Міне, күнтізбедегі 2023 жылды да артқа тастап, 2024 жылды қарсы алар күн де таяп қалды. Қоян жылы жеке адамдар үшін де аймақтағы өндіріс үшін де табысты болды. Еңбегімен елеулі болып, жетістікке жеткен жандардың жаңажылдық лебіздерін қалың оқырманға жолдағанда жөн көрдік.
Марат ҚОШАНОВ, Жезқазған жылу, электр орталығындағы «КәсіпҚорған» кәсіподағы комитетінің төрағасы:
– Әрбір жыл өзінің ерекше естеліктерімен есте қалады ғой. Мен үшін өтіп бара жатқан жыл мерейлі жасқа толып, еңбегімнің еленгенімен ерекшеленді. Жетпіс жасқа қадам басып, қоғам игілігіне бағыттаған жұмысымыздың нәтижесін көрдім. Еңбегімді бағалап, «КәсіпҚорған» кәсіподағының басшылығы «Еңбек озаты» төсбелгісімен марапаттады.
Жезқазған жылу, электр орталығы – менің екінші үйім. Менің осы кезге дейінгі барлық кезеңіме осы ұжым куә. Отбасымнан кейінгі бақытты мен осы кәсіпорыннан таптым. Еңбекте абыройға кенелдім. Басшылық құрамда қызмет атқардым, кәсіподақ комитетінің тізгінін ұстадым. Қай шаруаны болса да адалынан атқарып, еңбеккерлерді қолдауға ынталандым. Жетпіс жасқа келсем де еңбекке деген құлшынысым ерекше.
Осы қарқыннан таймай, алда да кәсіпорынның, кәсіподақтың қадам басуына үлесімді қосамын. Баршаңызды алда келер Ұлу жылымен құттықтап, еңбектеріне табыс, отбастарына бақ-береке тілеймін. Келер жылы мыс балқытқан сүйікті қаламыздың 70 жылдық мерейтойы. Жезқазған қаласының өркендеп, өсе беруіне тілекшімін.
Талғат БАБАТАЕВ,
Ғ. Омаров атындағы шахтапроходкалау тресінің жетекші энергетигі:
– Шахта құрылысын салу мен кен қорын үңгілеуде теңдессіз құрылым аталған тресте 40 жыл еңбек етіппін. Алғаш мені жұмысқа қабылдап, өз ұлындай өндіріске баулыған Ғазиз Омарұлының өзі болатын. Міне, содан бері арада қырық жыл өтіпті. Қырық жылдық еңбек жолымда талай жетістіктерге қол жетті. Әсіресе, трестің Жезқазғаннан бөлек, шалғай аймақтарда шахта құрылысын жүргізудегі жұмыстарының нәтижелі болғаны кеудені кернейтін қуаныш. Осы дәстүр биыл да оң жалғасты.
Ал, жеке басыма келер болсам, трестің энергетика бағытындағы шаруашылығын игерудегі еңбегім үшін трест директоры Қайрат Керімқұловтың, кәсіподақ комитетінің қолдауымен энергетиктердің кәсіби мерекесінде «Еңбегі сіңген энергетик» атағын иелендім. Әрине, бұл мен үшін де, ұжым үшін де мақтаныш.
Баршаңызды 2024 жылмен құттықтай отырып, табысқа кенеле беріңіздер дегім келеді. Биылғы табыс пен жетістіктің жарқын көрінісі Ұлу жылында да жалғасты болсын!
Ғазиз Құрманғалиев, Жезқазған байыту фабрикасы №1 бас корпустың бригадирі:
– «Жаңа жыл жарылқасын, ескі жыл есіркесін» деп тілек тілеп жатамыз ғой. Жүректен шыққан осы ақ тілегімді қалың қазаққа арнағым келеді. Қоян жылының жағымды жаңалықтарын тізбектей беруге болады.
Өзім жетекшілік ететін слесарь-жөндеушілердің бригадасы фабриканың тұрақты түрде жұмыс атқаруына үлес қосты. Біздің ұжым межелі міндетке қол жеткізді. Қауіпсіздік саясатын жүзеге асыра отырып, еңбек өнімділігін арттырдық. Осы ұжымның, өндіріс ошағы басшысы мен «КәсіпҚорған» кәсіподағы комитетінің қолдауымен үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісін омырауыма тақтым. Бұл марапат менің ғана емес, ұжымымның үлкен жетістігі деп білемін.
Қоян жылының бізге тарту еткен сыйының бірі – табысты еңбек қағидатын орындау болды деп толық айта аламын. Ұжымымыз алдағы жылы да осы белестің биігінен көріне береді деп сенемін.