Шығарып салғалы отырған 2023 жылда еңбегімен елеулі болып, табысқа кенелген азаматтардың пікірлері легін келесі озаттарымыз жалғайды.
Мұханбеткәрім Тұрсынбаев, «Қорғау қызметі» ЖШС Жезқазған филиалының күзетшісі:
– «Қазақмыс» корпорациясының аймақтардағы өндірістік нысандарын қорғайтын құрылымға 1995 жылы жұмысқа орналастым. Күзет жүйесіндегі барлық сатылардан өттім десем де болады. Жауапкершілігі мол ұйымда еңбек еткелі де 28 жыл өтіпті. Биыл асқаралы 60 жасқа толдым. Ұжымымның береке-бірлігі, күзет қызметкерлерінің өз жұмысына деген ынта-жігерінің арқасында жылды табысты қорытындыладық. Біздің күзетшілеріміз нысандардың қауіпсіздігін бақылауда біліктіліктері мен тәжірибелерін көрсетіп келеді.
Осы қарқыннан таймай, алға қарай қадам баса береміз. Күзетшілеріміз адам өмірі мен нысандардың қауіпсіз қорғалуына бағытталған жұмысына табыс тілеймін. Жаңа жыл жақсылығымен келсін! Ұлу жылының жетістігі мол болсын!
Руслан Тильман, «Жезқазған медициналық орталығы» ЖШС жүйке жүйелері ауруы бөлімінің дәрігері:
– Адам өміріне араша түсіп, аман сақтап қалатын ақ желеңділердің биылғы жылға өкпесі жоқ деп ойлаймын. Әсіресе, біздің медициналық орталықтың дәрігерлері облыс тұрғындарына тиісті деңгейде медициналық көмек көрсетуде заманауи технологиялар мен әдістерді пайдалану арқылы көп науқастың өмірін сақтап қалды. Біздің бөлімге жүйке жүйелерінің түрлі дәрежедегі науқастануымен адамдар келеді. Олардың қатарында «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС еңбеккерлерінен бөлек, қаланың өзге де тұрғындары дерттеріне шипа алады. Біздің бөлімнің басты қызметі – дер кезінде диагноз қойып, науқастың тиісті деңгейде ем-дом алуына көмек беру. Жүйке жүйелерінің асқынған не болмаса енді басталған деңгейіне қарай жүргізілетін емдер де әртүрлі. Биылғы жылы бөлімге келген әрбір тұрғын дертіне қарай емдерін алды. Бұл бөлімге келген 14 жыл ішінде тәжірибе жинақтап, еліміздегі және Ресей мемлекетіндегі бііліктілікті арттыру курстарына қатыстым.
Өзім үшін де ұжымым үшін де адам өмірін сақтап қалудағы миссиямыз биыл да нәтижелі болды. Келер 2024 жылы да осы үдеден шығамыз деп ойлаймын. Ақ желеңді абзал жандардың атынан баршаңызды санаулы күндерден соң табалдырықтан аттайтын Жаңа жылмен құттықтап, мықты денсаулық, бастарыңызға амандық тілеймін!
Нұрлан Айтпаев,
«Нұрқазған» кеніші үңгілеу телімінің бригадирі:
– Қоян жылы жайлылығымен есте қалатын жыл болды. Өзінің шапшаңдығына тән жылымыз да тез өтіп кеткендей әсер қалдырды. Бұл жылдың жайлылығы – үңгілеушілер бригадасы биылға бекітілген жылдық жоспарды толық еңсеріп, табысқа қол жеткіздік. Кен өндірудің өзіне тән қиындықтарынан бөлек, қаупін де ескере отырып, біздің жігіттер жоспарды еңсерді.
Жаңадан жасақталған бригадаға осы жылдың шілде айында жетекшілікке келдім. Алғашқы сәтте «үңгілеу жоспарын игеріп шығу қалай болады» деген күдік басым болды. Бригаданың жігіттері тәжірибе жинақтап, шынығудың арқасында межеге жеттік. Бұл тұрғыда кеніш директоры Мұқан Жалғасұлы Үңгітбаевтың, телім басшысының, кәсіподақ ұйымының және жігіттердің өздеріне жүктелген міндеттерін атқарудағы жауапкершіліктері айрықша маңызға ие.
Жұмысты үйлестіріп, ұжымды табысқа жетелеуде бригадирдің қызметі аса маңызды. Сондықтан мен бұл жұмысқа зор жауапкершілікпен қараймын. 2023 жылдағы табысымыз 2024 жылы тасқындап, жетістіктеріміздің мол болуына тәжірибемізді бағыттайтын боламыз. Ұлу жылы баршаңызға жақсылығы мен игілігін ала келсін!