«Шын мәнінде, біз айтып жүрген Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құрады. Бұл – бір-бірімен өте тығыз байланысты ұғымдар. Отанға, отбасына адалдық – парасаттылық пен адамгершіліктің белгісі. Адал еңбек етіп, адал табыс тапқан адам жетістікке жетеді, құрметке ие болады. Ұлы Абай «Адал еңбекпен мал іздемек – арлы адамның ісі» деген. Ал арлы адам әділетсіздік жасамайды. Әр салада адалдық басты орында тұрса, әділ қоғам орнайды. Ендеше, Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары ел тірегі болатын егіз құндылық ретінде әрдайым қатар тұруға тиіс».
Қазақстан Республикасының Президенті
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістанда өткен ІІ құрылтайдағы сөзінен.
Бұл біз әңгіме өзегіне айналдырғалы отырған кейіпкеріміздің қағидасы. Түрлі қиын бөлшектерді қиыстырып, өндіріске қажетті жабдықтарды сапалы етіп жасауда шебер атанған Абдулла Мулақовтың өндірістегі еңбек өтілі 43 жылға пара-пар.
Жақында ол асқаралы 60 жастың асуын бағындырды. Мамандандырыл-
ған құрылыс-монтаждау басқармасының № 6 учаскесінде темір ұстасы болып еңбек ететін Абдулла Түсіпбекұлы нағыз темірден түйін түюдің қыр-сырына қаныққан азамат.
Кен-шахта жабдықтары зауытына қарасты «Покро» шахтасында 16 жасында еңбекке араласқан ол жастайынан кәсібіне деген адалдықты ту етті. Әкесі Түсіпбек Мулақовтан алған тәлім-тәрбиесі Абдулланы еңбектің қайнаған ортасында шар болаттай шыңдалуға жетеледі. Асқар тауы «Байқоңыр» кеңшарындағы шахтада 1927 жылдан 1994 жылға дейін кенші болды. Соғысқа қатысты. 1953 – 1978 жылдары «Покро» шахтасында еңбек етті, шахтаның шаруашылығын басқарды.
Анасы Ұлтуған Жарасбаева 8 баланы өмірге әкеліп, өсіріп қатарға қосты. Бірі кенші, бірі ағарту саласында тер төксе, Абдулла ұсталықты серік етті. Қызу еңбекке араласқан сәтте цех басшысы болған Владимир Перелигин, бірге еңбек еткен апасы Қарлығаш Абдулла Түсіпбекұлы үшін шыңдалу мектебінің бастауы болды. «Покро» шахтасындағы цехта қатар бастаған слесарь Әділет Әбікенов, темір жонушы Әлия Бақаева, темір ұстасы Өмірбек Нұржанов сынды майталмандармен әлі күнге дейін әріптестіктері жалғасуда. Қазіргі цех басшысы Александр Тихов та, ауысым мастері Сәдуақас Софиев те Абдулла Түсіпбекұлымен ширек ғасырдан аса әріптес. Олардың барлығы да темір ұстасы жайлы өңірдегі қиыннан қиыстырып, өндіріске қажетті бөлшектерді дайындаудың хас шебері дегенді алға тартады.
– Абдулла Мулақовтың бұл салаға маңдай тері сіңген азамат. Оның өз кәсібін ерекше қадірлеп, бағалауы барлығымызға үлгі. Ауысым басталғаннан аяқталғанға дейін станоктың қасында тұрып, дәл сызбадағыдай бөлшекті дайындап шығудың қандай машақат екенін өзі ғана біледі. Шеберлігінің арқасында берілген тапсырмаларды сапалы орындауда Абдулла Түсіпбекұлы ұжымда беделді жанға айналды, – дейді әріптесі Өмірбек Нұржанов.
Оның сөзін қоштаған Сәдуақас Софиев те Абдулла Мулақовтың кәсібіне берілгендігін алға тартты.
– Абдулла Түсіпбекұлын «Покро» шахтасындағы цехтан бері танимын. Әрбір бөлшекті өлшеп, кескендегі көлемі дәл шығады. Сызбамен сол жасалатын бөлшектің нобайын шығару деген үлкен еңбек. 5-разрядты маманның жастарға үйреткенінен әлі үйретері көп. Ұжымның ортасындағы беделі де асқақ азамат, – деді ол.
Абдулла Түсіпбекұлының еңбекқорлығы, кәсібіне деген адалдығын өзінен кейінгі жастар үлгі етіп келеді. Оның тәрбиелеген шәкірттері Талғат Тасмағанбетов, Октябрь Тиесов сынды жігіттер де өз саласында жетістікке жетіп жүр.
Мақала кейіпкерін әңгімеге тартқанымда:
– Темір ұсталығы түркі халықтарында ерекше бағаланатын кәсіптің бір түрі. Ата-бабамыз тұрмысқа қажетті жабдықтарды темір балқыту арқылы жасаудың әдіс-тәсілін ертеден-ақ меңгерген. Менің бойымдағы мұндай қасиет сол бабалардан жұққан жұрақ шығар деп бағамдаймын.
Өмірде адам еңбектен бақ табады деп жатамыз. Бұл шын мәнінде солай. Менің өмірлік қағидама айналған табысқа жету – табандылықтан деген сөзді іспен дәлелдеп келемін. 43 жылдық еңбек жолымда осы кәсіптің қырсырын меңгердім. Келешекте ізімізді басып, ісімізді жалғар жастарға үйретіп кетуді көздеймін.
Қазір негізгі жұмысымнан соң жеке ұстаханамда жұмыс істеймін. Тапсырыстар қабылдаймын. «Еңбек еткенге бақыт басын иеді» деген мақал мені әрбір шаруамның сәтті орындалуына қанаттандырады, – деді.
Бақытын сүйікті кәсібінен тапқан Абдулла Түсіпбекұлы 1990 жылы Гүлжан Әбілғазықызымен шаңырақ көтерді. Қасиет есімді қыз бен Ерлан есімді ұл тәрбиелеп, өсірді. Қазір екеуі де Астанада. Ерландары құрылыс компаниясының директоры. Асыл жары Гүлжан Әбілғазықызы медицина саласында еңбек етуде. Кеншілер әулетінен шыққан темір ұстасы Абдулла Түсіпбекұлының еңбектегі жолы беделін биік, абыройын асқақ етті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Атырауда өткен ІІІ құрылтайдағы «Адал адам, адал еңбек, адал табыс» қағидаты Абдулла Түсіпбекұлы сынды азаматтардың мамандыққа деген адалдығын, кәсіпке деген шынайы-
лығын дәріптеуге ұйытқы болмақ.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.