Тау-кен, металлургия және аралас өндіріс еңбеккерлерінің «КәсіпҚорған» кәсіподағы кеншілер арасында «КәсіпSKILLS» шеберлік байқауын ұйымдастырған болатын. Кенші мен байытушы мерекесі қарсаңында байқау үздіктері анықталды.
Сегіз мамандық бойынша Оңтүстік Жезқазған, Шығыс Жезқазған, «Батыс», «Жомарт», «Жыланды» кеніштерінен байқауға өтініш білдіріп, бақ сынағандардың шеберліктері жарты ай бойы сын садағына ілікті. Сыннан мүдірмегендер байқау жүлдесіне лайық деп танылды. І орын жүлдесіне 8 мамандық бойынша 8 еңбеккер иегер болды.
Атап айтқанда, «Жомарт» кенішінің шпур бұрғылаушысы Думан Досмұханбетов, Оңтүстік Жезқазған кенішінің скважина бұрғылаушысы Әліби Сағатов, Шығыс Жезқазған кенішінің Robolt техникасының бұрғылаушысы Асқар Қожамсейтов, «Батыс» кенішінің үңгілеушісі Жасұлан Бралинов, Шығыс Жезқазған кенішінің жарушысы Медет Дәулеткелді, «Жыланды» кенішінің жерасты жеткізу техникасының машинисі Марғұлан Айдарханов, шығыс Жезқазған кенішінің оқтап, жару техникасының машинисі Мадияр Бөкеш пен «Жомарт» кеніші жерасты өздігінен жүретін техникасының машинисі Бақытбек Саржанов топ жарды.
Айта кету керек, бұл шеберлік байқауы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сай, «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында «Қазақмыс» корпорациясының қолдауымен өтті.

