Биыл жазға салым 55 жылдығын атап өткен жөндеу-механикалық мамандандырылған басқармасы – мысты өңірдің өсіп-өркендеуіне өзіндік үлес қосып келе жатқан қуатты кәсіпорын. Жарты мыңға жуық адам еңбек ететін ұйымшыл ұжым шахта, кен байыту, металлургиялық жабдықтарға күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізуге машықтанған.
Оның өндірістік телімдері барлық кеніште, байыту фабрикасы мен мыс қорыту заводында орналасқан. Соның соңғысында болудың сәті түскен еді. Мәселен, мыс қорыту заводының балқыту цехындағы металл конструкциясына қатысты барлық монтаждау жұмысын темірдің «тілін» тапқан №4 телім ұжымы мойнына алған. – Бұл цехта жабдық жеткілікті. Тұрқы көп қабатты үймен таласатын, кәсіпорынның «жүрегі» саналатын екі рудотермиялық пештің өзі неге тұрады?! Бұдан басқа конвертер және анод пештері, шаң-тозаңнан тазарту жүйесі бар. Күрделі жөндеу күнде жүргізілмесе де, ағымдағы және алдын-алу жөндеу жұмыстары тәулік бойы толастамайды. Ауқымды жұмыс көлемі үйреншікті дағдыға айналған, ең бастысы – жұмыс ырғағынан жаңылмай, белгіленген кестені берік сақтау, – дейді №4 телім бастығы Самат Нәсенов.
Телім басшысы Самат Нәсенов
Жөндеу-механикалық мамандандырылған басқармасына бұдан отыз жыл бұрын слесарь-жөндеуші болып орналасқан оның осы телімді басқарғанына да он жыл болып қалған екен. Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген ұлы Нұрсұлтан мыс қорыту заводының балқыту цехында – балқытушы, ал зайыбы Рысты «Қорғау қызметінде» күзетші болып істейтін көрінеді. – Балқыту цехында біздің бас сұқпайтын жеріміз жоқ десе де болады. Жабдықтарға күтім жасау, қажетіне қарай күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізу – бригаданың басты міндеті. Конвертер және анод пештерін, мыс балқымасын құю қондырғысын ай сайын ағымдағы жөндеуден өткіземіз. Назар аударатын нәрсе – керекті қосалқы бөлшектер жөндеу-механикалық мамандандырылған басқармасының өз шеберханасында жасалады, – дейді бригадир Ержан Ыбыраев.
Бригадир Ержан Ибраев
Ерекең «Қазақмыстың» құрылымында 1998 жылдан бері істейді екен. Он жылдан кейін жөндеу-механикалық мамандандырылған басқармасына қорғасын құюшыға үйренуші болып ауысыпты. Содан бері осы басқарманың белді бір мүшесіне айналды. Былтыр жаңадан құрылған бригаданың тізгінін қолына ұстады. Бригада ұжымы жаңа болғанымен, бірін-бірі бұрыннан танитын мүшелері білек біріктіріп, береке белесінен көрініп келеді.
Слесарь-жөндеуші Ерсұлтан Оразбек пен газбен кесуші Жанбек Шайхин
Бүгінде бірлігі бекіген ұйымшыл ұжымда ортақ табысқа сүбелі үлес қосуға ұмтылған жастар жеткілікті. Соның бірі – электрмен дәнекерлеуші Дидар Қарифуллаев. Жасы жиырмадан жаңа асқан жас жігіт кәсіптік-техникалық мектепті бітіріп, Отар өңірінде Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп үлгерген. Ал, жөндеуші-слесарь Қазыбек Мұханов жөндеу-механикалық мамандандырылған басқармасына бұдан екі жыл бұрын келген. Бүгінде 5-санаттағы мықты маман. Слесарь-жөндеуші Ерсұлтан Оразбектің осы мамандықты кәсіп қылғанына бес жыл болыпты. Орта арнаулы білімі бар. Енді мамандығына сай жоғары білім алуды жоспарлап жүр.
Электрмен -газбен дәнекерлеуші Дидар Қарифуллаев, жөндеуші-слесарь Қазыбек Мұханов
Қаражалдық Жанбек Шайхин бұдан екі жыл бұрын Жезқазғанға қоныс аударыпты. Сонда колледж бітіріп алған газбен кесуші мамандығы кәдеге жарады. Бұл кәсіпті 18 жасында қолға алып еді, Қаражалда алты жылдай айналдырды, қазір жөндеу-механикалық мамандандырылған басқармасында сәтімен жалғастыруда.
Темірдің «тілін» тапқан телім мен ондағы бір бригаданың бүгінгі тыныс-тіршілігі осындай. Олар металлургтердің ырғақты жұмыс істеп, мол балқыма алуына игі ықпал етуде.
Әлібек ӘБДІРАШ.