Оқырман қауым есімін жақсы білетін Бексұлтан Нұржекеұлының әр туындысы тартымды. Нағыз өмірдің өзі. Еш боямасыз шынайы жазылған. Кейіпкерлерінің ой-толғанысымен бірге толғанасың. Бірге қуанасың, бірге қынжыласың. Бірге сүйсінесің, бірге өкінесің. Сезімдер айдынында бірге жүзесің. Кейіпкерлерімен етене сырласасың. Олардың өмірі мен тағдырына ортақтаса отырып, сезімнің құдіреттілігіне бас иесің. Ер адам мен әйел адамның өзара сезімін арқау етудің еш әдепсіздігі жоқ. Ынтығу мен құмарту, құлай сүю мен ләззатқа бөлену – сиқырлы сезімдер.
- от құшақ
Өткен кеңестік дәуірде ер мен әйел арасындағы қарым-қатынасты сөз ету әдепсіздік, бұл дұрыс тәрбие емес деушілік басым болған. Жабық тақырып боп табылатын бірін-бірі жақсы көру сезімін арқау етудің қаншалықты орынды екенін айту үшін жазушы «Әйкеш» әңгімесін жазған болса керек. Оқырманға түсінікті болу үшін әңгімеден ұзақ үзінді келтіруді жөн көрдік: «… Басталып кеткен талқылаудың үстіне кіріп келгенінде, Кәкеннің көзі бірден Әйкешке түсті: үкім күткен қылмыскердей бүрісіп, бір шөкімдей боп қана бұрыш жаққа тығылып тым-тырыс отыр екен. Өңі қашып, бақырайған көзінен басқа түгі байқалмады.
Қолжазбаның редакторы, яғни сарашысы Жұман қорытынды пікірін оқып бітуге тайапты. Құрмаштың күдігі шын боп шықты: қолжазба бұл күйінде кітәп етіп шығаруға жарамсыз екен. Повестің бас кейіпкері Нәзікен – өз отбасын ойрандаған, өз күйеуі бола тұра басқа бір ақын жігітке ғашық болған, совет семьясы деген атты таптаған әйел.
«Қойнымды ашып, кеудемді басып жатып,
Жүрегімді жылаған көре алмадың», – дегені басы ашық былғаныш сезім», – деп түйіндеді Жұман…».
«– Көркемдеп айтудың не екенін ұқпайтын, түсінбейтін адамдар үшін, әр астарлы сөзімізді түсіндіретін тағы бір сөздікті қоса жазуымыз керек пе енді? Сонан соң «советтік семья» дегенді де қорқытатын құрал етуді қою керек. Сүймесе де сүйдім деп, ұнатпаса да ұнатқан кісі құсап жүру ме сонда «советтік семья» дегеніміз? Сонда дұрыс тәрбие дегеніміз өтірік айту, сүймейтін адамыңды сүйдім деп алдау ма? Нәзікендей әйелі бола тұра оның сыртында басқа әйелмен қыдырып жүрген күйеуі «советтік семьяны» сақтаушы болады да, сондай алаяққа алданып қалғанына өкініп, басқа біреуге ғашық болған Нәзікен «советтік семьяны» бұзушы бола ма? Сонда «советтік семья» махабатқа қарсы ма? Өстіп істің байыбына бармай-ақ біреудің жүрегімен жылап отырып жазған шығармасына үкім айту ұят емес пе? Егер, Кәкен, өз қызметкерімнің сөзі – сөз, өзгеңдікі былшыл десең, өзің біл; ал егер біздің сөзді сөз деп ұқсаң, Әйкештің пөвесі – Нәзікен атты жас келіншектің жан айқайы; мұндай жас талантқа дәл қазір – аяғын тәй-тәй басып келе жатқанында – қамқорлық керек. Кітәбі – жұрт қуана қарсы алатын, шыншыл кітәп. Мұндай кітәпті қолдау керек, шығару керек! Бұл пікірді жақтырмасаңдар, онда Бекең екеуміз қайта берейік, билік қолдарыңда, өз білгендеріңді істей беріңдер! – деп Тоқаң орнынан тұрды. Бекең де қопаңдады.
– Екеуіңіз де ешқайда бармайсыздар! – деді Кәкен ешкім күтпеген зілді дауыспен. – Әдебиетті мұндай дауда сіздер қорғамағанда, кім қорғауы керек? Шығарманың тағдыры шешілетін дауыс беруге дейін сіздер де қашып кетейін деп отырсыздар ма?».
Жазушы осы «Әйкеш» әңгімесінде қозғаған ойын өзінің «Оқырманмен ойласу» атты жазбасында одан әрі сабақтай түседі: «… Сүю сезімінің мәні мен қасиетін білмей-ақ ерлі-зайыптылар мен ғашықтар өз-өзінен бақытты бола кетпейтінін бұл дәуір бізге күн сайын көрсетіп те, үйретіп те жатқан жоқ па?
Тіпті біздің өзімізден өзіміз үйренетін де жағдайымыз бар. Ұлы Мұхтардың «Қаралы сұлу», «Кінәмшіл бойжеткен» әңгімелері-ақ адам сезімінің алапат жағдайларға жетектейтінін, оны жазудың еш сөкеттігі жоқтығын ұрандап тұрған жоқ па? Бұларды нағыз эротикалық әңгімелер деуге әбден болады.
Сыйлау мен сүйе білудің де үлкен мәдениеттілік пен білімділікті қажет ететінін, әр адамның болмыс-бітіміне қарай оның да алуан түрленетінін қазіргі оқырман жазушыдан кем білмесе керек. Сыйлау да, сүю де сезім жарастығынан нәр алады. Ал ол жарастықтың тәттілігі мен күйдіріп-жандыратын кездерін жазушы жазбағанда кім жазады?».
Шындап келгенде, әдебиетіміз эротикалық туындыларға келгенде тым жұтаң. Біз үшін кенжелеп келе жатқан тақырып. Бексұлтан Нұржекеұлы мұны «Күдік» атты еңбегінде кейіпкеріне айтқызған екен. Әңгіменің осы тұсын, дәлірек айтқанда, әйелдің өзі сүйген жанға арнаған хатының бірер үзіндісін толық келтірелік:
«Төсіңізді аймалап, тамағыңыздан, иығыңыздан сүйіп, жабыса құшақтап еркелеп жатқан сәтім – бақытымның шырқау шыңы. Шаршаған тұла бойым маужырап, тоғайған көңілім ұйқы тілесе де, шегіне жете тәттіленген сезім құмарта, құныға түседі. Сүйген адамыңның ғана құшағы сөйте алады екен. Әйел байғұстар соны таба алмай, қалай іздерімізді, қайтіп табарымызды білмей сандалады екенбіз».
«Қосыла алмаған ғашықтарды, үйленумен аяқталатын бақыттыларды көп жазып, ал махабаттың төсек рахатын, тоят сезімін біздің әдебиет мүлдем аз айтады. Сіз бастаңызшы… Махабаттың сарқар жері төсек болса, ғашық жардың құшағынан тапқан тоят тәттілігі де мәңгі жырлауға ылайық шырын сезім емес пе?.. Бірін-бірі шын ұнатқан қосылыстар қанша суреттесең де тіл жетпейтін махабат мерекесі, сезім шыңы емес пе? Құшағында, қасында жатып та, қасынан кете сала да қайта сағындыратын ғашық іс ойыны табиғаттың ең кереметі емес пе? Әлде өтірік пе? Жоқ әлде оны айту ұят па?» («Күдік»).
Бұл қаламгер – бұдан басқа да бірнеше эротикалық туындылардың авторы. Соның бірі – «Құпия махабат» әңгімесі. Содан бір ғана үзінді: «– Енді ештеңе демей-ақ қой. Бұдан кейін қашан кездесетінімізді құдай білсін, бір сырымды айтайын, біле жүр. Сені сол үйге апарғанымда, мен өзімнің ұзамай күйеуге тиетінімді білетінмін. Әке-шешеме уәде бергем, бәрі шешілген. Олар қоярда-қоймай көндірген. Көнбегенде қайтетін едім? Сені сырттай сүйгенім болмаса, арамызда уәде де, түк те жоқ еді. Қалжыңдайтынсың, әзілдеп бір-екі рет сүйіп те алғансың, бірақ шындап бірде-бір рет сөз айтпадың. Мен іштей ұнатып, енді қашан сен сөз айтар екен деп күттім де жүрдім. Ақырында құдықтың басы екеумізді ойда жоқта табыстырды. Сол күні жолықпасақ, бәрі басқаша болар еді. Сені көрдім де, көңілім нілдей бұзылды. Өзімше қолымнан келген қарсылығым болу керек, сүймеген адамға су таза барғым келмеді. Бірінші түнімді саған әдейі қидым.
Бекенді әуелде үрей билегендей болды, артынан оған таңданыс араласты: ерлігі ме, әлде ақылсыздығы ма мына әйелдің? Бәрін күтсе де, дәл мұны Күлдәрден күтпеген-ді. Өзін ол осыншалық сүйер деп мүлдем ойламапты. Оп-оңай көнді, оп-оңай күйеуге кете салды деп, қайта тіпті өкпелі жүріпті. Ризалықпен, өзгеше ынтызарлықпен Күлдәрді қайта құшақтап, құштарлана төңкерілді».
Және бір «Мұнтаздай Мұмтаз» әңгімесінен: «Әсенейдің құшағы бұған жұмақ көрінсе, құдайға шүкір, ол да тәлейіне жазған тағдырдың өзіндік сыйы. Кейде ойлап қараса, өмір сүру дегенің бүкіл мәні мен сәні әйелді сүюмен ғана өлшенетін сияқты. Жер бетінде өліп-өшіп жақсы көретін бір әйелің болмаса, ондай өмірдің құны – көк тиын. Әйелдің сені тілеп, құмарта құшып-сүйіп жатқанын сезіп-білуден артық қандай рахат бар?».
Қарымды қаламгер Бексұлтан Нұржекеұлының «Махабат мерекесі» туындысы «Аймаласу», «Төсекте сырласу» және «Тоят сезім» атты триптих әңгімелерден тұрады. Алдымен кіріспесіне зер салайықшы: «Бұл – эротикалық әңгіме. Біз, ерлі-зайыпты екеуміз, мұны жазар алды ұзақ ойланып, көп күдіктендік. Ақырында тәуекелге бел будық.
Біздің әңгімеміз, өз ойымызша, анайылықты уағыздамайды, қайта еркек пен әйел бойындағы ең асыл, ең табиғи сезімдерді қалай ардақтап, қалай өршіте білуге баулиды; екеуара бақытқа бөлену үшін, жұбайлар бірін-бірі қалай аймалай-аялап, сүйіп-құшып үйлесімді әрекет жасаулары қажет екендігіне бағыт-бағдар сілтейді. Біз өзгенің өмірін емес, өз тәжірибемізді жаздық. Басқалар да біз құсап бақытты болсын деп ойладық. Бәлкім, әуелгіде әркім-әркімге тосын да көрінер, бірақ түптің түбінде мұндай да әдебиет халыққа қажет деп түйдік.
Сөгуге асықпай, түсінуге тырысып оқығайсыздар! Буын – Жүзік».
Осы кіріспеден аңғаратындай-ақ, әңгіме бас кейіпкерлері ерлі-зайыпты Буын мен Жүзіктің атынан баяндалады.
«БУЫН: Шіркін-ай, әйелдің өзі ғана емес, сөзінің де әдемі болғаны қандай ғажап!? Далиған көңілім кеудеме сыймай бара жатты.
Жүзікті шалқалата етпеттей кеп еміне сүйгенімде, әлемдегі ең тәттіні менің ғана таңдайым тұңғыш татып жатқандай сезілді. Ақыл мен сезімнің, көретін көзің мен сезетін тәніңнің, бүкіл болмыс-бітіміңнің пісіп қорытылған нәрі секілді. Шашыңның түбі мен тырнағыңның көбесіне дейін балқып сезінетін сиқыр. Сөзбен жеткізе алмайтын, қолмен көрсете алмайтын, ең қасиетті, ең құдіретті сезім, құдіретті тәттілік! Таңдайымның түбін, тілімнің ұшын суырып, өне бойымды өре түрегелтіп, тұла бойымды қуалаған ыстық ағын Жүзікті жарып өтердей ұмсынтады: әлемдік тартылыстың кіндік ортасы екі құшақтың арасында жаншыла тұншығып жатқандай».
«ЖҮЗІК: Еркек құдірет пе, әйел құдірет пе, айта алмаймын, алайда екеуінің бір-бірін өліп-өшіп сүюі – шын құдірет. Ол құдіретті ештеңеге теңей алмаймын. Бәлкім, теңеу де мүмкін емес.
Жаңа ғана өзім кешкен жағдайды ойласам, ойлағанның өзінен жаным таңғажайып рахат табады. Метәл балқытатын домна пешін естуім бар. От жаққан сайын ол да өзге пештер сияқты қыза түсетін болса керек. Отты үстелеген сайын оның да қызуы үдей беретіні белгілі. Сүйген еркегі аймалаған сайын әйел де, сірә, домна пешінше бабына көтеріледі. Қызуы шегіне жеткенде, метәл балқып домнадан ағытылатыны секілді, сезімнің де шіреген құштарлығы шегіне жеткенде, әйелдің де бойынан тоят тәттілігі ағытылады: ол сәттегі тәттілікті ешкім ешқашан әйелдің өзінен артық тата да, түсіне де алмайды. Ол өйткені – әйелдің өз құдіреті. Ол құдіретті әйелге еркек қана сыйлай алады».
«Қойшы келіншектің құпиясы» деген әңгімеден шағын үзінді:
«– … Отбасын құру дегенді мұншалық күрделі нәрсе деп кім ойлаған, сен оны жақсы көресің, ол сені жақсы көреді, сонымен бітті деп түсінеді екенбіз. Оған да білім, мінез, шыдам, сабыр, керек десең, қулық та қажет екен.
– Бәрін басқа түскен соң ойлаймыз, кезінде мән бермедік. Сен ойладың: «Қадишадан айрылсам, басқа бар», – деп, мен ойладым: «Сенен айрылсам, Сүлеймен бар», – деп, бір-бірімізге ерегіскен адам құсап тәкаппарландық, сол тәкаппарлықтан таптық. Бір қиындық басына түссе, жақыны мен танысының бәрінен ақыл сұрайтын қазақ махаббаттың қиындығында кісіден ақыл сұрамайды ғой, қайта құпия сақтауға тырысады»…
Міне, «махаббат жаршысы» атанған Бексұлтан Нұржекеұлының қай кейіпкерін алмайық жаны да, сезімі де нәзік. Олар – тәтті сезімдер сиқырына бөленген жандар. Қаламгердің шығармаларында сезімді, шынайы махаббатты бейнелеп, суреттеуі ғажап көрініс табады. Қай туындысын болсын жайбарақат оқи алмайсың. Иә, жалпы көркем әдебиеттің мәні сезімді тәрбиелеуде. Жазушы Бексұлтан Нұржекеұлының осы жолда ұлы сезім саналатын махаббатты табынып жазатынына іштей сүйсінесің. Сезімтал кейіпкерлерімен сырласасың, сөйтіп рухани нәр аласың.
Мұрат АПАҚАЙҰЛЫ.