Ұлы Отан соғысы жылдарында және оның қарсаңында Қазақстан әртүрлі шағын халық өкілдерінің екінші Отанына айналды. Сол кездегі саяси көзқарастың салдарынан поляктар, корейлер, немістер, шешендер мен ингуштар ата қоныстарынан үдере көшіріліп, жераударылғаны белгілі. Мәселен, КСРО Совнаркомының 1937 жылғы «Қиыр Шығыс өлкесіндегі шекара аудандарынан жергілікті халықты көшіру туралы» қаулысы шығысымен кәрістерді Қазақстанға қоныстандыру басталған болатын. Солардың арасында келген Цай әулетінің табаны қазақ жеріне тигенде біздің кейіпкеріміз Ларисаның әкесі Тимофей небәрі 11 жаста екен.
Лариса Тимофеевнаның айтуынша, атасы Василий «Дальвнешторг» басқармасында қызмет істеген көзі ашық, ширақ адам болыпты. Төртұл, екі қызымен әскерилердің қоршауында Приморье өлкесінен ағаш вагонға малша тиеліп, қазақ жеріне жеткізілген. Зат тұрмақ, құжаттарын да дұрыстап алып шығуға мұршасы келмеген. Жолда ұзақ сапардың бейнетіне шыдамай қаза болғандары қаншама. Бұлар әуелде Қызылордаға орналасыпты. Кәрістердің басын қосып, өз тілдерінде газет ашу мәселесін қозғап жүрген атасының ширақтығы басына бәле болып жабысса керек. Отыз жетінің дүрбелеңінде «халық жауы» ретінде тұтқындалып, алпысыншы жылдары ақталған. Сыктыквар лагерінде қайтыс болған деген дерегін ғана біледі бұлар.
– Осы жағдайдың әсері шығар деп ойлаймын, әкей көп ашылып, ештеңе айтпайтын. Көбінесе үндемейді, тек еңбек етуді білді. Бізді үнемі сақтандырып, бірдеңеге ұшырап кетпесін дегендей қорғаштап отыратын. Атамыз туралы да ашып айтпаған соң, бертінде білдік, – дейді Лариса Тимофеевна.
Әкесі Тимофей Васильевич Цай Қарағандының Киров атындағы шахтасында есеп-қисап бөлімінің бастығы болып, абыройлы еңбек еткен. Осыдан он екі жылдай бұрын 90 жасында өмірден өтіпті. Көмірлі қалаға көшіп келген соң 1949 жылы туған Лариса Қарағандыдағы № 82 орта мектепте оқыған. Ол кезде кадр тапшылығын жою мақсатында «педагогикалық класс» деген қысқа мерзімдік курс болатын. Орта мектептен соң осы курсты тәмамдаған Лариса Цай жолдама бойынша Жезқазған өңіріне келеді. Оқу бөлімі оны Қарсақбай орта мектебіне жібереді. «Қазақ халқының мейірімін жете түсініп, көп қамқорлық көрдім. Ол уақытта мұғалімге деген құрмет те керемет болатын» деп еске алады жастық шағын Лариса Тимофеевна. Осы өңірде ол тұрмыс құрды, бала сүйіп, шаңырағын тіктеді. Кейіннен жаңа құрылған Жезқазған облысының білім басқармасында жұмыс жасады. Сол кезеңде облононы басқарған Қабден Шыңғысұлындай білікті басшы, кемеңгер азаматтың тәрбиесін алып, қамқорлығын көп көргенін ризашылықпен еске алады. Орыстілі мен әдебиетінің мұғалімі әрі әдіскер ретінде 1975 жылы Жезқазған медициналық училищесіне жұмысқа ауысқан еді. Содан бері тапжылмай осында еңбек етті, абыройға бөленді. Лариса Тимофеевна әлі де қатардан қалмай, қырық жылдан аса ғұмырын арнаған сүйікті колледжінде педагогтық қызметімен мүмкіндігіне қарай құлшына айналысуда. Қазақстан халықтары Ассамблеясының қаладағыіс-шараларынан да сырт қалмайды. Жезқазған қалалық ардагерлер кеңесінің және аналар кеңесінің белсенді мүшесі.
– Лариса Тимофеевна жас ұрпаққа тәрбиеберуге қатысты іс-шараларымызға ықыласпен қатысып, бірлесіп ұйымдастыруға қашанда атсалысып жүреді. Оған қазақ тілін жақсы түсініп, біршама білетіндігі де мол мүмкіндік береді, – дейді қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Роза Сейілова.
Тәуелсіздік таңы қазақ халқымен бірге тағдырлас болған басқа ұлттардың жүрегіне де шуақ нұрын құйып, арман-тілектерін асқақтатты. Еліміздегі әр ұлттың мәдениетін, дәстүрін дәріптеуге оңынан жол ашылды. Кәріс этносының қаладағы қадірменді қариясы болған марқұм Владимир Елисеевич Кимнің қолға алуымен корей мәдени орталығы құрылып, сол кезеңде ниеттес жандарды мәдени іс-шараларға топтастырды. «Диндалле» аттыұлттық ансамбль өмірге келді. Лариса да осы орталықтың жұмысына атсалысып, тұңғыш рет корей тілін үйренуге бет бұрған болатын.
– Мен үнемі өткен өмірімді ойлаған сайын тағдырдың бізді қазақ халқымен табыстырғанына мың да бір шүкіршілік етемін. Қазақтан асқан кеңпейіл, мейірбан халықты көрген жоқпын. Басқа жерге тап болсақ, тура осындай бақытты, тату-тәтті өмір кешерімізге сене қоймаймын. Әке-шешеміздің айтқандары да есте. Туған-туыс, бала-шағаларымыз да ешқайда қозғалмай Ұлы Дала еліне бауыр басты. Қазақтай ақжүрек халыққа алғысымыз шексіз, – деп тебірене түйіндеді сөзін Лариса Цай.
Иә, «Бір ел – бір тағдыр» аясында бақуатты ғұмыр кешіп жатқан барша қазақстандық ұлттардың көңіл түпкірінде осы ой жатқанын біз жақсы сеземіз. «Біз қазақстандықтармыз» дегенді туған елге бауыр басқан олар шынайы тебіреніспен айтады.
Амандық РАХҰЛЫ.