(Жалғасы. Басы өткен санда).
Жанар хирургия бөліміне көтерілгенде бәрі аға медбибінің кабинетінде шай ішіп отыр екен.
– О, Жанар, келдің бе. Отыра қал. Жақсылап шай ішіп алайық.
– Рахмет. Бүгін түн тыныш өтетін сияқты ма?.. Тым-тырыс қой.
– Соны айтам. Дауыл алдындағы тыныштық болып жүрмесін.
– Қойыңдар, қайдағы-жайдағыны айтпай.
Дуылдаған топты аға медбибі Айжан апай тиып тастады. Әрі жасы үлкен, әрі лауазымы жоғары болған соң мұндағылар ол кісіні қатты сыйлайтын. Бұл жолы да қарсылық білдіргендер болмады.
Ауысым шынында да тыныштықпен басталды. Бір адам соқыршекпен түсті. Бір бозбала абайсызда қолын шығарып алып, келді.
***
Ауа райы сондай жанға жайлы еді. Көктемнің соңғы айы жылы болып тұр. Бүгінгі түн тіптен тамаша. Жанар аурухананың ауласына шығып, енді ғана жапырақ жая бастаған тал түбіндегі сәкіге жайғасты.
– Рұқсат па екен?
Жанар селк ете қалды. Желке тұсында жымиып Сағынбай тұр. Бұл келгенде маңайда ешкім жоқ сияқты еді. Қайдан шыға келгеніне таң.
Сағынбай Жанардың жауабын күтіп жатпастан жанындағы бос орынға жайғасты.
– Жанар, мен сізді киноға шақырсам ба деп едім. Шынымды айтсам, сіз секілді келіншекті қайда шақырарымды білмедім. Ресторанға барайық дейін десем, сіз мені дұрыс түсінбей қала ма деп ойлаймын. Театрды екінің бірі ұната бермейді. Мен сіз жайлы тіпті ештеңе де білмейді екенмін. Нені ұнатасыз, нені ұнатпайсыз дегенім ғой. Сосын, баяғы ескі жолмен киноны таңдадым. Қарсы болмассыз деп ойлаймын. Тіпті, ешқандай қарсылықты қабылдамаймын.
Жанар өзін танып-білмейтін жанның бұлайша билеп-төстеп бара жатқанына әуелді қитығып қалған еді. Алайда, ол райынан тез қайтты. Бұл ренжитіндей ол ештеңе айтқан жоқ қой. Бар болғаны киноға шақырды. Онда тұрған не бар. Кейбір еркектер сияқты бірден үйіне шақырса, болмаса, сенің үйіңе барайық десе қайтер едің…
– Сіздің көріпкелдігіңіз бар ма, қалай? Менің киноға барғым келмейтінін қайдан біліп қойдыңыз.
Жанар жымиған күйі серігіне қарады. Сағынбайдың да жауабы дайын екен.
– Оған ешқандай көріпкелдіктің қажеті жоқ. Былай-ақ бәрі белгілі болып тұр емес пе?!
– Қалай?
– Сіз мені көрген бойда тезірек кеткенше асығасыз. Оны мен ә дегеннен-ақ байқағам.
Жанар біреу ұрлығының үстінен түскендей қысылып қалды.
– Қойыңызшы, сіз де айтады екенсіз, – деді сосын төмен қарап.
– Қысылмаңыз. Біз екеуміз де ересек адамбыз. Оның үстіне екеуміздің де басымыз бос…
Жанар өзінің қалай терең күрсінгенін аңғармай қалды. Жауап та қатпады. Үнсіз қалды. Өз ойымен өзі арпалысып отыр. Не деп айтуы керек. Қырықтан асқанда неменесіне жетісіп қылмыңдамақ… Қырықтан асқанда дейсің бе… Қырықтан әрі өмір бітті деп айтып па біреу.
– Жақсы. Киноға барсақ, барайық. Бірақ, менде уақыт та тым аз…
– Оны байқадым. Шамадан тыс жұмыс істеп жүрсіз.
– Істейін деп істеп жүр дейсіз бе? Бәрі мәжбүрліктен… Күйеуім маған салмағы тым ауыр «мұра» қалдырып кетті емес пе…
Сағынбай басын шайқады.
– Иә, ондай жағдай қазір аз емес. Басыңызға түскен жағдайды сұрап, жараңызға тұз сепкендей болмайын. Қажет деп жатсаңыз кейін өзіңіз айтарсыз.
Неге екені белгісіз, Жанар ол әңгімені кейінге қалдырғысы келмеді. Қазір-ақ айтып, шерін бір тарқатып алуды ойлады ма… Барлық жағдайды бүгі-шігесіне дейін қалдырмай ақтарып шықты. Ол айтып отыр. Сағынбай үнсіз тыңдап отыр.
– Қысқасы, басы бос келіншектерді киноға шақырардан бұрын оның қандай жан екінін барлап біліп алыңыз. Мен сияқты проблемасы шашынан да көп адамға жолығып, өзіңізге жұмыс тауып аларсыз.
– Жоқ, ешқандай жұмыс емес мұның. Шешілмейтін проблема болмайды. Сіздің проблемаңыз оның қасында түк те емес.
– Мүмкін сіздің айтқаныңыз дұрыс шығар. Менің осы проблемам жайлы көп ойлағандықтан да болар, шешімі қиын сияқты көрінеді. Өмірде жолым ауыр. Ара-
мыздан қыл өтпейтін, бір табақтан ас ішкен ең жақын құрбым болды менің. Мен тұрмысқа шыққанда екеуіміздің арамыз екі айырылды. Кейін білдім, құрбымның менің күйеуімде көңілі болған екен. Егер ертерек білгенімде, бәрі басқаша болар ма еді. Олар үйленіп бақытты ғұмыр кешуі мүмкін ғой. Сонда Мұрат та тірі қалар ма еді…
– О,о! Мынауыңыз барып тұрған утопия. Қиял. Жарайды, өлер күйеу өлді, құрбыңызбен татуластыңыз ба?..
– Жоқ. Оның қайда екенін де білмеймін. Хабар жоқ. Біздің үйлену тойымыздан кейін басқа жаққа кетіп қалды. Қайда кеткенін айтпады да…
Осы кезде түнгі қаланы жаңғырытқан жедел жәрдем көлігінің ащы дабылы естілді. Сәлден кейін аурухананың бас қақпасы жақтан жарқ-жұрқ еткен жарық та көрінді.
– Жедел жәрдем көлігі келеді. Мүмкін бізге емес шығар, – деді Сағынбай орнынан тұрып жатып.
– Дәу де болса бізге шығар. Бүгін тым тыныштықпен басталып еді кеш. Ондай тыныштық болуы мүмкін емес.
Жанар сол сөйлеген күйі ауруханаға қарай беттеді. Артынша жедел жәрдем көлігі де қабылдау бөлімінің алдына келіп тоқтады. Әп-сәтте абыр-сабыр басталып кетті.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.
(Жалғасы бар).