Базарбайдың болмысы бөлек болатын. Бойынан бекзаттықтың буы бұрқырап тұратын. Әдемі әзілмен әдіптеп, қыжырма қалжыңмен қамшылай отырып әңгіме айтқанда кез-келген адам алдында отырған көптің бірі емес, тереңнен толғайтын тектінің тұяғы екенін еріксіз мойындайтын. Ойындағысын бүкпесіз бетке айтатын. Жос-жаранға деген көлдей көңілі мен адалдығы да алабөтен еді.
Өткен ғасырдағы сегізінші онжылдықтың соңына салым сана сілкінді. «Жеделдетейік!» деп желпіндік. «Қайта құрайық!» деп қасқайдық. «Демократия!» деп дүркіредік. Қоғам өмірі қайнап жатты.
Одан облыстық газет қайдан қалсын?! Бөлім бастығы біткен баламалы негізде қайта сайланатын болды. Неге «қайта», жаңасын баламалы негізде сайласа, болмай ма? Басшылық айтты, бітті! Талқыланбайды, орындалады.
Ол кезде облыстық газетте «Өнеркәсіп, құрылыс, транспорт және байланыс бөлімінің меңгерушісі» деген лауазым болған. 1987 жылы көктемде Сайлаухан Нәкенов редактордың орынбасарлығына тағайындалып, орнына мен отырдым.
Обкомның бір бюросында бекідік. Жарықтық ақынжанды Сәкеңнің басы толған идея еді. «Орында!» деген өктемдік жоқ, ойындағысын «осы қалай?» деп ортаға тастайды. Соның санаулысын орындап-ақ, көптен кенде қалмайтынбыз.
Дем берген демократияның дүмпуімен дүрлігіп жүргенде, бірде Сәкең шақырды. «Сайлауға дайындық қалай?» деді. Айтпағы басқа екенін байқап қалдым: жайшылықта жайдары жүретін жүзі күреңітіп, күмілжи берді. Сәл үнсіздіктен соң бетіме барлай қарады.
Сөзінің соңын күтпей «Маған балама кім?» дедім, басқасы біткендей. Өзі де соны айтуға шақырған екен: «Базарбай болады» деді. Сосын: «Әрең көндірдім. Бірақ, біліп қой, мен дауысымды саған беремін» дегенді қосып қойды. Сәкең екі сөйлемейтінін білемін.
Базарбай Әлеуханов екеуміз ол кезде бір бөлімде істейтін едік. Ауысып Қарағандыдан келгеніне көп бола қоймаған. Бірақ, қарым-қабілетін көрсетіп үлгерген. Жатық жазатын, жақсы журналист. Алайда, екеуміздің арамызда сайлау туралы сөз болған жоқ. Сәкең оған не дегенін, қалай көндіргенін күні бүгінге дейін білмеймін.
Білетінім, сайлауда оңбай сүріндім. Жиырма шақты журналистен алған даусым – екеу-ақ! Оның біреуі – өзімдікі. Бір ғажабы, сайлау қорытындысын естірткен бетте Базарбай бөлім меңгерушілігінен бас тартты. Ешкім ештеңе түсінбей қалды.
Сайлау қорытындысының астарында кәсіпқой көзқарас емес, адами фактор жатқаны анық. Өзім осылай ойлаймын. Оған кейін талай көзім жетті. Жершілдікке жатқыз-
ғысы келген жылпос та табылды. Базарбай екеуміздің арамызға от тастағысы келгені де болды.
Жергілікті телеарнаның басшылығында жүріп, қудалауға ұшыраған Базарбайға араша түсіп «Додаға түскен «Дидар» деген мақалам облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде жарияланғанда бір «жанашырым» отыз жыл бұрынғы оқиғаны еске салып, таза таң қалдырған. Осыдан кейін ойымның дұрыстығы одан әрі беки түсті.
Тек «сырлас» әріптестің бәрі жоғарыдағы жалғыз дауыстың иесі өзі екендігіне емеуірін танытқанына түсінбедім. Себебі, оны берген Сәкең екеніне сенемін. Шынын айтқан бір-ақ адам: ол – газет басшысы Сабыр Сауытбаев. Сайлаудан соң шақырып алып: «Мен даусымды Базарбайға беріп едім. Бұлай боларын білмедім. Оқасы жоқ, енді ешкімге өкпелеме» деді.
… «Жезқазған» мейманханасының үшінші қабатында дәмхана бар еді. Үйге қайтарда соған соғып, мөлдіреген «Экстраның» екі жүз грамын қырлы стақанға құйдырып алып, сол жерде тұрып бір тыныспен тартып жібердім.
Арақтың ащылығы кімнің кім екенін көрсеткен демократияның «кермек» дәміне қарағанда түк емес екен…
Әлібек ӘБДІРАШ.