Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялаған болатын. Ел экономикасының өркендеуінде айрықша үлесі бар мамандық иелерін дәріптеу арқылы жас буынды еңбексүйгіштікке баулудың тетіктерін қалыптастыру керектігін де Президент тілге тиек етті.
Жеті қат жер астында жүріп, шыңыраудан кен қазған кеншінің маңдай терге малынып атқарған еңбегі әрқашан бағалы. Қазыналы өңіріміздің жер қойнауынан кен алудың барлық қиындығын еңсеріп жүрген сол кәсіп иелерінің қатарында «Батыс» кеніші № 73/75 шахтада еңбек етіп жүрген Нұржан Бегалин де бар.
Нұржан Көшербайұлы Қарақұм ауылының тумасы. Кезінде мал шаруашылығы саласынан талай еңбек озаты шыққан құтты мекенде еңбекпен ер жеткен Нұржан Бегалиннің тау-кен саласына келгеніне 17 жыл толыпты. Еңбек жолын ол әуелі тау-кен, шахта жабдықтары зауытында электр-слесарь болып бастады. Шахтаға қажетті құрал-жабдықтарды жөндеуде тәжірибесі осы кәсіпорында қалыптасты. Оның алғашқы көздегені шыңырауға түсіп, кен қазған кенші болу еді. Ол мақсатына Нұржан көп ұзамай қол жеткізді. 2007 жылы «Батыс» кенішіне ауысты. Жер астындағы жұмыс алғашқы еңбек еткен кәсіпорындағыдай жеңіл болмасын біле тұрса да тәуекелге бел буып, осы кәсіпті меңгерді.
Нұржан Көшербайұлының кәсіби тұрғыда шыңдалуына Думан Смағұлов көп ықпал етті. Кейіпкеріміз еңбек етіп жүрген телім кенді тиеу және тасу жұмыстарымен айналысады. Жандос Жаманғарин басшылық жасайтын телімнің озат еңбеккері Нұржан Бегалиннің кен тасуға арналған ауыр техниканы ұршықша иіргенін әріптестері оның еңбекқорлығынан деп біледі.
Қазақстанның Еңбек Ері, Ұлытау облысы мен Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы, кенші-бригадир Тұрсынбек Мақышев: – Бізден кейін шахтаға келген толқынның еңбекқорлығы, кәсіптің ыстығы мен суығына қатар төзуі көңілге медеу. Үңгілеуші алған кенді ысырап етпей жер бетіне шығаруда тасымалдаушылардың атқаратын рөлі айрықша. Жастайынан жалындап, көзге түскен азаматтардың ішінде Нұржан Бегалиннің бұл істе тәжірибесі толықты. Нұржан өзінің жұмыс барысын бес саусағындай меңгерген майталман. Ауыр техниканың тілін тауып, оған тиелген тонналаған кенді тасудың да өз машақаты бар. Соның барлығын да Нұржан Бегалин тәжірибесінің арқасында шеберлікпен атқарып келеді, – деді.
Аға буынның ыстық ықыласы мен қолдауына ие болған Нұржан Көшербайұлын әңгімеге тартқанымызда:
– Біздің телімде 90-ға жуық адам еңбек етуде. Ұжымның өзіне бекітілген жоспарын ай сайын толық көлемде орындап келеміз. Алынған кенді межелі жерге төтенше жағдайларсыз жеткізу біздің міндетіміз. Осында Аманжан Асқаров, Дүйсенбай Жайлаубаев, Есімхан Қозыкенов, Мұрат Молдабеков сынды азаматтармен бір сапта еңбек етіп келеміз. «Caterpilla» деп аталатын техниканы тізгіндегеніме де 17 жылға жуықтап қалыпты, – деп әңгімесін бір қайырды.
– Телім басшысы Жандос Жаманғариннің іскерлігі арқасында ұжымның мақсат-міндеті толық жүзеге асып келеді. Мен бұл кәсіпке өз жүрек қалауыммен келдім. Сондықтан әрбір жүктелген тапсырманы жауапкершілікпен атқару өзім үшін үлкен сын деп білемін. Шахтаға түсіп, бір ауысымды аман-есен атқарып шығудың өзі біз үшін бір бақыт. Жұмыстан оралғанда отбасыңмен қауышудың ерекше сезім екенін ұғынасыз.
Адам өзінің мамандығына адалдық танытып, жауапкершілікті жоғары қойса, абыройы да асқақ болады. Мен мұны ізімізден келе жатқан жастарға жиі айтамын. Өзімнің жиған тәжірибеммен бөлісуден ешқашан қашқан емеспін. Біздің де алдымызда мектеп болды. Сол мектептен алған тәлім мен тәжірибені келер буынға бағыттау парызым деп білемін, – деді Нұржан Көшербайұлы.
Иә, Нұржан Көшербайұлы да шыңырауда жүріп шыңдалды. Оған аға буынның жол нұсқауы мен өзінің осы кәсіпке деген ықыласы сеп болды. Ол бүгінде тәлімгер атанып үлгерді. Шәкірттері Ерболат Бөленов, Айбат Әбілқасым, Мағжан Қожамсейітов, Талғат Садықов кәсіби тұрғыда шыңдалған маманға айналды.
Нұржан Бегалиннің кен өндірісіне қосқан үлесі «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС басшылығы тарапынан жоғары бағаға ие болып жүр. Құрмет грамоталарын айтпағанның өзінде омырауына таққан ІІІ дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгісі оның еңбек жолындағы абыройын айқындап тұр. Өндірістің озаты атанған Нұржан Көшербайұлы зайыбы Динара Мақаева екеуі үш бала тәрбиелеп отыр. Кейіпкеріміз демалыс уақытын отбасымен тиімді өткізгенді, саяхаттағанды ұнатады.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.