Кәсіподақ – жұмысшы мен жұмыс беруші арасындағы алтын діңгек. Осыны жете түсініп, екі жақта туындаған мәселені дер кезінде шешу кәсіподақтың негізгі міндеті. Бұл бағыттағы жұмыстарды тиімді үлестіруде тау-кен, металлургия және аралас өндіріс еңбеккерлерінің «КәсіпҚорған» кәсіподағы жүйелі жұмысымен көзге түсуде.
Кәсіподақтың бүгінгі таңда бірнеше облыстарда филиалдары қызмет жасауда. Елу бес мыңнан аса мүшесі бар ұйымның жұмысын заманауи үлгіде жаңғыртуда аталмыш филиалдардың атқарып отырған шаруалары – бір-біріне тәжірибе. Сондықтан кәсіподақ төрағасы Уәлихан Нұржановтың бастамасымен әр филиал аймақтарда болып, іскерлік кездесулер өткізіп тұруды дәстүрге айналдырды.
Жақында Қарағанды, Балқаш, Павлодар аймағындағы филиалдардың төрағалары мен өкілдері Жезқазғанға келді. Сапар барысында делегаттар кәсіподақ ұйымының жұмысын ширата түсу, еңбек жағдайын жақсарту, жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы еңбек қатынастарын реттеу сынды мәселелерді қалай шешу керектігі жөнінде тәжірибе алмасты.
Жезқазған филиалының төрағасы Ақылбек Төлепбергенов бұл бағыттағы филиалдың тарапынан жүргізілген жұмыстардың бір сыпырасын баяндап өтті. Кәсіподақ төрағасы Уәлихан Нұржанов өз кезегінде ұйым еңбек шартының дұрыс бағытта орындалуына назар аударып, еңбеккердің құқығы бұзылған жағдайда еңбек шарты негізінде араша түсуге қабілетті болуы керек деді.
Тәжірибе алмасу кезінде Жезқазған филиалына қарасты комитеттер мен бастауыш ұйымдардың жетекшілері кәсіподақ ұйымының іс-әрекетін жаңғырту бағытындағы жұмыстарын көрсетіп, пікір алмасты.
Мысты шаһарға табан тіреген кәсіподақ өкілдері аймақтағы Алашахан, Жошыхан кесенелерінде болып, тарихи жерлердің тылсымымен танысты.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.