Халық арасында «Жақсылық та – тілден, жамандық та – тілден» деген қанатты сөз бар. Бұл – өмір шындығы. Адам қандай да іс-әрекетін, ой-пікірін, таным-түсінігін сөз арқылы жеткізе алмақ. Ал сол сөзді жеткізетін құрал – тіл.
Құқық қорғау саласында, нақтырақ айтқанда, қылмыстық, азаматтық және әкімшілік іс жүргізу барысында сот ісін жүргізу тіліне айрықша назар аударылады. Өйткені жауап алу – қаралып отырған іс жағдайлары үшін маңызды болып табылатын ауызша мәліметтерді алу түрінде көрінетін тергеу және сот амалдары.
Сот тергеуі сот отырысы залында атқарылады. Әсіресе, қылмыстық істі қарау барысында әрбір айтылған сөзге ерекше мән беріледі. Сот отырысындағы мәлім етілген дәлелдемелер, айғақтар әділ шешім қабылдауда маңызы зор. Сот тергеуі сәтіндегі айтылған әр сөздің астарында адам тағдыры жатыр. Сондықтан жәбірленуші болсын, не сотталушы болсын сотқа жауап бергенде өзі еркін білетін тілінде сөйлеуіне ерекше мән беріледі. Қажет болған жағдайда аудармашының көмегі қамтамасыз етіледі.
Елімізде мемлекеттік тіл және барлық басқа тілдер мемлекеттің қорғауында болады. Сот ісінде де тілдердің тең дәрежеде қолданылуына қажетті жағдай жасалуына ерекше мән берілуде. Іс қағаздарының қазақ тілінде жүргізілуі кең өріс табуда. Мемлекеттік тіл сот өндірісінде де негізгі қолданылатын тіл болып табылады.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2016 жылғы 22 желтоқсандағы № 13 «Сот ісін жүргізу тілі қағидатын қолданудың кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысының 6, 7-тармақтарына сәйкес, Заңнамаға сәйкес іс бойынша іс жүргiзiлiп жатқан тiлдi бiлмейтiн немесе жеткілікті деңгейде бiлмейтiн iске қатысатын адамдардың ана тiлiнде немесе өздері бiлетiн басқа тiлде мәлiмдемелер жасау, түсiнiктемелер мен айғақтар беру, сотта сөз сөйлеу құқығы қамтамасыз етіледі және қорғалады. Сот ісі жүргізіліп отырған тілді білмейтін немесе жеткілікті деңгейде білмейтін адамдарға сот ісі жүргізіліп отырған тілде сөйлеген сөздерді түсінбейтін немесе жеткілікті деңгейде түсінбейтін, өздерінің ойлары мен пікірлерін сол тілде еркін білдіре алмайтын, сондай-ақ әңгімелесу, мәтіндерді оқу кезінде, ауызша және (немесе) жазбаша түрде сұрақтарға жауап бергенде, басқа да қиындықтарға тап болатын адамдар жатады.
Процесті жүргізетін органдар сот ісін жүргізуге қатысатын адамдарға заң бойынша оларға қажетті, басқа тілде жазылған іс материалдарының аудармасын сол адамдар білетін немесе түсінетін тілдерге өтеусіз аудару және аудармашының қызметтерін тегін пайдалану құқығын қамтамасыз етуге тиіс.
Қазақстан Республикасында сот ісі мемлекеттік тілде жүргізіледі, ал қажет болған жағдайда, сот ісін жүргізуде орыс тілі немесе басқа тілдер мемлекеттік тілмен тең қолданылады. Қылмыстық істі әділ шешу үшін маңызы бар іс жүзіндегі деректер сарапшының қорытындысымен, заттай айғақтармен, іс жүргізу хаттамаларымен және өзге де құжаттармен, сондай-ақ күдіктінің, сотталушының, жәбірленушінің, куәнің көрсетулерімен анықталады.
Бұл орайда, сот ісін жүргізу тілі туралы заңнама талаптарын сақтамау процестік заңды елеулі түрде бұзу болып табылады және шығарылған сот актілерінің күшін жоюға әкеп соғады.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің «Ақпараттандыру және байланыс саласындағы қылмыстық құқық бұзушылықтар» аталған 7-тарауында ақпарат беруге қатысты бірнеше баптар қарастырылған. Солардың бірқатарын атап кетер болсақ, олардың кейбірі – «Ақпарат беруге мәжбүрлеу» (209-бап); «Көрінеу жалған ақпарат тарату» (274-бап); «Қылмысты жасырып қалу» (432-бап); «Қылмыстық құқық бұзушылықты жасыру» (433-бап); «Қылмыс туралы хабарламау» (434-бап).
Нұргүл КЕНДИРБАЕВА,
Ұлытау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы.