«Күркіреп күндей, өтті ғой соғыс!» деп, ақиық ақын Қасым Аманжолов жырлағандай, Ұлы Отан соғысы сұрапылының тарих қойнауына кеткеніне де биыл 80 жыл толады. Ұлы Жеңіс бізге оңайлықпен келген жоқ.
Бұл соғысқа жүздеген мың қазақстандық қатысты, қолына қару алып, алапат ұрысқа кірді. Ел басына күн туған осы қысылтаяң кезеңде өз еркімен қаншама өрімдей жас майданға аттанды?! Соның бірі «Байқоңыр» ауылының тумасы Әкбар Аманжолов еді.
Жастайынан Отан сүйгіштікке, адалдыққа, еңбекқорлыққа баулып өсірген ата-ананың тәрбиесі Әбекеңнің өмірлік ұстанымы болды. Ауыл сыртындағы төбе басына жиналған қариялардың ортасына әкесімен ілесіп барған кішкентай Әкбар қазақ тарихы туралы талай қызықты әңгімелер естіді. Көкірегі ояу қарттар ел қорғаған батырлардың жоңғармен соғысын, туған жерді басқыншы жаудан азат етудегі ерлігінен сыр шертетін. Мұның бәрі бала Әкбар үшін тәрбиелік мәні бар үлкен сабақ болды.
Тұрмыс тауқыметі – аштық-жалаңаштық салдарынан Әкбар мен кіші ағасы Қалиды Қарсақбайдағы жетім балалар үйіне тапсыруға мәжбүрлейді. Бірақ, мұнда да жағыдай мәз емес еді, бір-екі айдан соң аштықтан ісінген Әкбар Қарсақбайдан Байқоңырға жүретін жүк поезына отырып үйіне қашып барады. Тірі өлік болып келген Әкбарды көріп анасы мен ағалары зәрелері ұшып кетеді, келесі күні барып Қалиды да алып келеді.
Ол жақтағы адам шошырлық жәйттер, қорқып-үрку әсер еткен болуы керек Әкбар өз бойынан ерекше қасиеттердің пайда болғанын байқайды. Олар – иісті жақсы сезіну, металдарды жұмулы көзбен қандай металл екенін иісінен анықтау, есте сақтау, есту қабілеті. Әсіресе, көзінің көру қабілеті айрықша жақсарғанын байқайды.
Алдағы өмірінің қиын-қыстау сәттерінде бойындағы осы қасиеттері Әбекеңді талай өмір мен өлім айқасқан тар жол, тайғақ кешулерден алып шықса, бейбіт заманда «сатқын» атанып қор болған кезінде білікті маман болып атақ-абыройға жетуіне көмектесті. Ұлытауда мектеп қабырғасында 8 жылдық білім алған Әбекең Қарсақбайда ашылған Фабрика-Завод мектебіне оқуға жіберіледі.
Алты айлық курсты металлург мамандығы бойынша тамамдаған жастарды тәжірибе алмасу үшін Москваға жібереді. 1941 жылы мамырда гүлге оранған керемет қаланы көрген балалар «пейіштің» есігін ашқандай әсерге бөленеді. Завод тынысымен танысып, қол босағанда қаланы еркін аралап, саябақтағы биге барып, шат-шадыман жүрген жастардың қуанышы ұзаққа бармады. Келгендеріне бір ай енді болғанда соғыс өрті бұрқ ете қалды.
Тұтқиылдан бас салған қаныпезер жауға деген өшпенділік, Отанға деген сүйіспеншілік жастарды берік байлам жасауға жетеледі. Олардың ойында «Қалайда Отанды қорғау керек, бейбіт елдің тыныштығын бұзған жауыздар сазайын тарту керек!» деген бір-ақ мақсат тұрды. Сол жерде Әкбар жерлестеріне Дзержинский ауданының әскери комиссариатына барып тіркелуге ұсыныс жасайды. Келесі күні 13 жігіт «біз завод жұмыскеріміз, жасымыз 18-де, Отанымызды қорғаймыз, бізді әскер қатарына алыңыздар» деп өтініш жазады.
Шақырту көп күттірмейді. Әкбар жолдастарымен алғашында жергілікті халықпен бірге танкке қарсы ор қазумен айналысып, кейін барлаушылар батальонына жіберіледі. Бөлімше командирі болып тағайындалған Әкбар қасына 3-4 жауынгер алып, жиі-жиі барлауға шығатын. Осындай барлау кезінде Әбекеңнің иіс сезгіштігі көп көмегін тигізетін. «Бірде алдымыздан түтін иісі сезілді, бірақ, махорка емес. Орманнан шыға бере бөтен дауыстар естіліп, немістер екенін анықтадық. Осылай талай рет барлауға сәтті шығып, біздің әскери бөлімдердің маңызды ұрыстарды жеңіспен аяқтауына көмегіміз тиді», – дейтін Әбекең.
Бірде әскери бөлімше орналасқан жерге жоғарғы қолбасшы келеді. Жауынгерлерді сапқа тұрғызып, дивизияға «гвардия» атағы берілгенін айтып, құттықтайды. Батальон командирі: «Сержант Аманжолов, саптан шық!» деп бұйырады. Саптан шыққан Әкбардың қалжасына қараған командирлер таң-тамаша болады. Көңілі толмай тұрғаны анық еді. «Ол бірнеше рет барлаудан құнды мәлімет әкелді. Бала да болса сезімтал» деген жауапқа риза болған қолбасшы: «Жарайсың ұлым, қызметіңе рахмет!» деп, ұзын баулы командир сағатын сыйға тартады.
Осыдан он үш жыл өткенде киножурналдан көріп Әбекең ол кісінің маршал Жуков екенін біледі. Қоршаудан бір шығып, бір түсіп теке-тірес соғыспен жүргенде немістер зеңбіректен атқылап Әкбардың бөлімшесі қатты қырғынға ұшырайды. Бұл қанды қырғыннан аман қалып ессіз жатқанда тұтқынға түседі. Осылайша отанның жүрегі Москваны қорғамақшы болған еріктілер жасағының мүшесі Әкбар Аманжоловтың майдан жолы аяқталады.
Тұтқындағы азапты өмірі Әкбар ақсақал үшін бір тарих. Тұтқыннан қашпақ болған бірнеше әрекеті сәтсіз аяқталады. Бірнеше рет өліммен бетпе-бет кездеседі. Бірде қолға түскен қашқындарға қосып атпақшы болып тұрғанда неміс офицері келіп Әкбарды саптан шығарып, жас екенін көріп «кет» деп құйрыққа бір тебеді. Ажалсыз деген осы. Әкбардың қиын-қыстау жерден жол тауып өлім аузынан сытылып кеткен кезі аз емес.
Бірде бұрын монша болған бір үйге пеш салу керек болады. Немістер тұтқындардан «араларыңда пешші бар ма?» деп сұрағанда ешкім үндемегесін Әкбар алға шығады. Немістер сенімсіздікпен қарап, «білмесең атып тастаймыз» деп күледі. Алайда, пеш ойдағыдай болып, кәдеге асады. Неміс-
тер Әкбардың еңбекқорлығын ұнатады. Керісінше мұндай адамдар сатқын полицайларға ұнамайтын, «Сталиннің бөлтірігі» деп жек көретін. Бірде Әкбар полицайлардан оңбай таяқ жейді. Өлімші болған оны әйелдер баракқа жасырып, емдеп, өмірге қайта оралады.
Осылай қатты қиналып жүрген шақта немістер тұтқындарды орыстың Азаттық армиясы қатарына кіруге шақырады. «Совет Одағы үшін сендер – сатқынсыңдар, коммунистердің азабынан құтылудың жолы осы» деп үгіттейді. «Кім бетіме жылы қараса, соған құдайдай сенген жаспын. Орыстың Азаттық Армиясына кіруім сол білместіктің салдары еді» деп еске алатын Әбекең. Кейін НКВД тергеушілерінен де жасырмай, өз жағымызға қарай оқ атпағанын айтады. Керісінше партизандармен астыртын байланыста болғанын немістер сезіп қалып, Әкбардың батальонын таратып жібереді.
Францияға жұмысшы батальонына жібереді. Серігі М.Никулов екеуі қашпақшы болғанда тағы қолға түсіп, Батыс Германияға әкеледі. Екеуін көп тергемей, ату жазасына бұйырады. Ажал құрығынан Әбекең бұл жолы да құтылады. Тергеуші офицерлермен болған орыс эмигранты Әкбардың жолдасының туысқаны болып шығады. Власовшы солдаттар жатқан баракка кіргізеді, көп ұзамай американдық солдаттар Дахау деген лагерьге әкеледі. Киіндіріп, тамақтандырып Латын Америкасына өтуге үгіттейді. Алайда, Әкбар бір топ жолдасымен Отанға қайтуға бел байлайды. Үгітке көнбеген оларды 1946 жылы ақпанда өзіміз жаққа тапсырады.
Әкбардың қуанышы ұзаққа бармады. Олар мінген эшалон түнделетіп жүрді, күндіз вокзалдан алыс тоқтады. Ешкімді сыртқа шығармады, шығысқа қарай келе жатқанын сезеді. Петропавл қаласына келгенде поезд вокзалға таяу тоқтайды. Перронда көп адамдарды, оның ішінде қазақтарды көреді. Вагонға тақау қол созып, қайыр сұрап жүрген кемпірді көріп, аяп кетеді. Бәтеңкесіне кепкен нан салып, тесіктен лақтырады. «Шешей, алыңыз» деп айқайлайды.
Шошып кеткен кемпір: «Мыналар біздің адамдар ғой» деп айқай салады. Сол-ақ екен сонда жүрген жолаушылар составқа қарай лап қояды. Жауынгерлер аспанға оқ атып, әзер тоқтатады. Біраз жүргесін поезд тоқтап, Әкбарды штаб-вагонға алып келеді. «Айқайлап әскери құпияны аштың, атыласың» деген офицерге Әкбар тайсалмай: «Туған жердің топырағы бүйырса, арманым жоқ. Ал, кемпірді аядым, мүмкін менің анам да солай жүрген шығар» дейді. «Енді тәртіп бұзсаң, атыласың» деген ескертумен, бұл жолы да өлімнен аман қалады.
Қиыр Шығыстағы Әбекеңнің айдаудағы екінші өмірі «Штурмовой» алтын кен орнында басталады. Әрі жас, әрі бойындағы жігерін байқап басшылар 50 адамға бригадир етіп тағайындайды. Жұмыс құм шайып, алтын алу екен. Күн суық, өне бойы сумен жұмыс істегендіктен киімге мұз қатып, қияметті бастан кешеді. Жоспарды бірнеше есе асыра орындап, көзге түседі. Геологиялық барлау мекемесінде прораб болып жұмыс істейді.
Өндірістік база меңгерушісінің орынбасары боп жүргенде, 1950 жылы «қоғам мүлкін ұрлады» деген жаламен 7 жылға сотталады. Лагерь заводында фрезердің үйренушісі болып жүріп, бұл мамандықтың қыр-сырын біліп алады. Әкбардың тыңғылықты жұмысына риза болып, шартты мезгілін қысқартатын болады. «Катерпиллер» тракторының тісті доңғалақтарын жөндеуде жоспарды үнемі асыра орындағаны үшін 3 жылда бостандыққа шығып, завод жанынан 1 бөлмелі пәтер беріледі.
Әкбар түрмеден босаған жылы амнистия болып көп әйелдер бостандыққа шығады. Тағдырдың жазуымен поляк қызы Еленаға кездесіп, қос жүрек табысып, Колымада отбасын құрады. Алғашқы екі қызы сол жақта өмірге келеді. Елдегі анасы Алтын баласы Әкбар «хабарсыз кетті» деген қағаз алған болатын. Бес ұлы соғыстан аман келген ана Әкбардың тірі екенін естігенде қуанышында шек болмайды. Алты ұлын аман көру бақыты бұйырған не деген бақытты ана десеңізші?!
Айдаудан аман келсе де, Әбекеңді құшақ жая қарсы алған ешкім бола қойған жоқ. Бұрынғы тұтқыннан кім қорықпасын? Жұмыс іздеп барғанда ескі танысының өзі «бос орын жоқ» деген желеумен бұрғышының көмекшісі болуды ұсынады. Техниканың тілін, металл өңдеу жұмысын жетік меңгерген Әбекең тез арада В. Штифанов басқаратын геологиялық экспедицияға дипломсыз-ақ аға механик болып бекітіледі. Экспедицияда жүргенде «қалай барлаушылардың еңбек өнімділігін арттырып, жұмысын жеңілдетем?» деген мақсатты алдына қояды. Сөйтіп, 1975 жылға дейін 200-ден астам жаңалық пен рационизаторлық ұсынысты өндіріске енгізеді.
Әбекеңнің көптеген ұсынысын конструкторлық бюродағылар өздері пайдаланып кетеді. Қанша жаңалық ашса да өнертапқыш, рационализатор атағы берілмейді. Тәңірі жар болып, Әбекеңнің өнертапқыштығы КСРО Ғылым Академиясының патент бөлімінің бастығы Н. Остроуховтың назарына ілігеді. Өнертапқышпен таныспақ болып, Әбекеңді Москваға шақырып, әңгімелеседі. Міне, сол кездесуден соң-ақ Әкбар ақсақалдың айы оңынан туды десе болады. Сол жылы «КСРО өнертапқышы» атағы беріліп, төсбелгімен марапатталды.
Әбекең ойлап тапқан гидротіркеме ауыр бұрғылау станогын тасымалдауда тамаша нәтиже береді. «Жаман Айбат» кен орнын ашуда Әбекеңнің жаңа әдіспен ойлап шығарған станогы бұрғылау қарқынын үдетіп, еңбек өнімділігін арттырады. Москвалық ғалымдардың бұл жаңа әдістің тиімділігіне көзі жетеді. Әкбар ақсақалдың өнертапқыштық еңбектері жоғары бағаланды. КСРО және Қазақстанның «Еңбегі сіңген өнертапқышы» төсбелгісімен, медальдармен марапатталды.
Еліне өлшеусіз еңбегі сіңіп, өндіріске қыруар пайда келтіріп жатса да Әкбар ақсақалдың көңіліндегі түйткілі соңынан қалмай келе жатқан «атағы» еді. Көптен күткен «ақталсын» деген жауап Ұлы Жеңістің 50 жылдығына орай келді. Әскери комиссариат «Ұлы Отан соғысының ардагері» деген куәлік табыс етті және Сәтбаев қаласының соғыс ардагерлері кеңесіне мүше болды.
Өмірінің 17 жылы азаппен өтсе де өзінің жанкештілігі, еңбекқорлығы арқасында бақытты өмірге қолы жетті. Сәтбаев қаласының құрметті азаматы атанды. Бала күнгі серігі мандолинасын тастамай, соғыс кезіндегі әндерді келістіре орындап, қалалық мәдени іс-шараларға белсене атсалысты. Тынымсыз еңбегін елі жоғары бағалап, құрметке бөленді. Әр Жеңіс күні қала басшылары сый-сияпат жасады. Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, немере-шөбере сүйді.
Тағдыр «мың өліп, мың тірілген» Әкбар ақсақалға соның өтеуіндей ұзақ ғұмыр сыйлады. Бәйбішесі Елена шешей екеуі жарты ғасырдан астам тату-тәтті өмір сүрді. 95 жасын ұрпақтарымен бірге тойлап, 2019 жылы дүниеден өтті. Келесі жылы Елена шешей де о дүниеге сапар шекті.
Жәми ТҰРСЫНБАЕВ,
«Қазақмыс» корпорациясы Ардагерлер кеңесінің мүшесі.
СӘТБАЕВ қаласы.