Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Ұлытау облысына жасаған жұмыс сапары кезінде облыстың мәслихат депутаттары, ақсақалдары және жастарымен кездесті. Кездесулер кезінде Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың өңірде орындалу барысы, Сенат пен мәслихаттардың өзара іс-қимылының жаңа форматы және ақсақалдардың қоғамның рухани дамуы мен ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі рөлі кеңінен сөз болды.
Палата Спикері Сенат пен мәслихаттардың бірлескен жұмысының басты міндеті ел Президентінің бастамасымен қолға алынған реформалардың іске асырылуын заңнамалық деңгейде сапалы қамтамасыз ету екенін атап өтті. Мәулен Әшімбаев жергілікті өкілді органдарды осы бағытта белсенді жұмыс істеуге шақырып, өңірдегі маңызды проблемаларға назар аударды.
– Сенат пен мәслихаттардың бірлескен жұмысындағы маңызды бағыттардың бірі – өңірлердегі өзекті мәселелерді шешу. – деді ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев өз сөзінде. – Мұндай проблемалар аз емес. Олардың басым бөлігі инфрақұрылымға, әлеуметтік нысандарға, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына қатысты екені белгілі. Ұлытау облысында осындай мәселелерді шешу үшін өңірдің 2026 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ететін кешенді жоспар қабылданғанын білеміз. Еліміздің дамуын және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруды қамтамасыз ету – біздің ортақ мақсатымыз. Сондықтан Сенат өңірлердің мүддесін қорғайтын Палата ретінде мәслихаттармен өзара байланысты одан әрі нығайта береді.
Сондай-ақ Сенат Төрағасы сенаторлар мен мәслихат депутаттарының бірлескен жұмысының негізгі бағыттарына тоқталып өтті. Бұл ретте заңнамалық жұмысқа мәслихат депутаттарын тартудың маңызды екені айтылды. Сенаторлар өңірлерді дамыту мәселесін әрдайым назарда ұстап, проблемаларды жүйелі шешуге заңнамалық тұрғыдан ықпал ететін болады.
– Біз енді келгенде тек қана жалпы әңгіме айту үшін ғана келмейміз, осындай нақты мәселелерді білуге, оларды шешу үшін келеміз. Жалпы, су мәселесі және жол мәселесі. Бұлар Ұлытау үшін ең маңызды мәселелердің бірі шығар деп өзіміз пайымда потырмыз. Сол себепті мен өз тарапымнан осы сіздердің су мәселелеріне қатысты жаңадан қаржы бөлуге, келесі жылдың бюджетіне кіргізуге көмектесуге тырысайын. Жиынымыздың нақты бі рқорытындылары осы болсын
Одан әрі Сенат Төрағасы жастармен кездесті.Өскелең ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңірудің берері қашанда мол екені сөзсіз. Мәулен Әшімбаев облыстың белсенді жастарымен кездесуде осы мәселеге көңіл бөлді. Өз сөзінде Сенат Төрағасы талантты, білімді жас буын еліміздегі өзгерістердің және Әділетті Қазақстан құрудың негізгі қозғаушы күші екенін тілге тиек етті.
– Сіздердің әрқайсыңыз еңбекқорлық пен табандылықтың арқасында өз салаларыңызда айтарлықтай нәтижеге қолжеткіздіңіздер, – деді ол. – Мемлекет мақсаты айқын, патриот жастарға қолдау көрсетуді және олардың әрі қарай дамуына жағдай жасауды жалғастыра береді. Сіздердің креативті идеяларыңыз бен ұсыныстарыңыз еліміздің болашағына әсер ететіні сөзсіз. Осы жауапкершілікті әрқайсыңыз сезініп, мемлекетіміздің дамуына үлкен үлестеріңізді қосасыздар деп сенемін.
Сонымен қатар, Сенат Төрағасы жастарға Палатаның заң шығару қызметі, жас буынды мемлекеттік басқару саласына жұмылдыру және азаматтық әлеуетті жандандыру жөніндегі жұмыстары туралы айтып берді. Өз кезегінде Ұлытау жастары Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубының және Талдау мектебінің қызметіне қызығушылық білдірді. Одан бөлек, өңірге сапары аясында Мәулен Әшімбаев Абай атындағы дарынды мектеп интернатында болып, тау-кенметаллургиялық колледж ұжымымен кездесті. Сондай-ақ, ол «Ұлытау» визит-орталығының қызметімен танысып, «Жошы Хан», «Домбауыл», «Алашахан» және «Алтын шоқы» тарихи-мәдени кешендерін көріп, кесенелеріне зиярат етті.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.