдық бірлестікті құрудағы негізгі мақсатыңыз Кетбұқа бабаның есімін дәріптеу екені түсінікті. Осы бастамаға қолдау білдіргендер кімдер еді?
– Еліміз егемендік алғаннан бастап, Қазақстанның басқа аймақтарында бастау алған, Қазақ елінің төл тарихын жаңғыртуда атқарылған игі іс-шараларға шын ниетімізбен қуандық. Ұлытау–Жезқазған аймағында мекендеген ағайындар бабаларына арнап ас берді, шежірелерді баспадан шығарды, кітаптар жазды. Аймағымыздың абыз ақсақалы, инженер-геолог Сұлтан Сүтбаевтың жергілікті газетте Кетбұқа туралы көлемді мақаласы жарияланды. Мақаланы оқыған көкірегі ояу азаматтар бас қосып: – Енді не істеу керек? – деген сұрақ қойысты.
Аймақ жазушылары, өлкетанушылары, тарихшылары және ақсақалдары бас қосып, ҚР Заңына сәйкес, қоғамдық бірлестік құру керек деген шешім шығарды. Орталық және жергілікті баспаларда Кетбұқа туралы мақалалар мен ақындардың өлеңдері жарияланды. Конференцияға дайындық басталды. Қоғамдық бірлестіктің аталуы туралы ұсыныстар болды, бірақ басым көпшіліктің қолдауымен «Қазақтың Кетбұқасы» деп шешті. Алдымыздағы үлкен ағаларымыз қоғамдық бірлестіктің жұмысын басқаруды маған жүктеді. Ағалардың айтқандарына көніп, іске кірістім. Ауыр жүкті арқама салғанымды түсіндім. «Сенімді ақтай аламын ба» деген күдігім де басым болды. Алайда, Кетбұқа бабамыздың есімін ұлықтауға ниетті азаматтардың арқасында бұл шаруа оңынан шешімін тапты.
– Осы 11 жыл ішінде атқарылған жұмыстардың бірсыпырасын өзіңіз ұсынған ақпараттардан қанықтым. Соның ішінде Кетбұқаның мұраларын жинап, арнайы жинақ шығару, конференция өткізуден бөлек, мысты шаһардың ортасынан бабамызға арнап 2017 жылы еңселі ескерткіштің ашылғаны тарихи тұлғаны ұлықтаудың бір парасы деп білеміз. Сонымен қатар, халықаралық деңгейдегі күйшілер байқауына, халықаралық деңгейдегі ақындардың мүшәйрасына да ұйытқы болдыңыздар…
– Біздің бұл бірлестікті құрудағы көздегеніміз Кетбұқаның тасада қалған, бізге жетпей қалған құнды мұраларын жаңғырту болды. Себебі, Кетбұқа бабаның аты мәңгілікке ұрпақ жадында сақталуы керек. Оның күйшілік, ақындық, шешендік қырын танытуда көптеген зерттеулер жүргізілді. Кітаптар жарыққа шықты. Өзіміздің жерлес ағамыз, жазушы Батырбек Мырзабековтің «Аманат» романы бабамыздың өз дәуірінде қандай дәрежедегі тұлға болғанын айқындап берді. Ал, күйшілер мен ақындардың байқауына келер болсақ, біз әуелі аңыз тұлғаның күй құдіретін сезінген, сол арқылы өз қоғамының бет-бейнесін хан алдында қаймықпай жеткізген дарын иесі екенін паш етуді алға қойдық. Қытай, Моңғолия сынды елдерден келген күйшілер мен ақындар баба мұрасымен қаныққан ұрпақтың өсіп келе жатқандықтарын байқатты.
– Кетбұқа бабамыз жайында сөз қозғалатын болса, әуелі ойға Шыңғыс хан мен оның ұлы Жошы оралатыны сөзсіз. Осыдан 800 жыл бұрын Ұлы ұлыстың іргесін қалаған Жошының мүрдесі біздің Ұлытау өңірінде жатуы да кездейсоқтық болмас. Жошы ұлысын қалыптастырған қолбасшының есімін жаңғыртуға Мемлекет басшысы да мән беріп отыр. Осы орайда бірлестік тарапынан Жошы ханды дәріптеуде қандай шаруалар жүзеге асты?
– Сұрағың өте орынды. Ұлық ұлыстың іргесін қалап, қазақ хандарының түп атасы атанған Жошының есімі тікелей Кетбұқа бабамызбен қатысты аталады. Бір дәуірде өмір сүріп, Шыңғыс ханға ақылшы, кеңесші әрі қолбасшысы болған Кетбұқа Жошы-
ның қазасын хан ордасында «Ақсақ құлан» күйімен жеткізіп, батырлығымен тарихта қалды. Жошы ұлысының құрылғанына 800 жыл толу қарсаңында Жезқазған қаласы әкімдігінің қаржылай қолдауымен Ұлытау сериясы бойынша «Жошы хан» атты кітапты жарыққа шығардық. Бұл бағыттағы жұмыстарды әлі де жетілдіре түссек деген ой бар.
– Төлеген аға, осы ауқымды шаруаның басы-қасында жүріп, үлкен жобаларды жүзеге асыруға тікелей араласудасыз. Осы ретте Кетбұқа бабаның есімін ел жадында сақтауға үн қосып, демеушілік көрсетіп жүрген, өткенді безбендеуде азаматтық ұстаным танытқан жандар жайлы айта кетсеңіз.
– Қоғамдық бірлестік құру идеясын қолдағандар жөнінде жоғарыда айтып өттім ғой. Ал, оның жоспарлы шаруаларының жүзеге асуына көбіне-көп «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС басшылығының қолдауы мол болды. Жекелеген азаматтардан Мәлік Омаров қорға бір миллион теңге аударды. Корпорация басшылары Эдуард Огай мен Бақтияр Қырықпышев қаржылай қолдау көрсетіп отырды. Бауыржан Шыңғысов, Әлияр Жараспаев, аймағымыздың тағы көптеген азаматтары қамқорлығын жасап келеді.
– Он бір жыл ішінде ауқымды істердің беті қайтарылыпты. Алдағы жоспарыңыз қандай?
– Ең бірінші көздеп отырғанымыз Иманғазы Нұрахметке Кетбұқа туралы тарихи роман жаздыру, екіншіден Жанғали Жүзбай мен Ардаби Мәулетке қолқа салып, Кетбұқаның күйлерін зерттету және оны баспадан шығарту. Ғалым, ақын, жазушы Кенжебай Ахметовтің «Алтын бұғаулы арыстан» пьесасын сахнаға шығару және кинофильм түсірілсе деген ой бар.
Орта ғасырдағы түркі халықтары тарихындағы Кетбұқа тұлғасын зерттеу, оның нәтижесін ғылыми айналымға ендіру мақсатында ғылыми жобалар дайындау, Жоғары оқу орындарының тарих, филология мамандықтары бойынша білім алушылардың диссертациялық жұмыс тақырыптарын қалыптастыру жолымен Кетбұқаның мұраларын жүйелі түрде ғылыми зерттеуді ұйымдастыру.
Колледждерде, мектептерде Қазақстан тарихы пәнінің оқу бағдарламасына қолбасшы, аталық, жырау Кетбұқа туралы арнайы тақырыптар енгізу, сонымен қатар, білім беру ұйымдарында тәрбие сағаттарын өткізуді жүйелі түрде қолға алу, Жезқазған қаласы әкімдігімен бірлесе Кетбұқаның мұрасын жинастыру мақсатында шет мемлекеттерге этнографиялық экспедиция ұйымдастыру.
Кетбұқа мұраларын насихаттау мақсатында күйшілер мен жыраулар сайыстарын өткізуді дәстүрге айналдыру. Демеушілер есебінен «Кетбұқа – қолбасшы, жырау, аталық» атты деректі фильм түсіру.
– Кетбұқа бабамыздың аңыз тұлға ретіндегі бейнесін жан-жақты ашып, жастарға насихаттауда қолға алған іс-теріңіз нәтижелі болсын! Сұхбатымызды түйіндей отырып, мына бір сұраққа жауап берсеңіз.Жалпы, бүгінгі жастардың Кетбұқаны танып, білудегі ынтасына қандай баға бересіз?
– Қоғамдық бірлестік осы шаруаларды қолға алған сәттен бастап жастар арасында Кетбұқаны танытуды қолға алдық. Жезқазған, Сәтбаев қалаларындағы жастармен кездесуде ұлы бабамыз жайында кеңінен талқылап, пікір алмасамыз.
Мен өзге қалаларда да жиі боламын. Сонда ол жақтың жастары да Кетбұқа жа-
йында сұрап жатады. 2019 жылдың шілде айында Қырғыз Республикасының Қадамжай қаласында Кетбұқа бабаға арналған халықаралық ғылыми-танымдық конференцияға Кенжал Балкенов екеуміз қатысып қайттық. Үстіміздегі жылдың қазан айының 7-8-де Түркия астанасы Анкарада өткен халықаралық симпозиумда халқымыздың күй мұрасын зерттеп жүрген өнерпазымыз Ақеділ Тойшан «Кетбұқаның фольклоры» деген тақырыпта баяндама жасады. Жақында Жезқазған қаласындағы С. Қожамқұлов театр ғимаратында жазушы Ұларбек Дәлейұлының «Жошы хан» тарихи романының таныстырылымы өтті. Осы кездесуде Ұларбек Дәлейұлы келешекте Кетбұқа туралы кітап жазатын жоспары бар екенін атап өтті. Амандық болса алдымыздағы жылы Алматы қаласында «Ақсақ құлан» Кетбұқа би атындағы III халықаралық күйшілер
конкурсын өткізу жоспарда бар. Демек, жастар арасында Кетбұқа бабамызды танып, білуге деген ынта қалыптасты деуге толық негіз бар.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан Бағдат ҚАЗКЕНОВ.