(Соңы. Басы газетіміздің өткен сандарында).
– Қашанғы осылай қашып-пысып жүреміз. Еркек емессің бе, бір шешімге келсей, – деді Жадыра бір күні.
– Не істе дейсің сонда? Жанарды өлтірейін бе?!.
Арада өлі тыныштық орнады. Әркім өз ойымен өзі әлек. Мұрат өзін екі оттың ортасында қалғандай сезінді. Былай қараса Жанарды жақсы көретін сияқты. Бірақ, Жадыраның ыстығы оның дегбірін алады. Бір сәт көрмесе елегізіп тұратындай. Қайтпек керек. «Айырыласайық» дегенге Жанардың көнбейтіні анық…
Үнсіздікті Жадыра бұзды.
– Менде бір жоспар бар. Саған ұнайды. Енер соған келіссең, бәрінен құтыламыз.
Жадыра «құтыламыз» деген сөзге салмақ бере сөйледі.
– Ол қандай жоспар? – деді Мұрат та елең ете қалып.
– Онда тыңда. Сен үйіңе барған соң «банктен несие бермеді, бизнесімізді аша алмайтын болдық, сенен көмек болмаса» де. «Қандай көмек» десе айт, «сен банктен несие ал, саған береді» де. Несие алдырғаннан кейін бірер айдан соң ажырасуға өтініш жаз да маған кетіп қал…
– Иә саған, ол бұған көне қояды деген.
– Көнеді. Бірер күн жылайды да көндігеді. Жоспардың шешу сәті әлі соңында.
– Қандай шешуші сәт. Кісі өлтіру емес пе әйтеуір. Мен оны өлтіре алмаймын.
– Ол емес, сен өлесің…
– Қалай… Өлемін…
– Сенің таныстарың бар, бізде ақша бар. Ал ақша кімге де болса керек. Сенің өліміңді растайтын құжат жасаттырамыз. Сені кәдімгідей «жерлеймін». Тамыңды жасаттырып, құлыптас орнатамын. Сосын басқа қалаға көшіп кетем. Әрине, екеуміз.
***
Бәрі Жадыра айтқандай болды. Мұрат әуелі Жанарға несие алдырды. Артынша, басқа біреуді ұнататынын, сол жанмен ғұмыр кешкісі келетінін айтып кетіп қалды. Жанар жылай-жылай қала берді. Сұңғыла Жадыраның ойлаған жоспары сатылап орындалды. Бірақ, бизнестері жүріп кете қоймады. Есесіне, несиені де, балаларға алиментті де төлемейтіндей етіп, Мұратты «өлтірді». Рас, аз ақша кеткен жоқ. Басқа құжаттар жасатты да өзге өңірге көшіп кетті. Кетерінде Жанарға хат қалдырып, «Мұраттың өмірден өткенін» естіртті. Зиратының қай жерде екенін де көрсетті. Бұл жақта Жанар үш баласымен жылап-сықтап қалды. Ал, ана қалада олар өздерінше жаңа өмір бастамақ болды. Бірақ, қолға алған жұмыстарының қайысы болса да алға баспады. Бизнестері банкрот болды. Қарызға да белшелерінен батты. Кредиторлар қоқаң-лоқы көрсетіп, қыспаққа ала бастады. Ақыры ол жақтағы бизнесін, дүние мүліктерін сатып, осы жаққа көшіп келуге мәжбүр болды. Мұнда Жадыраның жалға беріп кеткен пәтері бар еді. Соған келіп қоныстанып алды. Ешкімнің көзіне түспеуге тырысты.
Бірақ, қарыз бергендердің қолы ұзын адамдар екен. Олар мұны осы жақтан да тауып алды. Өлімші етіп ұрып, пышақ жарақатын да салды. Осындай жағдайда ауруханаға түскен еді Мұрат.
***
–Біздің ендігі тағдырымыз сенің қолыңда, Жанар. Дәрігерлерге айтып, полицияға хабарламауын сұрашы.
– Бұл жағдайдан қалай құтылмақсыңдар енді?
– Әзірге білмеймін. Бір амалы табылар. Және ол амал бар да. Сен пәтеріңді сатшы, Жанар. Ол пәтерде Мұраттың да үлесі бар ғой…
Мынаны естігенде Жанардың жүрегі тоқтап қала жаздады. Денесі тітіркеніп кетті.
– Не дейсің?! Сенің есің дұрыс па?! Осыған дейін Мұрат маған қыруар сома несие қалдырып кетті емес пе. Мен соны күні бүгінге дейін төлеп келемін. Үш балам мен өзімнің аузымнан жырып соның қарыздарын өтеп жүрмін, арқа етім арша, борбай етім борша болып. Енді келіп маған пәтеріңді сатып, өзің үш балаңмен далада отыр да бүкіл ақшаны маған бер дегенің қай сасқаның?! Жоқ! Мен бұрынғы ашық ауыз Жанар емеспін. Сендердің торларыңа екінші қайтып түсе алмаймын.
Сен дұрыс айтасың, бір амал бар. Ол – полицияға өз аяқтарыңмен барып, бәрін айтып, қылмыстарыңды мойындау. Сонда мүмкін сот кесімін жеңілдетер.
Осы кезде әңгімеге Сағынбай араласты.
– Кешірім сұраймын, бұл әрине менің шаруам емес шығар. Бірақ Жанар дұрыс айтты. Мен полиция шақырамын. Сіз де ешқайда кетпеңіз.
Жадыраның жаны шығып кете жаздады. Шақырмаңыз. Жанар айтшы, ол сенің де күйеуің емес пе? Сенің балаларыңның әкесі ғой.
– Жоқ, Жадыра, ол менің күйеуім емес. Менің балаларымның да әкесі емес ол. Кеше, біз шырылдап қалғанда қайсыңның жандарың ашыды маған. Шақырсын полицияны. Мен оған қарсы тұра алмаймын. Тұрғым да келмейді. Сені де аяй алмаймын. Сендердің істеген істерің менің басыма сияр емес. Сағынбай аға, шақырыңыз.
Жанар осыны айтты да кілт бұрылып дәлізді бойлап медбибілер бөлмесіне қарай кетті.
– Ең дұрыс шешім осы. Біріншіден сіздің күйеуіңіздің өмірі сақталады. Екіншіден, сіз мына шытырман тірліктен құтыласыз, – деді Сағынбай телефон нөмірін теріп жатып.
Амалы таусылған Жадыра да дәліздегі орындыққа сылқ етіп отыра кетті.
– Осының бәріне сен кінәлісің, Жанар. Егер Мұрат әу баста саған емес, маған үйленгенде мұның бір де бірі болмас еді, – деді қос қолымен басын ұстап отырған күйі. Оның бұл сөзін жанында тұрған Сағынбайдан басқа ешкім де естіген жоқ.
***
– Анашым, бірдеңе болып қалды ма? Ауырып қалған жоқсыз ба? Өңіңіз қашып кетіпті ғой.
– Бәрі жақсы, құлыным. Қатты шаршаған шығармын. Бүгінгі түн ауыр болды мен үшін.
– Не болды? Жайшылық па?
Жанар айтсам ба екен, айтпай-ақ қойсам ба екен деп ойланып отырып барып болған оқиғаны қаз қалпында баяндап берді.
– Біз мына жақта қайғырып, бейсенбі сайын құран оқытып, құдайы ас беріп жүргенде ол ана жақта нақсүйерімен рахат ғұмыр кешкен екен ғой. Апа, сіз ренжімейсіз бе? Мен үшін әкем өлген болып есептеле берсінші.
Жанар иығын көтерді де қойды.
– Мен саған былай істе деп айта алмаймын. Өз жүрегіңнің үкімін тыңда, қызым. Ал мен үшін Мұрат өлген еді. Бүгін мүлдем өлді.
***
Арада жарты жыл уақыт өтті. Мұрат ауруханадан жазылып шыққаннан кейін сот болды. Сотқа Жанарды да шақырды. Жадыра мен Мұраттың былығы көп екен. Екеуі бірін-бірі айыптап, кінәні бірінен біріне аударумен болды. Бұны көріп отырып Жанар Мұраттан мүлден жиіркеніп кетті. Мынадай жаннан ертерек құтқарған тағдырына да іштей ризашылық айтты.
Сот Жанардың несиесін сол қалпында қалдырды. Банктің алдында борышкер өзі екені даусыз еді. Мұраттың алдауымен алғанына ешкім назар аудармады. Бұл да тағдырдың тәлкегі шығар деді Жанар үйіне қайтып келе жатып.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.