Кеншілер арасында «шахта ашушылар» деген атаққа ие болған Ғазиз Омаров атындағы шахтапроходкалау тресінің бүгінде тасы өрге домалап тұр. Жезқазған, Қарағанды, Балқаш, Жамбыл облыстарындағы «Қазақмыс» корпорациясына тиесілі шахталардың бой көтеріп, алғашқы үңгілеу жұмыстарын атқаруда бұл кәсіпорынның алар орны айрықша.
Жарты ғасырдан аса шахта ашудың ұңғыл-шұңғылын меңгерген трест ұжымының берекелі тірлігі табысқа бастап келеді. Білікті тау-кен инженері Қайрат Керміқұловтың басшылығындағы трестің қарамығында 13 телімнің жұмысы жолға қойылған.
Біздің өңірде трестің тірегі болып, өндірістік көрсеткішті межелі мерзімде еңсеріп жүрген «Жомарт» кенішіндегі №12 тау-кен күрделі телімі жылдағы дәстүр бойынша биыл да сол көрсеткіш үддесінен көріне білуде. Нұрбек Манапов басшылық ететін телімнің еңбеккерлері 25 қазанда жылдық жоспарды еңсеруге бел буып отыр.
Озат телімнің ізінен «Батыс» кенішіндегі №67шахтадағы №6 тау-кен күрделі телімі де жүріп келеді. Олжас Байсайтовтың ұжымында 80 адам жеті қат жер астында кен өндіріп жүр. Бізбен тілдескен телім басшысының міндетін атқарушы Мұрагер Советов жас болса да еңбегімен көзге түскен маман.
Мұрагер Қуандықұлын әңгімеге тартқанымызда ағынан жарыла өздерінің атқаратын жұмыстары жөнінде былайша баяндады.
– Атының өзі айтып тұрғандай, тау-кен күрделі телімі бұл үңгілеу, кен алудан бөлек, бірнеше шаруаның басын біріктірген кешен. Өздігінен жүретін техникалардың жүргізушілері бұрғыланған кенді тасыса, электриктер жеті қат жер астына қажетті жарық желілерінің дұрыс жұмыс жасауына ықпал етеді. Ал, слесарьлар техникалардың дер кезінде жүріп-тұруына жауапты. Қарап отырсаңыз бір-бірінің қызметінсіз жұмыс тоқырап қалады. Телімде 80 адам кен өндіруге жұмылдырылған. Екі бригада бар. Біреуінің айлық жоспары 180 қума метр болса, екіншісінің межелі міндеті – 160 қума метр.
Рүстем Кенжебековтің бригадасы 180 қума метрді еңсеріп келеді. Үңгілеу жұмыстары «Бумер» техникасымен жүргізіледі. Ұжымымыз үздік үңгілеушілермен мақтанады. Атап айтқанда, Рүстем Кенжебеков, Жандос Түскеевтің өндірістегі тәжірибесі кейінгі жастарға үлгі.
Кен өндіру жұмысы қателікті кешірмейді. Ауысым алдындағы берілетін тапсырма барысында еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігі саясаты бойынша түсіндірме жұмысы жүргізіледі. Адам өмірі басты құндылық болғандықтан денсаулығына зиян келтіретін қауіптердің алдын алып, қорғаныс шараларын жүзеге асырамыз, – дейді Мұрагер Қуандықұлы.
Телім басшысының міндетін атқарушы Мұрагер Советов
Мұрагер Советов 1996 жылы Сәтбаев қаласында дүниеге келген. Мектепті тәмамдаған бетте, өзі бала кезден қызығатын кенші мамандығын игеру мақсатында 2012 жылы Сәтбаев қаласындағы техникалық колледжіне түсті. Оны 2016 жылы аяқтап, сол жылы еңбек жолын осы тресте бастады. Тау-кен жұмысшысынан ауысым шеберіне дейін жүріп өткен жас маманның ынтасын басшылық байқап, телім басшысының орынбасары қызметін тапсырды. Жұмысты ұйымдастыру, ұжыммен ортақ тіл табысып, берілген тапсырманы қауіпсіз орындауда тәдірибесі қалыптасып келе жатқан Мұрагерден трест басшылығы зор үміт күтеді. Жас та болса бас болып, телімді табысқа бастап келе жатқан Мұрагер Советовтің талабына нұр жаусын дейміз.
Біз әңгіме өзегіне айналдырып отырған телімде Рүстем Кенжебековтің бригадасының даңқы асқақтап тұр. Он адамнан құралған бригаданың айлық жоспары – 180 қума метр. Берілген көлемді орындауда Кенжебековтің жетекшілігіндегі бригада кенже қалып көрген жоқ. Талапшыл бригадирдің табысты бригадасында өз ісіне берілген мығым жігіттер топтасқан.
– Шахтаның қай жұмысы болсын оңай жүзеге асады деп айта алмаймын. Қажыр мен қайратты қажет ететін салаға келгенде мен осыны түсіндім. Бригададағы жігіттердің де кен өндірісіндегі табысы сол күш-жігердің арқасында келіп отыр. Маған дейін де озаттар қатарынан табылған бригада сол дәстүрді лайықты жалғастырып келеді. Бірлік пен берекені ту еткен бригадамызда Жаншуақ Есқалиев, Александр Добрый, Азамат Кеңгірбаев, Нұрсұлтан Есмағанбетов сынды өндіріс озаттары бар.
Біз қазіргі күні №67шахтаның 60 жиек желісінде үңгілеу жұмыстарын жүргізудеміз. Трест басшылығы телімдегі жігіттердің қауіпсіз әрі сапалы өнім өндіруіне көңіл бөліп келеді. Екі жыл бұрын жаңадан «Бумер» техникасы алынып, қолданысқа берілді. Жаңа техниканың мүмкіндігі көп. Десе де, адамның қол еңбегі мен ақыл-ойы көп жағдайда өндірістік үдерістерді дер кезінде шешіп, тығырықтан шығуға септеседі.
Біздің жігіттер жұмыс барысында қауіпсіздік басты қағидат екенін әсте естен шығармайды. Қауіп пен қатер қатар жүретін салада әрбір жұмысшының денсаулығы, отбасына аман-есен оралуы бәрінен жоғары байлық деп бағалаймын, – дейді Рүстем Кенжебеков.
Бригадир Рүстем Кенжебеков
Кейіпкеріміз бригадирлікке бірден қол жеткізген жоқ. Ол да тау-кен жұмысшысынан көтеріліп, осы дәрежеге жетті. 2008 жылы әскери міндетін орындап келген соң Рүстем Кенжебеков трестке жұмысқа орналасты. Кенші мамандығының қыр-сырын ол Талғат Әлмағанбетов, Сырлыбайхан Теңгебеков сынды майталмандардан меңгерді. Жастың аты жас қой, еңбекке деген құлшынысын көрсетіп, бригаданың тізгінін ұстады.
Қарашаңырақ Қарсақбайдан жаздың аптап ыстығына, қыстың қаһарлы аязына қарамай кеншілер қаласына сүйікті кәсібі үшін қатынап, тер төгіп жүрген Рүстем Кенжебековтің мамандығына деген адалдығы осыдан-ақ байқалады.
Ол биыл кеншілердің кәсіби мерекесінде «Қазақмыс» Холдинг» ЖШС Басқарма төрағасының Құрмет грамотасымен марапатталды. Бұл марапат Рүстем Кенжебековтің еңбекке деген ынтасын оятып, алдағы жұмыстарды еңсеруге серпін берді.
Телім ұжымы
Шахта құрылысының алыбы саналатын трестің тоғыз айдағы табысының қомақты болуына үлес қосқан аталмыш телімнің еңбек ұжымы жылды табысты қорытындылауға ниетті. Оң нәтиже ниеттен туындайтынын бағамдай білетін №6 тау-кен күрделі теліміне қауіп-қатерсіз межелі міндетке жетіңіздер демекпіз.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.