Жезқазған өңіріне алғашқы теміржолдың табан тірегеніне 95 жыл толды.
Қарсақбай мыс қорыту зауытының іске қосылуымен қатар тар табанды теміржолдың аймаққа келуі ол кезде елеулі оқиға болды.
Теміржол саласы сол кезеңдерде өндіріс үшін аса маңызды рөл атқарды. Теміржолдың қалыптасу тарихында қаншама өзгерістер болғанымен, қазір кенді өңір үшін өндірістің құрамдас бөлігіне айналып кетті.
Аймаққа алғашқы теміржолдың келуіне 95 жыл толуына орай Жезқазған қаласындағы Серке Қожамқұлов атындағы театрда салтанатты жиын өтті. Бүгінгі таңда «Қазақмыс» корпорациясының жүк тасымалдаушысы болып табылатын «Транко» АҚ қарасты «Транко Жез» ЖШС кәсіпорнының бір топ еңбек озаттарына құрмет көрсетілді. «КәсіпҚорған» кәсіподағының төрағасы Уәлихан Нұржанов теміржолшыларды торқалы тойларымен құттықтап, ақ тілегін жолдады.
Уәлихан Қуанышбекұлы салаға сіңірген еңбегі үшін Әлжанна Қартақованы, Жасұлан Камировті, Николай Луговскойді, Радик Вафинді үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапаттады. Сонымен қатар, «КәсіпҚорған» кәсіподағының арнайы тағайындаған «Еңбек озаты» төсбелгісін Алма Сатыбалдина мен Талғат Аңсағаев омырауына тақты. Мерекелік жиында теміржол саласындағы ұзақ жылғы еңбегі үшін бірнеше майталман министрліктер мен түрлі ұйымдардың марапаттарына ие болды.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.