Ұлытау облысы әкімдігінің және облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен қоғам қайраткері, Жезді тау-кен және балқыту ісі тарихы музейінің ұйымдастырушысы Мәкен Төрегелдиннің 100 жылдығына арналған «Ұлытау – мысты өлке: зерттеу, музейлендіру мәселелері» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Жезқазғандағы Халықтар достығы мен мәдениеті үйінде өткен конференцияға жер-жерден келген ғалымдар, музейтанушылар, өлкетанушылар және музей мамандары, сондай-ақ, қала жұртшылығы қатысты. Пленарлық мәжілісті модератор ретінде тарих ғылымдарының кандидаты, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің деканы, Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры Өмірбай Бекмағанбетов ашып, жүргізді.
Конференцияның ашылуында облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Әнуар Омар құттықтау тілегін білдіре келіп, Мәкен Төрегелдіұлының 16 жасынан бастап көзі жұмылғанша туған жерге жанашырлықтың ғажайып үлгісін көрсеткеніне тоқталды. Партия, кеңес, ауыл шаруашылығы салаларындағы айтулы қызметтерін айтпағанда, ауылда жүріп-ақ әлемге танылған бірегей музей жасақтаудағы еңбегі ерен болды. Мәкең 4 мыңдай жәдігер жинап, мұражай ашу жөніндегі ойымен қазақтың өнері мен мәдениетін өрге сүйреген белгілі қайраткер Өзбекәлі Жәнібековтің алдына барып ақылдасады. Руханият жанашырының ақыл-кеңесін тыңдап, қолдауына ие болады. Қазір осы ерекше музейде 21 мың жәдігер жинақталыпты. Оның 17 мыңы бағалы саналатын түпнұсқалары. Жезқазған, Ұлытау өңіріне қатысты өндіріс тарихының бәрі осы жерде ғылыми айналымға қосылғанын атап өтті. Бұдан кейін құттықтау сөз кезегін алған қоғам және мемлекет қайраткері Мұханбет Көпеев үлкен өмір мектебінен өткен Мәкең Қаныш Сәтбаевтың ісін жалғастырушысы бола білді деген бағасын берді. Жауапкершілікті мойнына ала білген азамат аттан түссе де мұңайған жоқ. Қайта қажырлылықтың үлгісін көрсетіп, тарихи жәдігерлерді тірнектеп жинады. Шетелдік мамандар да қызығушылық танытқан әлемдік деңгейдегі мұражайды қалыптастырды деді. «Бұтағы бар ағашқа құс қонады» деп халқымыз айтпақшы, артында қалған ұрпақтары мен отбасының Мәкен ағаның ұлағатты ісін абыроймен жалғастырып, жандандырып отырғандарына ризашылығын білдірді. Академик Қ. И. Сәтбаев мемориалдық музейінің атынан келген мәдениет қайраткері Базарбай Алтаев Ғылым академиясының халықаралық конференцияға арналған құттықтауын оқып берді.
Жезді тау-кен және балқыту ісі тарихының музейі 1994 жылы 15 шілдеде металлургтердің кәсіби мерекесі аясында салтанатты жағдайда ашылғанмен, оның түп тарихы одан әріден басталады. Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Жезді кентінде музей ұйымдастыру жөніндегі қаулысы 1988 жылы 21 желтоқсанда қабылданған болатын. Бұл рухани мұра орталығының маңыздылығы сонда, Орталық Қазақстан, оның ішінде Ұлытау-Жезқазған аймағының біздің дәуірімізге дейін екі-үш мыңжылдықтардан бастап бүгінге дейінгі өркендеу тарихы кен өндірумен, яғни металлургия кәсібінің қалыптасуымен тығыз байланысты екендігін көрсете білді. Жезді музейі экспозицияларының негізгі түйіні бабаларымыздың ежелгі кәсібі ретінде қола дәуірінен басталатын металл өндіруі мен балқыту ісінің бүгінгі күнге дейінгі сабақтастығына негізделген. Осы өңірден ерте заманда Ұлы Жібек жолының бір тармағы, ал қола дәуірінде мыс жолы өткені белгілі болып отыр. Тарихтың осынау тереңінен сыр тартқан музей аумағы 4 гектар табиғат ландшафын алып жатқан бірегей тарихи-мәдени кешен саналады. Кешен 8 экспозициялық залдан және ашық аспан астындағы 7 көрме алаңдарынан тұрады. Ашық аспан астындағы экспозицияларда қазақ даласындағы индустрияның дамуы, оның ішінде тау-кен және металл қорыту өндірісінің 3,5-4 мыңжылдық шежіресімен танысуға болады. Арнайы алаңдарда кенді өңірдегі алғашқы металлургия өдірісінде қолданылған техникалар мен механизмдер, кен аршу және тасымалдау құралдары қойылған. Орталық Қазақстандағы полиметалл кен тастарының үлкен көлемдегі үлгілері түпнұсқа түрінде жинақталған. Сонымен қатар, музей алаңында ежелгі Жезқазған қонысындағы мыс балқыту пешінің үлгісі орнатылған. Музейге келушілердің осы пеште мыс балқыту әдісін тамашалауына да мүмкіндіктер жасалады.
Конференцияда баяндама жасаушылар Мәкен Төрегелдіұлының іскерлік бастамасымен және қайтпас қажырлы еңбегімен жинақталып, өмірге келген осынау музейдің ерекшеліктеріне тоқтала келіп, мыс өндірісі мен металлургия тарихының шежіресін жан-жақты саралады. ҚР Ұлттық Инженерлік Академиясының вице-президенті, техника ғылымдарының докторы Досмұрат Айтқұлов «Қазақстанда инженерлік ғылымды дамыту мен насихаттауға М. Төрегелдиннің қосқан үлесі» тақырыбында баяндама жасады. Бұл ғалымның айтуынша, Мәкен Төрегелдіұлына 2005 жылы Ұлттық Инженерлік Академияның ұсынысымен ҚР Құрметті инженері атағы беріліпті. Кезінде тапсырылмай қалған осы мәртебелі атақтың куәлігін және Ғылым академиясы атынан бағалы кітаптарды музейге табыстады. Айта кету керек, ҚР үкіметінің 2015 жылғы 16 ақпандағы №61 қаулысымен музейге қоғам және мәдениет қайраткері Мәкен Төрегелдиннің есімі берілген. Мәкеңнің Ұлытау, Жезді аудандарының және Түркістан қаласының Құрметті азаматы, Жезқазған университетінің Құрметті профессоры екені белгілі.
Италияның Милан қаласынан келген Мәдени мұра ғылымдары институтының, Ұлттық зерттеу кеңесінің профессоры, Қазақстанға жасалатын археологиялық экспедицияның директоры, Ph.D докторы Боноро Жан Луканың баяндамасы қызғылықты болды. Ол ең алғаш Қазақстанға археологиялық зерттеу жұмыстарымен келгенінде Мәкеңмен кездесіп, пікірлесіп жақсы әсерде болғанын тілге тиек етті. Ол кісінің жан-жақты білімділігі, музейге қатысты тың ойларының тәнті еткенін еске алды. Баяндама тақырыбындағы «Орталық Қазақстандағы Талдысай металлургиялық кешеніндегі шлак қалдықтарына талдау жасау туралы» өзінің зерттеу еңбектерін көрнекілік арқылы түсіндіріп, әсерлі әңгіме өрбітті. Бұдан соң «ХХІ ғасыр – технологиялар дәуірінде политехникалық білімінің әлеуеттілігі» тақырыбында баяндама жасаған Ө. Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің ректоры, техника ғылымдарының докторы Әбдімәлік Тәкішев дамыған экономика дамыған технологияны талап ететінін алға тарта келіп, технологияны дамыту жолында техникалық білім берудің перспективасына жан-жақты тоқталды. Конференцияда сондай-ақ, Алматының «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ғалым хатшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Зүбайда Сұрағанова «Қазақтардың мәдениетіндегі металға арбалу мен ұсталыққа табыну», ардагер геолог, өлкетанушы Болат Жүгініс «Жезді өлке – сирек металдар қоймасы», Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ғылыми қызметкері Рахия Жүзбаева «Ұлытау мен Түркістан – рухани жаңғырудың алтын тамыры» тақырыптарында баяндамалар жасады. Кезінде Мәкеңнің тайқазанның мыстан құйған көшірмесін арнайы апарып сыйға тартқанын, соған орай ол кісіге Түркістан қаласының Құрметті азаматы атағы берілгені де еске алынды.
«Атасу және Алат қоныстарындағы ежелгі металлургия пештерін қайта жаңғырту» тақырыбында баяндама жасаған археометаллург, техника ғылымдарының кандидаты, Қарағанды мемлекеттік индустриалдық университетінің доценті Жұман Аманжолов бұл орындардағы 3,5 мың жыл бұрынғы металлургия тарихын қаузады. Атасу қонысында мыс, қола балқытқан 25 пештің орны табылыпты. Конференцияға онлайн қатысқан ғалымдар да болды. Ә. Марғұлан атындағы Археология институтының жетекші ғылыми қызметкері Антонина Ермолаева, Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының корреспондент-мүшесі, Орыс географиялық қоғамының мүшесі, антрополог Константин Куксин онлайн баяндамаларында бірі Талдысай қонысының Евразия тау-кен металлургиясының орталығы болғанын сараптаса, екіншісі Ұлытаудың көшпелілілер өркениетінің орталығы болғаны туралы зерттеу дәйектерін ортаға салды.
Ғылыми конференцияның соңы пікір алмасуға, одан әрі Жезді мұражайы базасындағы секциялық жұмыстарға жалғасты. Секциялық жұмыстар барысында Мәкен Төрегелдин атындағы тау-кен және балқыту ісі тарихы музейінде тақырыптық интерактивтік экскурсиялар жасалды.
Ұлы Отан соғысының от шарпыған ортасынан аман-есен оралған майдангер Мәкен Төрегелдиннің геологиялық-барлау экспедициясы бастығының орынбасары, Жезқазған ауаткомның хатшысы, төрағасының бірінші орынбасары, кеңшар директоры сияқты қызмет жолдарынан өтіп, 15 жылдан аса Жезді аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болғанын ел білгенімен, оның есімі осындай ерекше музей ұйымдастырушы ретінде елімізге кеңінен танылып, мәңгілік өшпес мұра иесіне айналуда. «Адамның қадір-қасиеті қанша жыл ғұмыр кешкенінде емес, артында қандай із қалдырғанында», – депті Мәкең «Мәңгілік мұра» деген кітабында. Халқымыздың тамаша тарихын жинақтау, сақтау, насихаттау ол кісінің өмірлік асыл мұраты болған. «Мұражай мәдениеттің ғибадатханасы – Таным мен Тарихтың бастау бұлағы. Мұны келер ұрпақ үшін сақтау – Елім деген әрбір азаматтың борышы және мәртебелі ісі» деп ой түйіпті тарихқа табан тіреген тұлға. Осы бір өміршең пікірге ешкімнің алып-қосары жоқ шығар деп ойлаймын.
Амандық РАХҰЛЫ.