«КәсіпҚорған» кәсіподағы өз қызметінде өндіріс ошақтары мен кәсіпорындарда жұмысшылардың біліктілігін, мамандыққа деген шеберлігін шыңдау мақсатында түрлі байқаулар өткізуді жолға қойды.
Мұндай кәсіби шеберлікті арттыруға бағытталған шара Жезқазған мыс қорыту зауытында дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Зауыттағы «КәсіпҚорған» кәсіподағы комитеті 1-шілде мен 30-шілде аралығында шихта дайындау цехында түрлі мамандар арасында шеберлік байқауын ұйымдастырды. Өндіріс ошағы басшылығы мен «КәсіпҚорған» кәсіподағы Жезқазған филиалы төрағасының арнайы бекітілген ережесіне сәйкес қатысушылар теориялық, практикалық кезеңдер бойынша сыннан өтті.
Шеберлік байқауының жеңімпаздарын марапаттау барысында комитет төрағасы Ардақ Ақылбекова барша қатысушыларға алғысын білдірді. Шихта дайындау цехының басшысы Қайырбек Мархабатов кәсіподақтың ұйытқы болуымен жүзеге асқан байқауда ұжым еңбеккерлері біліктіліктерін сынап қана қоймай, еңбекке ынталануға мүмкіндік бергенін алға тартты. Шеберлік байқауына қатысқан барлық жұмысшылар кәсіподақ атынан ақшалай сыйақымен марапатталды. Еңбек ұжымы байқауды үзбей, әр алуан тақырыпта ұйымдастырып тұруға үндеу тастады. Комитет төрағасы Ардақ Ақылбекова алдағы уақытта бұл ұсыныстар ескерілетін болады деді.
Айта кетейік, аталмыш байқау мыс қорыту зауытында биыл екінші мәрте ұйымдастырылды.
Бағдат АЙТӨРЕ.