Ұлттық құндылықтарымыз жаңғыратын, ұлы мейрам, түбі бір түркі халықтарына ортақ мереке – әз-Наурыз жылдағы дәсүрден жаңылмай биыл да өз деңгейінде аталып өтті.
Наурыздың ақ таңы алаулай атып, күн көкжиектен көтеріле бере металлургтер мен байытушылар шаһарының орталық алаңы қала халқы мен қонақтарға толып үлгерген. Алғашқы құрылысшылар алаңы жақтан Бейбітшілік даңғылын бойлай Алаш алаңына үлкен көш қозғалып жүре берді. Атқа мінген батырлар бастаған көшке ұлттық киім киіп жасанған тұрғындар ілесті. Биыл жетпіс жылдығын атап өтетін мысты шаһардың тойына қала халқы осындай сый жасады. Ұлы дала көшінен қызғалдақ бейнесіне енген ару қыздар мен ақ әжелер ансамблі жаңа күннің жеткенін сүйіншілей алға озды енді бір сәтте. Соңынан ілескен сал серілер мен әнші-күйшілер көштің көркін келтірді. Мерекелік шара өнерпаздардың театрландырылған қойылымы мен Қыдыр атаның ақ батасынан басталды. Облыс басшылығы да халықпен бірге мейрамды тамашалап, жылы лебізін жеткізді. Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Советбек Медебаев пен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерболат Сатыбалдин қала халқын қасиетті ораза айында келіп жеткен Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтап, ұлу жылы жайлы, бастаған игі істеріңіз оңынан болсын деген ізгі тілектерін арнады.
Эстрада жұлдыздары Қуандық Рахым, Ардақ Балажанова және «ХасСақ» этно-фольклорлық ансамблі мерекенің көркін қыздыра түсті. Облыс орталығында 20-ға жуық киіз үй тігіліп, салтанатты шара барысында ең үздік киіз үй сайысының жеңімпаздары марапатталды.
Жезқазған байыту фабрикасы тіккен киіз үйдің жасау-жабдығы, ішінің өрнектелуі жағынан жоғары талапқа сай деп табылып, бас бәйгені жеңіп алды.
– Құруына байыту фабрикасының барлық еңбеккерлері атсалысқан киіз үйімізге қазақтың ертеде қолданған ыдыс-аяқтарын, жәдігерлерін тауып қойдық. Сондықтан бас жүлде барша байыту фабрикасының еңбеккерлеріне ортақ. Наурыз мерекесімен жезқазғандықтарды шын жүректен құттықтаймын, – деді Жезқазған байыту фабрикасының кәсіподақ комитетінің төрағасы Майра Әлбаттина.
Қала тұрғындары әр жерде құрылған сайыс алаңдарына жиналып, ұлттық ойындарды тамашалады. Оның ішінде жігіттер қауымы күресіп, кір тасын көтеріп, қол күрестіріп өзара бақ сынасса, балалар асық ойнап, бозбала мен бойжеткендер алтыбақан маңында бас қосты. Қазақтың ұлттық ойындарын қызықтап мәз-мейрам болғандардың да қатары қалың. Жиылған халық наурыз көже мен ыстық бауырсақтан дәм татып, мәре-сәре күйде болды.
Ұлытау облысының Құрметті азаматы Досжан Жанботаев: – Көңіл күй өте тамаша. Күн де жарқырап тұр. Қасиетті Ұлытау жерінің азаматтары наурыз құтты болсын. Ынтымақ, бақ береке әкелсін, – деген ақжарма тілегін арнаса, келесі сұхбаттасымыз қала тұрғыны Жетпісбай Шынқожаев: – Халықтың көңіл күйі өте тамаша. Бүгінгі күн ораза күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Наурыз береке-бірліктің бастауы ғой. Бірлігіміз нығая берсін, – деп ізгі тілегін жеткізді.
Күн мен түннің теңеліп, жан-дүниені тірілткен, шаруаның бір малы екеу болып, арқа-басы кеңіп, аққа аузы тиген, қытымыр қыстың ызғарынан құтылып, алдағы шуақты күндерден үміттендірген Наурыз мерекесі Тәуелсіз еліміздің зор ықыласпен тойланатын нағыз халықтық сипаттағы салтанатына айналды. Бұл мереке халқымыздың, тәуелсіздігіміздің ең негізгі тамырының бірі саналады.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.