Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді… Өмірге ұрпақ берген аналарды қалай ардақтасақ та, сол баланы тәрбиелейтін ұстаздарды да ардақтауға міндеттіміз. Шынымен де, бізге ата-анадан кейінгі тәрбие беруші ұстаз. Ұстаздардың қадірлі екені «Ұстазыңды атаңнан да әзіз тұт» деген ата-бабаларымыздың мақалының өзінен айқын көруге болады.
Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Сондықтан да ол әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді.
Жезқазған қаласындағы жалпы орта білім беретін № 4 мектебінің директоры Жаңагүл Болатбекова қоғамның әрбір жаңалығын жылы қабылдап, «Жақсы көшбасшы әрдайым өзгерістерге дайын болу керек» екенін ескере отырып, ұжымына сенім білдіріп, мақсат-мүдделеріне ұстаздары мен білімді шәкірттерімен жеңіске ұмтылып келе жатқан мектеп басшысы білімді ұстаз деп атауға әбден лайықты.
Және де мектеп табалдырығын аттаған балаларымыздың аяулы да құрметті ұстазы жайлы сыр шерткелі отырмыз. Ұстаздың әр балаға тараған жылы сезімі бізді де баурап алған ғой. Балаларымыздың алғашқы ұстазы – Бағдат Төлеутайқызы Сайдалина қаламыздағы жалпы білім беретін № 4 мектептің бастауыш сынып мұғалімі, педагогикалық ғылымдарының магистрі. «Есімде әліппені жаттатқызып, Ең алғаш қолға қалам ұстатқаның» деп өлең жолдарында айтылғандай, Бағдат Төлеутайқызы әліппені алғаш ұстатып балаларымызға, күлімсіреп, оқушы мен ата-ананы қарсы алғаны көңілімізді қуантады.
Сол сәттен бері ардақты ұстаз бізге өте жақын жандардың біріне айналды. Айтқанын орындап, ренжітпеуге тырысамыз. Өйткені, алғашқы балаларымыздың ұстазы соған лайықты жан. Оқушыларына тек білім беріп қана қоймай, тазалыққа, ұқыптылыққа, еңбекке, елімізді сүюге, ана тілімізді құрметтеуге, тәрбиелей отырып, мектептегі іс-шараларға белсене қатысуға, ата-аналарымен бірге жұмыла жұмыс жасауға бейімдейді. Ол біз үшін ең жақсысын қалайды. Әр оқушысын өз перзентіндей көреді. Өз ісінің маманы десем де болады. Ұстазымызды бұлай мақтауымыздың себебі, ол расымен де осы мақтаулардың бәріне әбден лайықты.
2020 – 2021 оқу жылында алғаш рет орыс мектебінде қазақ сыныптары ашылғандағы, алғашқы қарлығаштары биыл 6-сынып оқушылары. Тәртіпті, тәрбиелі, білімді оқушылар мектебіміздегі барлық іс-шаралардың ұйытқысы болуда. Осындай шәкірттері бар мұғалім бақытты, біздің де балаларымыз үлкендерден үлгі алып ой, бой бастары өсіп келуде. Ұстазымыз жетекшілік ететін 2 «Ә», 6 «Ә» сынып оқушылары алтын көпір іспеттес,бірін-бірі толықтырып отыратын, аяулы мектептің, сүйікті ұстаздың алғыр шәкірттері.
«Ұстаз болу – өз уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау» Ж. Ж. Руссоның пікірімен келіспеу мүмкін емес. Ұлттың ұрпағын оқытып тәрбиелеуде ерен еңбек етудің арқасында биіктерге бағыттайтын асыл да ардақты ұстазымыз Бағдат Сайдалинаға, № 4 жалпы орта білім беретін мектеп ұжымына, мектеп басшысы Жаңагүл Болатбековаға ризашылығымызды білдіре отырып, мерекелерімен құттықтаймыз. Жас буынды білім нәрімен сусындатуға шығармашылық ізденістеріне, ғылыми жаңалықтарының көп болуына тілектеспіз.
№ 4 жалпы білім беретін мектептің
2 «Ә», 6 «Ә» сынып оқушыларының ата-аналары.

