Орыс саудагері Н. А. Ушаков 1847 жылы патша әкімшілігінің жергілікті жердегі басшыларына Жезқазғанда бірқатар мыс кен орындарын ашқаны жөнінде мәлімет тіркетеді. Ашылған кен орындарын тезірек қолына түсіріп, игеріп, мол байлыққа кенелгісі келеді. Жолы түсіп, 1850 жылы Қожас-Ибескі болысының басқарушысы би Бабыр Бөкенбайұлымен мәмілеге келіп, 6 кен орнын игергенге дейін жұмысты 100 күміс рубльге бағалап, жалға беру туралы келісімшартқа қол қояды.
Үлкен Жезқазғанның әдепкі тарихы осылай басталды. Шын мәнінде бұл жерде біздің жыл санауымыздан 4 мың жыл бұрын мыс, алтын, күміс өндіріліп, балқытылғанын айта кетуіміз керек. Төмендетіліп алынған есеп бойынша 1 миллион тоннада астам кен тасы шығарылған екен. Академик Қ. И. Сәтбаевтың Жезқазғанды «…қола дәуірінде әлемдік өркениеттің ірі орталықтарының бірі болды» деп жазуы негізсіз емес еді. Ғылыми дәлелге сүйеніп айтылған тұжырым.Мыс пен темір кенін өндіру түркі қағанатының, одан соң оғыздардың, қыпшақтар мен қаңлылардың табысты кәсібі болғанын тарихшылар дәлелдеп жазды. Бізге мәлім болғандай, Жошы ұлысы, Алтын Орда заманында тау-кен және металлургия өндірісі дамыды. Өлкеміздегі өндіріс тарихы осылайша жалғаса берді. Баршаға белгілі, өткен ғасырдың басында Қарсақбай мыс заводы, оның заңды жалғасы саналатын Үлкен Жезқазған одақтық ірі жоба болды. Қарсақбай заводында алғаш рет қара мыс балқымасын алған сәт ел тарихындағы, еліміздің өндірісінің тарихындағы елеулі ірі оқиға болғаны белгілі.
1928 жылдың 19 қазаны – Одақ құрамындағы Қазақстанның түсті металлургиясының жаңа кезеңінің эпопеясы басталған күн. Міне, содан беріде 95 жыл өтті, яғни Қарсақбай заводында алғашқы мыс балқымасының алынғанына 95 жыл толады. Осы уақыт аралығында талай майталман кеншілер, байытушылар мен металлургтер ерен еңбектерімен аймағымыздың тарихына есімдерін алтын әріппен жазды. Солардың қатарынан ойып орын алғандардың бірі де бірегейі – кенші Тұрғынбай Дүрментаев.
Бетпақдала. Досқана деген жер. Қазіргі Сәтбаев қаласы орналасқан аймақ. 1906 жылы осы өлке, осы топырақта көппен қатар күн кешіп жатқан кедей шаруа отбасында Дүрментаев Тұрғынбай дүниеге келеді. Бір жасқа толар-толмас шағында әкесі Дүрментай дүниеден өтіп, анасы Әденнің тәрбиесінде болады. Әден анамыз ағылшындар басқаратын шахтада сортировщик болып жұмыс істейді. Әкесінен жастай жетім қалған Тұрғынбай он үш жасынан бастап байдың малын бағады.
Кәмелеттік жасқа толысымен, ешбір мамандығы жоқ ол 1927 жылы Жезқазған кенішіне жүк тиеуші (грузчик) болып жұмысқа орналасады. Қара күш иесі Тұрғынбай кентастарын вагондарға қолмен тиейді. Атқарған жұмысына разы болған әріптестері «палуан» деп ат қояды. Саналы ғұмырын кеншілікке арнаған оның еңбек жолы осылай басталған еді. Қайратты, берілген тапсырманы тиянақты орындайтынын байқаған шахта бастығы оған: «Тұғынбай, сен нағыз кенші болғың келсе бұрғылаушы-проходчик мамандығын игер», – деп кеңес береді. Азғантай уақыт аралығында ол жерасты кен өндіру мамандықтарын (откатчик, взрывник) және барлық забой жұмыстарын игеріп алады, жоспарды артығымен орындайды. Жұмысқа берілгендігі сонша, әріптестері оған «адам-экскаватор» деген ат қояды.
Атақты қарағандылық кенші Стахановтың бір аусымда кен өндіруден жасаған рекордын жезқазғандық кенші Т. Дүрментаев артығымен орындап, рекордты жаңартады. Ерен еңбегі бағаланып, 1940 жылы КСРО-ның Жоғарғы Кеңесі Президиумының шешімімен оны «Еңбек Қызыл ту» орденімен марапаттайды.
Ел басына түскен қаралы кезең саналатын Ұлы Отан соғысы жылдары Тұрғынбай әкейдің кен өндіруде атқарған жанкешті еңбегін замандастары жыр қылып айтқандарына да, оның еңбектегі ерлігі жайлы газет беттерінде жазылғандарға да көпшілік куә.
Жезқазған кен металлургия комбинаты ерекше еңбек көрсеткіштері үшін Ұлы Отан соғысы жылдарында Мемлекеттік Қорғаныс комитеті, ВЦСПС және Түсті металлургия халық комиссариатының мәртебелі белгісі саналатын Ауыспалы «Қызыл Туды» үзіліссіз 16 рет жеңіп алған болатын және ол ту Жезқазған комбинатында мәңгілік қалдырылды. Қазір «Қазақмыс» корпорациясы мұражай-көрмесінде сақтаулы. Асқан зор күштің иесі, ел үшін еңбек етіп, тер төгуді азаматтық ұстанымы ете білген, өндірістің өкпе қысқан қиындығына мойымай, қайрат-күшін қару ете білген, «адам экскаватор» атанған кенші Тұрғынбай Дүрментаев осы алапат еңбек майданының қайнаған ортасында жүрді. Орасан зор еңбегін бағалап мемлекет оның кеудесіне «1941 – 1945 жылдары Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерен еңбегі үшін» медалін тағады. 1954 жылдың 5 мамырында Мәскеуден Тұрғынбай Дүрментаевтың «Ленин» орденімен марапатталғаны жөнінде жеткен сүйінші хабар Жезқазған жұртшылығының айрықша қуанышына айналған-ды. Қарапайым еңбек адамының Совет Одағының жоғарғы марапатына ие болуы өндіріс саласында жүрген жұмыскерлердің ұранын асқақтатты, рухын биіктетті дей аламыз.
Тұрғынбай әкемді бала кезімнен білемін. Біз Бекболат руынан тараймыз. Туысқанбыз. Ол кісі Рудниктегі «Төртінші» деп аталған елді мекенде тұрды. Зейнеткерлікке шыққанша Жезқазған кенішінде кенші болып істеді. Жезқазған қаласының төменгі жағында орналасқан 1, 2, 3-ауылдарда тұратын туысқандарына жиі келетін. Жеңгелері «палуан қайным», ал келіндері «палуан қайнаға» деп атаушы еді.
Өткен ғасырдың 40-жылдары Қарағанды қаласында кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен күрестен жарыс өтіпті. Жарысқа Жезқазғаннан палуан Тұрғынбай әкеміз барады. Осы жарыс жайлы, Тұрғынбай әкеміздің күресі жайлы әңгімені әкемнің аузынан естіген едім.
Естіген әңгімемнің ұзын-ырғасы мынадай.
Қазақстанның басқа аймақтарынан келген палуандар 3-4 күн дайындық жасайды. Жұмсалған күш пен төккен тердің қайтарымы нәрлі тамақ болатыны түсінікті ғой. Асханада берілетін тамаққа қанағаттанбаған палуандар Тұрғынбайға:
– Тұреке, біздер күрес жарысына келдік, ал мыналардың берген тамағына тоймаймыз. Сіз ауыр салмақта белдесуге шығасыз. Біздің атымыздан ұйымдастырушыларға ескертпе айтыңызшы, – деп қолқа салады.
Ақкөңіл Тұрекең жарысты ұйымдастырушылардың бастығына барып:
– Мен күресуге келдім, ал сендердің беретін тамақтарыңа тоймаймын, күреспеймін, ауылға қайтамын, – дейді. Жарыс басшысы асхананың меңгерушісін шақырып алып:
– Қандай тағамдарың бар? Мына кісінің сұрағанын беріңдер, – деп тапсырады. Асхана меңгерушісі:
– Бізде котлет, оладьи, компот және кисель бар. Қанша порция аласыз? – дейді. Тұрекең:
– Котлет, оладьи мен компоттан отыз порциядан әкел, – дейді. Айтқаны орындалады.
Кейіннен осы әңгімені тыңдағандардың бірі: «Әке, сонша тамақты бір мезгілде өзіңіз жеп-іштіңіз бе?» – деп сұрайды. Сонда аңғал, батыр әкеміз: «Иә, берген тамағын тауыстым, бірақ, әбүйір болғанда, орнымнан әрең тұрып кеттім. Содан кейін палуандардың тамағы дұрысталды», – деген екен. Қуат-күші тұлабойын кернеп тұрған, алып денесі анадайдан көзге түсетін, бітім-болмасы айрықша Тұрекеңнің бәстесе қалса, баптап пісірілген бір марқаның етін жалғыз өзі жеп кететінін ауылдың үлкендерінен естігенім бар.
Нұрмағанбет әкемнің барында Тұрғынбай әкей мен ардагер кенші Сүтен Қазамбаев біздің үйге жиі келетін, кейде қонатын. Әңгімелері мәнді, мазмұнды болатын, арасында бір-бірінен сөз дәметіп айтатын әзілдері де жарасып тұратын.
Бірде Тұрғынбай әкем маған:
– Балам, кім болып жұмыс жасайсың соны айтшы? – деді.
Мен:
– Мыс қорыту заводында ауысым шеберімін, – деп жауап бердім.
– Бәрекелді! Жұмыстарыңдағы жағдай жақсы шығар?
– Жаман емес. Жағдай мүмкіндігінше жасалған, әке. Жұмыс алдында жуынатын жерде таза киімдерімізді шешіп, жұмыс киімін киіп аламыз. Сосын электропеште концентрат балқытамыз. Ауысымды тапсырып, душқа түсіп жуынып, таза киімімізді киіп үйге қайтамыз.
– Е, сендердің замандарың жақсы ғой, ал мына біздер шахтада жұмыс істегенде әлгі сен айтып отырған душың болмайтын. Шахтадан шығып, киіміміздің шаңын қағып-қағып жіберіп, қайта киіп, үйге келіп бір-ақ жуынатынбыз.
2021 жылы Жыланды кенішінің жаңадан іске қосылған әкімшілік-сауықтыру ғимаратымен танысу кезінде Тұрғынбай әкеммен болған осы әңгіме есіме түскен еді. Шынында, Тұрғынбай әкем бел талдырып, тер төгіп жүрген кез бен бүгінгі күннің жайы жер мен көктей ғой.
2007 жылы «Қазақмыс» корпорациясында аймағымыздың айтулы азаматы Алияр Арыстанұлы Жарасбаевпен қатар қызмет атқардым. Бірде сөзден сөз өрбіп, кешегі үлкендер жайлы естелік айтып отырған сәттің бірінде:
– Алияр, сенің Жарасбай атаң палуан болған екен ғой, ертеректе бір тойда бас палуандыққа түсіп, менің Тұрғынбай әкеммен күресіпті, – деп ескі әңгіменің ұштығын шығардым. Таудай болып отырған Тұрғынбай әкемнің мысы басты ма екен, «алапат тасқын күштің иесі Тұрғынбаймен белдесемін деп майып болып жүрермін» деп қаймықты ма екен, әкеме қарсы ешкім шыға қоймапты. Сонда жағалай қаумалап отырған көптің арасынан бір кісі:
– Әй, Жарасбай, бас палуандыққа ешкім шықпай тұр ғой біздің жақтан! Бізден де ұл туған шығар, сен күрес мына Тұрғынбаймен! – дейді дауыстап. Жиналғандар дүр етіп, қолпаштай кетсе керек. Сол кезде Тұрекең ойланбастан:
– Менімен белдесуге Жарасбай түгілі әкесі Ұстабайдың өзі келсе де жығамын, – дейді. Ашуға булыққан Жарасбай атынан секіріп түсіп, беліне белбеуін асыға байлап алып, күрес алаңына беттейді. Сол жолы сенің атаң Жарасбай менің Тұрғынбай әкемді жеңіп кетіпті.
Менің айтқан әңгімемді тыңдап алған Алияр:
– Төке, осы белдесуден кейін не болғанын енді мен айтайын. Ертеңінде сіздің Тұрғынбай әкеңіз бір құнан қойды сойып, «Төртіншеде» тұратын ақсақалдарды тегіс шақырып, солардың алдында «Мен Жарасбайдан жеңілген жоқпын, әруақтан жеңілдім. Әруақтың күші басып кетті. Байқамай Ұстабай әкеміздің атын атап, әруағына тіл тигізіп алдым» деп Жарасбай атамнан кешірім сұрапты», – деп Алияр кешегі аталарымыздың түйсігінің тереңдігі мен рухтарының биіктігін байқататын тағылымды әңгімені бір түйіп тастаған еді сол жолы.
Шынында, неткен биіктік, неткен мәрттік! Қара күшімен де, дара ісімен де көптің аузына ілігіп жүрген Тұрғынбай әкеміздің кешірім сұрай білуі, Жарасбай әкеміздің кешірімді қабылдай алуы дала ғұрпында өсіп-өніп, бабалар сертінің тағылымын бойға дарыта алған ұрпақтың мінезі дерсің. Аталарымыздың осындай мінездері, тәлім-тәрбиелері, бір-біріне деген сыйластықтары қазіргі заманда жетіспей жататқанын мойындауымыз керек деп ойлаймын.
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының аяғында, Тұрғынбай әкемнің өтініші бойынша оны сол кездегі комбинат директоры В. Гурбаға алып бардым. Бастықтың қабылдау бөлмесінде бірнеше адам бар екен, хатшы келіншектің жиналыс өтіп жатқанын, күту керектігін айтқан ескертпесіне қарамай әкем кабинетке кіріп кетті. Шамалы уақыт өткенде Тұрғынбай әкемді қолтығынан ұстаған комбинат директоры кабинетінен шықты да:
– Туреке, не переживай Вашу просьбу выполним, все будет сделанно, – деп, хатшысына: «Менің көлігімді шақырт, мына ақсақалды керек жеріне жеткізсін», – деп тапсырды да қоштасып, кабинетіне қарай кетті.
Байқаймын, әкемнің көңілі көтеріңкі, жүзінде әлгі бастыққа деген ризашылық белгісі анық байқалады. Бір кезде:
– Төлеген, Гурба бастық ана бір хатшы қызына не деді? – деп сұрады.
– Әке, Гурба басшы хатшы қызға «машинаны шақырт, мына ақсақалды барамын деген жеріне апарып, қызмет қылсын» деді, – деп түсіндірдім.
Сонда Тұрғынбай әкем атағы ат үркітетін Гурба бастығына деген ризашылығын ақтара айтып:
– Гурба – жақсы адам, ә? – деді.
Арада біраз уақыт өтті. Әкеймен кездескен бір сәтте:
– Әке, сол жолы Гурба бастығыңыздан ерекше риза болып шықтыңыз. Сұраған үлкен шаруаңызды шешіп берді ме? Не сұрадыңыз? – дедім.
– Бір мәшине шөп сұрап едім. Гурба жақсы ғой, сұраған шөбімді түсіріп берді, – деді.
Осы әңгімеден кейін өз басым мынадай ой түйдім: «Гурбаның қызметіндей қызметте отырған лауазымды тұлғаның қабылдауына жеке өтініші бойынша барған адам не сұрар еді? Үй ме, мәшине ме, әлде бір мәшине шөп пе? Әлгі басшы зейнеткерді қабылдай қояр ма екен? Тұрғынбай әкем сияқты жүріп жатқан жиналысының үстіне кіріп барса, соңы не болар еді? Жиналысын тоқтатып қойып, ақсақалдың өтінішін тыңдап, шешіп беретінін айтып, қарапайым кеншіні қолтықтап, қабылдау бөлмесіне дейін шығарып салу, астындағы көлігін шақыртып, қызмет қылу қазіргілердің қолынан келе қояр ма екен? Азуын Айға білеген үлкен басшы мен қатардағы зейнеткер кеншінің арасындағы сыйластықтың үлгісі осындай-ақ болар…»
Тұрғынбай әкемізден екі бала туады. Кендебай мен Зарлық. Қазір екеуі ортамызда жоқ. Зарлығынан Марат деген немересі бар, Мараттан Расул есімді шөбересі бар, ортамызда жүріп жатыр. Тұрғынбай әкеміздің аңызға бергісіз өмірі, еңбектегі ақиқат ерліктері, жақсылықтары, кіршіксіз таза көңілі мен жайдары жаны жайлы айтылатын есті әңгімелер мен естеліктер, сондай-ақ жалғасқан ұрпағы оның ғұмырлы тұлға екенін танытса керек. Шынында, ол – аңызға айналған тұлға. Ұрпақ айта жүрер із қалдырған нағыз еңбек адамы. Аңыз кенші.
Алғашқы бесжылдықтардың екпінді кенші-стахановшысы, тыл ардагері, «Ленин», «Еңбек Қызыл ту» ордендерінің және бірнеше медальдардың иегері Тұрғынбай Дүрментаевтің есімі кеншілер қаласы атанған Сәтбаевтағы көшелердің біріне берілген. Ал Дүрментаев десе, дүр етіп көтеріліп, «ол – еңбегімен ел құрметіне бөленген адам ғой, «адам-экскаватор» атанған күш иесі ғой» дейтін жандар да баршылық. «Жақсының аты өлмейді» деген осы ғой.
Төлеген БҮКІРОВ,
Қазақстанның Құрметті металлургі.