Ғасырлар бойына ата-баба аңсаған Тәуелсіздікке қол жетіп, кең байтақ қазақ даласында ұлт пен ұлыстар бірлік пен тұрақтылықты ту етіп, бейбіт ғұмыр кешуде. Достық пен өзара түсіністіктің нышаны қалыптасқан елімізде 130-дан аса ұлт өкілі ортақ Отанның игілігі жолында үлес қосуда.
Қазақстан татулық пен бейбіт өмірдің іргесін Тәуелсіздікпен қатар қалап келе жатқан мемлекет. Еліміздің әр өңірінде ғұмыр кешіп жатқан ұлттар мен ұлыстар бірлікті ту етіп келеді. Достық пен бауырмалдықтың, сыйластықтың басты нышанына баланатын 1 Мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесінің ел күнтізбесінде алар орны айрықша. Бұл күнді Қазақстан халқының бірлігі күні деп жариялау туралы Жарлыққа Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев 1995 жылдың 18 қазанында қол қойды. Ал, мереке елімізде 1996 жылдан бері атап өтілуде.
Кеншілердің шаһары саналатын Сәтбаев қаласында ұлтаралық татулықтың діңгегі берік орнаған. Қазақстан халқы Ассамблеясының татулық пен бірлік идеясын ұстанған этно-мәдени бірлестіктер өз ұлттарының салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын өлтірмей, жас ұрпаққа насихаттап келеді. Мереке қарсаңында Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары Айгүл Қосманқызы Төлендинаны сөзге тартқан болатынбыз.
– Еліміз егемендігін алып, еңсесін көтерген тұста біздің басты құндылығымыз ұлтаралық татулықты берік ұстап, мемлекет аумағында қоныстанған өзге ұлт өкілдерінің басын бір арнаға тоғыстыру болды. Міне, біз осындай ұстанымның арқасында ұлт пен ұлыстың ауызбіршілігін, татулығын сақтап қалдық. Ұлы ғалым Қаныш Сәтбаевтың атындағы қалада қазақ, орыс, неміс, татар-башқұрт, өзбек, әзербайжан, литва ұлтының өкілдері өздерінің мәдениетін, салт-дәстүрін дәріптеп келеді.
Қазіргі күні қалада 9 этно-мәдени бірлестік жұмыс жасайды. Бұл бірлестіктер барлық ұлттық мейрамдар мен қалалық іс-шараларға белсеңді түрде қатысады. 2001 жылы қала әкімдігінің қолдауымен құрылған Сәтбаев қаласының «Қазақ тілі қоғамы», «Любавушка» орыс этно-мәдени бірлестігі, «Дуслык» татар-башқұрт этно-мәдени бірлестігі, Т. Шевченко атындағы украин ұлттық орталығы, Балтық елдерінің бастамашыл тобы, Корей этно-мәдени бірлестігі, литва, өзбек, әзербайжан ұлттарының бірлестігі бар.
Орыс этно-мәдени бірлестігі өз жұмысын 2000 жылы М.Әуезов атындағы №14 орта мектептің негізінде бастады. Бірлестік құрамында екі топ бар. «Любавушки» фольклорлық ересектер тобы және «Ручейки» балалар фольклорлық би тобы.
«Дуслык» татар-башқұрт этно-мәдени бірлестігі ревматолог-дәрігер Руфина Рафиковна Абузярованың жетекшілігімен құрылған болатын. Орталықта ана тілін үйрететін «Кынгырау» жексенбілік мектебі, «Дулкын» жастар клубы және «Салават купэрэ» ардагерлер клубы ашылған. Сонымен қатар, «Кубәләк» хореографиялық студиясы ұйымдастырылған. Татар-башқұрт ұлттық мәдени орталығы қаланың белсенді орталықтарының бірі.
«Т. Шевченко атындағы украин ұлттық орталығы» қоғамдық бірлестігін құрып, біраз жыл басшылық жасаған Роман Степанович Бурда болатын. Украин мәдени бірлестігі 2002 жылы «Ұлттық мәдениет» облыстық фестиваліне қатысып, Гран-при иеленді. Балтық елдерінің бастамашыл тобы 2007 жылдан бері жұмыс жасайды. Топтың басшысы Сәтбаев қалалық емхана дәрігері Юрате Альфонсовна Малая. Топ мүшелері қаланың қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысады.
Корей этно-мәдени бірлестігі 2000 жылы ақпан айында ашылды. Оның төрағасы ретінде Эльза Александровна Цхай тағайындалды. Орталық қарттар мен жастарды біріктіре жұмыс істейді. Бұл орталық республикалық және жалпы қалалық іс-шаралардың бәріне белсенді қатысады. Сәтбаев қаласындағы тұрғылықты корейлер өздерінің мәдениетін, салт-дәстүрін, тұрмысын біліп, дәріптеуге көп күш салады.
Аталмыш орталықтар Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Абылайұлы Ыдырысовтың бастамасымен және Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен 2017 жылы ашылған, бүгінде ел арасында «Достық» үйі аталып кеткен «Сәтбаев қаласы ішкі саясат бөлімі» мемлекеттік мекемесіне қарасты «Қазақстан халқының рухани, қоғамдық және этносаралық келісім орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде бір шаңырақтың балаларындай тату-тәтті, бірлікте жұмыс атқаруда. Оған Гүлназ Гатиятова басшылық жасайды.
«Достық» үйінде этно-мәдени бірлестіктерден бөлек, меценаттар, «Аналар» кеңесі, медиаторлық орталық жұмыс жасайды. Әр клубтың өз мақсат-міндеті бар. Қала кәсіпкерлерінің бірлесуінің нәтижесінде құрылған меценаттар клубы қайырымдылық шараларымен шұғылданса, «Аналар» кеңесі өскелең ұрпаққа ұлттық құндылықтарды дәріптейді. Ал, медиаторлық орталық «Бақыттың ұясы» жобасы негізінде жас отау иелерін отбасылық өмірге бейімдеп, тұрмыстық жағдайда туындаған мәселелерді бірлесе шешуге атсалысады. Сонымен қатар, шығармашылық тұлғалардың «Шындық» орталығы жұмыс жасайды.
– Татулық діңгегін берік қалыптастырған еліміздің саяси өміріне белсене атсалысып отырған Сәтбаев қаласындағы ұлт өкілдерінің берекелі тыныс-тіршілігі мақтаныш сезімін ұялатады, – дейді Айгүл Қосманқызы.
Отанымыз Қазақстанның бірлігі мен тұтастығын, ымыра-біршілігін паш еткен ұлт татулығының мәңгі болуын тілейміз.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.
«Мысты өңір».