Кеншілер шаһарында бірнеше жылдан бері суармалы су мәселесі көтеріліп келеді. Жасыратыны жоқ, жер үйдегілер ауызсумен бау-бақша егіп отыр. Енді бұл проблеманы шешуге «Қазақмыс» тікелей атсалыспақ.
Сәтбаев қаласы әкімдігінің («Сәтбаев жылумен жабдықтау кәсіпорны» ЖШС) «Қазақмыс Дистрибьюшн» ЖШС алдындағы 1,8 млрд теңге сомасында қалыптасқан берешегіне байланысты ағымдағы жылдың 12 маусымында Сәтбаев қаласына суармалы су беруді шектеу жөнінде шешім қабылданды.
Осы мәселені реттеу мақсатында «Қазақмыс Дистрибьюшн» ЖШС мен «Сәтбаев жылумен жабдықтау кәсіпорны» ЖШС арасында берешекті өтеу кестесі жасалды, алайда 18 маусымдағы жағдай бойынша борыш өтелмей, төлемдер кестесі орындалмады.
Сонымен қатар, Ұлытау өңіріндегі ауа райы жағдайларын (қалыптан тыс күннің ысуы) ескере отырып, бүгінгі күні «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басшылығының шешімі бойынша Сәтбаев қаласына суармалы суды қосу қайта жанданды.
Компания басшылығы қала әкімдігі мен «Сәтбаев жылумен жабдықтау кәсіпорны» ЖШС қысқа мерзімде «Қазақмыс Дистрибьюшн» ЖШС алдындағы берешекті өтеу бойынша жедел шаралар қабылдайтынына сенім білдіреді.
«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС баспасөз қызметі.