Жасыратыны жоқ, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС деңгейінде өндірістен алған жарақатына байланысты денсаулығына зиян келіп, мүмкіндігі шектелгендердің мәселесі өткір тұр. Толық еңбекке мүмкіндігінің жоқтығын дәлелдей алмай жүрген бұрынғы еңбеккерлер болмашы ғана пайызды қанағат тұтуға мәжбүр.
Бұл мәселені Тау-кен, металлургия және аралас өндіріс еңбеккерлерінің «КәсіпҚорған», «Казпрофметтал», «Лайықты еңбек» кәсіподақтары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау және Денсаулық сақтау министрліктерінің деңгейіне дейін көтерді. Алайда, олардан қайран болмай отыр.
Аталмыш үш кәсіподақ бірлесіп мүмкіндігі шектелген азаматтардың атынан жақында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жолдады.
Хатта: «Құрметті Президент!
2022 жылдың 5 қазанында Қарағанды облысының қоғам өкілдерімен кездесуіңізде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау минстрлігіне ауыр өндіріс жағдайында денсаулығына зиян келіп, еңбек ету қабілетінен айырылған азаматтардың әлеуметтік кепілдігін қалпына келтіріп, мүгедектікке сай төлемақы төлеу жөнінде тапсырма берген болатынсыз. Алайда, министрлік тарапынан тиісті шешімдер әлі қарастырылған жоқ. Аталмыш үш кәсіподақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау және Денсаулық сақтау министрліктеріне бірнеше мәрте ұсыныспен шыққанымызда сыдыртпа жауаппен шектелді. Аталған мәселені түбегейлі шешу мақсатында Қарағанды, Ұлытау облысынан мәслихат депутаты мандатына ие А.Қалықов пен Е.Сатыбалдиннің ықпал етуімен ағымдағы жылдың 15 маусымында Қарағанды, Павлодар, Ұлытау облысының тау-кен, металлургия және аралас өндіріс еңбеккерлерінің, көмір өндірісі саласының кәсіподақ төрағалары жоғарыда аталған минстрліктің өкілдерімен кездесті. 2015 жылдан бері бас ауруына айналған мәселенің шешімі бұл жолы да табылмады.
Денсаулығына байланысты мүмкіндігі шектелген және денсаулығына зиян келген азаматтардың бұл мәселесі 2015 жылғы Азаматтық Кодекске өзгерістер енгізуден туындады. Атап айтқанда, кодекстің 1-тармағының 994-бабында денсаулығына зиян келген азаматтарға өндірісте еңбекке қабілетінің жоғалуына байланысты зейнет жасына жеткенде өтемақының барлық түрлеріне шектеу қойылған. Бұл, әрине, денсаулығына зиян келген азамат үшін материалдық тұрғыдан да моральдық тұрғыдан да кері пікір қалыптастыруда. Өндірісте алған жарақат адам денсаулығына өмірінің соңына дейін зиянын келтіретіні жасырын емес. Зейнет жасына жеткеннен кейін ол адамның денсаулығы 100 пайыз жақсарып кетпейтіні түсінікті.
Осыларды ескере отырып, күші жойылған 6-тармақтың 938-бабын қайта күшіне енгізе отырып, индексация төлеу және денсаулығына байланысты еңбек ету мүмкіндігінен шектелген азаматтарға кәсіби науқастығына байланысты жұмыстан шығарылған жұмыс орнында алған орташа жалақысы төленсін. Денсаулығына байланысты еңбекке жарамсыз азаматқа төленетін төлемнің ұлғайтылған жылдық инфляцияға сай көлемі – 4 пайыздан 8 пайызға тең. Азаматтық кодекстегі мұндай өзгерістер дискриминациялық жағдайды қалыптастырып қана қоймай, денсаулығына байланысты мүмкіндігі шектелген азаматтардың құқығын шектеу болып табылады. Корпорация деңгейінде денсаулығына байланысты шектелген 1000-ға жуық адам мүгедектігін растай алмай жүр. Оларға тек еңбекке жарамсыз ретінде 5 пен 29 пайыз аралығында ғана өтемақы төленеді. Мұнымен қоса олар өндірісте тапқан дертін МӘМС арқылы төлеп отырған жеке қаржысына емдеуге мәжбүр. Осы мәселелердің барлығы қазіргі таңда өңірде әлеуметтік деңгейде өзекті болып отыр.
Сонымен қатар, Қарағанды медициналық университетінде Кәсіби денсаулық клиникасының мәртебесін қайта қарастырып, бұл мекемеге еңбек гигиенасы және өндірістік аурулар ұлттық орталығы дәрежесін беруді сұраймыз. Арнайы орталықтың болмауының салдарынан көптеген азаматтар қосымша медициналық тексерістен өтіп, өндірістік жарақат алғанын дәлелдеумен уақытын жоғалтады. Осы мәселелердің барлығын республикалық деңгейде «профпатолог» қызметін дұрыс жолға қоюмен шешімін табатынына сенеміз.
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Біз сізден жылдар бойы қордаланып келген жұмысшылар мен аймақ тұрғындарының әлеуметтік мәселесіне көңіл аударуыңызды сұраймыз. Бұл үшін ҚР Әлеуметтік Кодексінің 7-бабында қарастырылғандай, мемлекет, жұмыс беруші азаматтардың әлеуметтік тұрғыда қамтылуына баса көңіл бөлу керек.
Бұл көтеріліп отырған мәселелер кең зерттеуді және бұрынғы нормаларды шұғыл қайтаруды, қоғамдық денсаулық және еңбекті қорғау шеңберіндегі бірқатар заң актілерін мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері мен жергілікті жұмысшылардың өкілімен қайта қарауды талап етеді», – делінген.
Аталмыш мәселеге қатысты «КәсіпҚорған», «Казпрофметталл» және «Лайықты еңбек» кәсіподағы Мемлекет басшысынан оң шешім күтеді. Ұйым төрағалары денсаулығына байланысты еңбек етуден шеттетілген азаматтардың әлеуметтік талабына Президент оң ықпал етеді деп сенеді.