Кіндік қаны Өзбекстанның топырағында тамған нәрестеге орысша есім қою оғаштау көрінеді екен.
Ежелгі Рим аңызындағы махаббат пен сұлулықтың құдайына құлдық ұрған біреу қойды ма? Егер маңайына шапақ шашып тұрғанын қалап, көк кеңістігіндегі жарық ғаламшарды мегзесе «Шолпан» деген есім сұранып тұр емес пе? Әлде 1979 жылға дейін «құпия стратегиялық нысан» ретінде жабық болған қалада қалыптасқан ортаның әсері тиді ме?
Сосын кейіпкердің өзінен сұрадым. «Кіндігімді кескен дәрігер ұнап, әкемнің қарындасы соның есімін қойыпты. Анам да қарсы болмапты» – деді Венера.
Ол Өзбекстандағы Үшқұдық қаласында жарық дүниенің есігін ашқан. Қызылқұм шөлінің бел ортасында орналасқан, әлемге әйгілі «Ялла» өнер тобы атын шығарған, Венера өмірге келерден бес жыл бұрын ғана былайғы жұртқа бетін бұрып, қақпасын айқара ашқан «құпия қала» еді.
Венера – орман шаруашылығында ұзақ жыл бас есепші болып қызмет атқарған Нажмадин Сәркеев пен ұлағатты ұстаз Есенгүл Файзиеваның отбасындағы үш баланың тұңғышы. Сабақты үздік оқыды, әке-шешесі жұмыста болғанда сіңілісі мен інісін өбектеп, бас-көз бола білді. 2002 жылы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясына «Емдеу ісі» мамандығы бойынша оқуға түсті. 2009 жылы «Жалпы тәжірибелік дәрігер» мамандығы бойынша интернатурада оқып жүргенде Жезқазған денсаулық сақтау бөлімінен шақырту алды.
– Біз оқу бітіретін жылы жан-жақтан жұмысқа шақырту келді. Академия түлектерін акт залына жинап, жиналыс жасады. Бейне-слайд арқылы қала, ауылдарды көрсетті. Неге екенін қайдам, маған Жезқазған жылы ұшырай көрінді. Сосын әке-шешеммен ақылдастым. «Осындай қала бар екен» дедім. Олар бұл қаланың бұрын облыс орталығы болғанын, менің таңдауымды құптайтынын айтты. Кейін маған «Жүрек» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сол кездегі басшысы Инна Савовна Стратулат хабарласты. Солай Жезқазғанға жолым түсті, – дейді Венера Сәркеева.
Интернатурадан кейін ол «Жүрек» медициналық мекемесінде жеті жыл отбасылық дәрігер болып істеді. Дертіне дәру іздеп келгендердің ыстық ықыласына бөленді. Отбасылық өмірлік бақытын да осы Жезқазғаннан тапты. Энерго-жөндеу мамандандырылған басқармасында телім бастығы болып істейтін Бағдат Тойшев екеуі жеке шаңырақ көтерді. Қазір қос ұлы: Асылжан – білім инновациалық лицейінде, Жасұлан № 8 гимназияда оқиды.
2016 жылы көпбейінді аурухананың инсульт орталығына инсультолог болып ауысты. Келесі жылы Қазақ медициналық университетінің Астана қаласындағы үзбей оқытатын филиалына түсіп, оны невролгия саласы бойынша ойдағыдай бітіріп алды. 2021 жылы 40 төсектік жүйке-тамыр бөлімшесінің меңгерушісі болып тағайындалды. Неврологиялық науқастарға медициналық көмек стандартына сәйкес тәулік бойы мамандандырылған және жоғарғы деңгейде жәрдем көрсетуді қолға алды.
Жүргізілетін емдеу-диагностикалық іс-шаралардың деңгейін, көлемі мен сапасын, медициналық жабдықтарды тиімді пайдалануды ұдайы назарда ұстады. Диагностика мен емдеудің жаңа әдіс-тәсілін игеруді және қолданысқа енгізу іс-шараларын айқындады. Бөлімше қызметін жоспарлау мен болжауды, мамандарды біліктілігіне сәйкес пайдалануды, зертханалық және аспаптық диагностиканың – нормативтік-әдістемелік, материалдық-техникалық құралдардың базасын жетілдіруге тәжірибесі мен біліктілігін жұмсады.
– Венера Нажмадинқызы – жауапкершілік жүгін жете сезінетін, өз кәсібін мінсіз меңгерген маман. Қайсы қызметте болмасын өзін жақсы жағынан көрсетті, тәжірибесі мол, өз мамандығы бойынша жақсы теориялық және практикалық білімі бар. Бұл өз міндетін ойдағыдай орындауға мүмкіндік береді.
Қызмет барысында жалпылық емес, нақтылық, орындаушылық, бастамашылық танытады, жұмысын ұтымды ұйымдастырады, науқастың өміріне қауіп төніп тұрған күрделі жағдайда сабыр сақтап, шұғыл шешім қабылдайды. Сырқаттармен қарым-қатынаста сыпайы және әдепті.
Күндізгі, көшпелі оқу нысандарында, дәрігерлік институттар мен факультеттерде медициналық конференцияларға, шеберлік сыныптарына, біліктілікті арттыру курстарына бару арқылы өзінің кәсіби деңгейін тұрақты арттырып отырады. Сондай-ақ, мамандығы бойынша вебинарларға қатысады, – дейді, облыстық көпбейінді аурухана басшысы Ғабиден Аханов.
Мақпал түнде зеңгір көкте төңірегіне шапағын шашқан Шолпан жұлдыздай Венера Нажмадинқызы осындай ақжелеңді абзал жан.
Әлібек ӘБДІРАШ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.