Сержан Түсіпбеков еңбек жолын Ақадыр жол дистанциясында теміржолшылықтан бастапты. Жаңаарқаға қоныс аударғаннан кейін де негізгі мамандығынан қол үзе қойған жоқ.Осы салада еңбек етіп келе жатқанына біраз жылдар болған екен. Бала-шаға қатары өсіп келе жатқан соң қосымша табыс көзін қарастыруды да жөн көрсе керек.
Отбасында 7 баласы желкілдеп өсіп келеді. Еңбекқор азаматтың мемлекетке міндетсіп, алақан жаятын әдеті жоқ. Отбасының тірлігін өз мойнымен көтергенді дұрыс көреді. Әуелгіде үйдің жанынан көпшілікке арналған монша салды. Ішінде шағын бассейні, сусындап демалып отыратын орындары бар моншасы біраз жұртқа танымал болып, отбасының қосымша кіріс көзіне айналғанын көріп бұл істі одан әрі жалғастыруды жұбайы мен ересек балаларына жүктеп қойды. Бос кезінде қарап отыруды білмейтін, еңбекке бейімді Сержан мұнымен қарап қалмай тағы бір кәсіптің шетін шығарды. Енді қарбыз егіп көрмекке бекінді. Неден бастайтынын, қалай болатынын жан-жақты ойластыра келіп, ол аудан әкімдігіне барды. Жақын маңнан жалға алуға жер сұрады. Обалы не керек, аудан әкімі өзі бас болып кәсіп ашуға ниеттенген азаматтың бастамасына түсіністікпен қарап, қолдау білдірді. Қарбыз егетін жерге рұқсатын алған соң Сержан бірден іске кірісті.
Ол ең әуелі үйінің жанынан жылыжай пішіндес полиэтиленмен жабылған жабық орын дайындады. Сәуір айының ортасынан бастап оның ішіндегі арнаулы ұяшықтарға қарбыз дәнін отырғызды. Жабық орында өсіріп алған көшеттерін мамырдағы құралай салқыны өтісімен даладағы алқапқа әкеліп екті. Өткен жылы 2 гектар алқапқа еккен еді. Тамыз айынан бастап теңкиген-теңкиген қарбызға қарық бола бастады. Химиялық қоспасыз, таза сумен суарып баптап өсірген қарбызды жергілікті тұрғындар жақсы бағалады. Азын-аулақ табысы да болды. Бұл жағдай Сержанды бақша шаруашылығына құлшындыра түсті. Биылғы жылы қарбыз танабының аумағын 6 гектарға жеткізіпті. Айтуынша, өнімі ойдағыдай. Тамыз айының басынан саудаға шығарған көрінеді. Ескі жигулиін тепеңдетіп күн сайын тіркемесін толтырып әкелген қарбызы көп жата қоймай, жақсы өтіп жатқан көрінеді. Алдын ала есептеуі бойынша гектарынан 40 тоннадан қарбыз жинайтын түрі бар.
«Мың рет естігеннен, бір рет көрген артық» демекші, осы әңгімеден соң Сержанның қарбыз алқабын көруге бет алдық. Аудан орталығынан онша қашық емес, үш шақырымдай жерде екен. Көгендегі қозыдай боп жатқан көкала қарбыздары сонадайдан жыпырлап көз тартады. Қарбыз танабын аралап көріп келеміз. Биылғы өніміне көз тоярлықтай. Теңкиіп жатқан көкжолақ қарбыздың бір-екеуін күректей алақанымен қағып-қағып қалған Сержан да еңбегінің жемісті болғанына сүйсінген көңілмен әңгімесін жалғастыра түсті.
– Алқаптың шетінде төрт жерден скважина бұрғылап, генератор қойдым. Тамшылатып суару әдісін қолданып отырмын. Мынау танаптың әр қатарына тарам-тарам етіп тартылған полиэтилен түтіктер арқылы су беріледі. Бұл дүниелер Израиль, Иран елдерінде жасалады екен. Қолдануға қолайлы. Піскен қарбыздарды тамыз айынан бастап сатылымға шығарудамын. Аудан орталығында екі жерде сауда нүктелерім бар. Жақында «КамАЗ» жалдап, Қарағанды қаласына 20 тоннасын өткізіп келдім. Бұйыртса Жезқазғанға да апарып сатпақ ойым бар, – дейді.
Күре жолдың бойына жақын орналасқан бір сауда дүңгіршегіне ол: «Сержанның қарбызы. Жаңаарқа» деп жазып қойыпты. Осы жарнамасы оның түпкі мақсатын аңғартқандай. Бал татыған қымызымен елімізге кеңінен танылған Жаңаарқаның тағы бір бренді ретінде ол өзінің қарбызын әйгілі еткісі келеді. Жаңаарқаға да оңтүстіктен қарбыз бен қауын тиеген «КамАЗ»-дар жиі келіп жатады. Саудада біршама бәсекелестік бар. Алайда, қазірдің өзінде көпшілік жұрт: «Сержанның қарбызы көп дәмді, әрі экологиялық жағынан таза» деп жергілікті өнімді оң бағалайтынын аңғардық. Түйіндеп айтар болсақ, Сержанның қарбызының дәмін татқан да арманда, татпаған да арманда десе болады.
Осылайша, шағын жерді игеріп, шапағатқа бөленіп отырған екі азаматтың игі бастамасы мен еңбектеріне сүйсініп отырғанымда көзге мына бір ресми деректің түскені. «Жалпы аумағы 5,8 млн. гектардай егістік жері бар Белорусь өзін азық-түлікпен 90%-ға дейін қамтамасыз етіп отыр екен. Ал, Қазақстанның егіс алқабы одан 4 есе көп». Соған қарамастан азық-түлік жөнінен сырт елдерге тәуелді болып жүрміз. Астығымыз мол дегенмен, басқа техникалық дақылдар мен бау-бақша өнімдерін сырттан аламыз. Орайын тапқан жандар міне, бау-бақша шаруашылығымен айналысудың мүмкіндіктерін көрсетіп отырған жоқ па. Жанды көмек пен қолдау жасалса шағын шаруашылықты олар дамыта түсуге пейілді. Сондықтан да, осындай халыққа пайдалы кәсіп иелеріне жергілікті жерде жан-жақты көңіл бөліп, мемлекет тарапынан қолдау көрсетуді ойластыру керек.
Амандық РАХҰЛЫ.
Жаңаарқа ауданы.