«КәсіпҚорған» кәсіподағы Қарағанды филиалының ұйымдастыруымен 5-6 қазанда Қарағанды қаласында ұйымның әр өңірдегі филиалдарының өкілдеріне арналған семинар өтті.
Жұмыс барысындағы түйткілді мәселелерді шешуге бағытталған бас қосудың бағдарламасы өте қызықты болды. Кәсіподақтың Қарағанды филиалы мен сервистік кәсіпорындар кешеніндегі «КәсіпҚорған» кәсіподақ комитеті бірлесіп, «Кешегі және бүгінгі кәсіподақ» байқауын ұйымдастырды. Онда кәсіподақтың ардагерлері өткен заманда кәсіподақ жұмысының қалай жүргізілгенін айтып берсе, жас мамандар қазіргі кәсіподақ жұмысының қалай жүзеге асырылып жатқаны туралы тың ойларымен бөлісті.
Келісім комиссиясының командалық ойыны қызу пікірталасқа ұласты. Сондай-ақ, кәсіподақ қызметкерлері «Миллион ұтып ал» ойынында заңнамалық актілерді білу деңгейін көрсетті. Одан кейін Қарағанды филиалының төрағасы Мадияр Қалиев пен сервистік кәсіпорындар кешеніндегі «КәсіпҚорған» кәсіподақ комитетінің төрағасы Жібек Омарова ұйымның жұмысын ілгерілетудегі атқарған шараларын баяндады.
Әр аймақтан келген өкілдер семинар барысында Қарағанды құю-машина жасау зауытында болып, ондағы өндірістік үдеріспен танысты. Сонымен қатар, «Нұрқазған» кеніші мен байыту фабрикасының ұйытқы болуымен өткен спорттық жарысты тамашалады. Тәжірибе алмасу сапарынан Жезқазған филиалының кәсіподақ комитеттерінің төрағалары тың серпін алып қайтты.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.